Кеше Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде бірқатар заң жобасы қаралды. Сонымен қатар депутаттар тиісті орындарға сауалдарын жолдады.
Жалпы отырыста қаралған алғашқы екі заң жобасы бір-бірімен байланысты. Сондықтан «Жол жүрісі туралы» заңға жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жекелеген көлік құралдарының жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов баяндама жасады.
Келесі қаралған құжат – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай бұл құжат Конституциялық соттың 2023 жылғы 6 наурыздағы №4 нормативтік қаулысын жүзеге асыру мақсатында әзірленгенін атап өтті.
«Конституциялық сот азамат Б.Қ.Аргумбаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 16-бабы 3-тармағы 6) тармақшасының Конституцияға сәйкестігі туралы өтінішін қарады. Бұл норма мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған азаматтарды 3 жыл бойы мемлекеттік қызметке қабылдауды шектейді. Бұл ретте мемлекеттік қызметке осындай тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған азаматтар өмір бойы жіберілмейді», деді ол.
Оның айтуынша, Конституциялық соттың құқықтық ұстанымына сәйкес мұндай кемшіліктерді жою үшін заң жобасында Мемлекеттік қызмет туралы заңға тиісті түзетулер енгізу көзделеді. Бұдан бөлек, заң жобасы Конституциялық соттың 2023 жылғы 14 шілдедегі № 22-НҚ нормативтік қаулысын іске асыруға бағытталған.
Жалпы отырыста көтерілген маңызды мәселенің бірі – ғылым саласын дамыту. Кейбір нормативтік-құқықтық актілерге ғылым мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеген заң жобасына қатысты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов баяндама жасады. Ол заң жобасының Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленгенін атап өтті. Басты мақсат – ғылым және білім саласындағы заңнаманы жетілдіру.
Құжаттың негізгі бағыттарына тоқталған депутат ең бірінші әрі маңызды мәселе – ғалымдар үшін жаңа үстемеақыны енгізу екенін атап өтті. «Қазіргі уақытта ғылыми зерттеу институттарында немесе университеттерде істейтін ғалымдар PhD, ғылым докторы, ғылым кандидаты сияқты ғылыми дәрежелері үшін ай сайын жалақысына қосымша үстемеақы алады. Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ақы беру ұсынылып отыр. Мысалы, PhD, ғылым кандидаты қазір ай сайынғы жалақысына аталған ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңге үстемеақы алса, енді ол қосымша доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың үстемеақы, яғни жалпы 92 мың теңгені ай сайынғы жалақысына қосымша үстемеақы ретінде алады. Ал ол ғылым докторы қазіргі уақытта 125 мың теңге үстемеақы алса, заң қабылданғаннан кейін қосымша профессор атағы үшін тағы да 60 мың теңге, сонда жалпы алғанда 185 мың теңге көлемінде жалақысының үстіне қосымша ақы алады», деді ол.
Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов халықаралық тәжірибеде кеңінен таралған «саббатикал институты» атты тағы бір қолдау тетігі ұсынылып отырғанын жеткізді. «Жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың жетекші ғалымдары үшін шығармашылық демалыс беру ұсынылады. Бұл шығармашылық демалыстың мерзімі бір жылға дейін және осы кезеңде жетекші ғалым орташа жалақы деңгейіндегі төлемдерді алып отыруына да мүмкіндік беріледі. Бұл шығармашылық демалыс ғалымдарға ғылыми, ғылыми-педагогикалық жұмыстарымен айналысуға, монографияларын, ғылыми мақалаларын шығаруға мүмкіндік береді», деді ол.
Заң жобасының екінші бағыты – әкімдіктерге ғылымды қаржыландыру құқығын беру. Заң жобасы аясында жергілікті атқарушы органдардың ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы құзыреттерін кеңейтуге қатысты маңызды жаңалық ұсынылып отыр. «Мұндай шешім өңірлерде ғылыми әлеуетті неғұрлым тиімді пайдалануға ықпал ете отырып, ғылымның дамуындағы өңірлік ерекшеліктер мен қажеттіліктерді барынша ескеруге мүмкіндік береді», дейді депутат.
Үшінші бағыт – заң жобасына «ғылыми этика» ұғымының енгізілуі. Бұл норма ғылыми зерттеулердің сапасы мен жауапкершілігін арттыруға, академиялық адалдық қағидаттарын сақтауға бағытталмақ.
«Төртіншіден, жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің ғылым саласындағы қызметін реттеу мәселесі. Бұл – үлкен мәселе. Заң бойынша 1% деңгейінде ғылымға қаражат бөлу туралы норма бар, бірақ ол норма іс жүзінде жұмыс істемейді. Жер қойнауын пайдаланушылардың көбі қаражатты ғылымға емес, басқа бағыттарға жұмсап жатыр. Ашықтық пен бәсекелестік те жоқ. Осыған орай заң жобасы аясында жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми жобаларға мемлекеттік техникалық сараптама жүргізу міндеттемелері белгіленеді және зерттеулердің мониторингі мен нәтижелерін тіркеу нормалары да ұсынылды», деді Асхат Аймағамбетов.
Депутаттар тарапынан ұсынылып отырған бесінші бағыт – ғылыми жобалардың қаражатын тиімді пайдалану. Яғни ғылыми жобалардың жетекшілеріне осы жобаға бөлінген бюджет қаражатын түрлі бап арасында икемді қайта бөлуге құзырет беру туралы норма ұсынылып отыр. «Бұл шара ғылыми міндеттерді орындаудың тиімділігін арттыруға және жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған. Мұндай қайта бөлу жобаның бастапқы белгіленген мақсаттарының өзгеруіне әкелмеуі керек. Бұл тәсіл жобаларды іске асыру үдерісінде қаржыны икемді басқаруға мүмкіндік береді», деді депутат.
Сонымен бірге заң жобасында ғылыми институттарды тікелей қаржыландыру, байқау кеңестерін құру, Эндаумент қорының қаражаты есебінен дарынды жас ғалымдарды қолдау үшін стипендия тағайындау туралы норма енгізу, әскерде борышын өтеген азаматтар үшін арнайы жеңілдіктер ұсыну секілді мәселелер қарастырылған.
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Сонымен қатар «Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасына қорытынды жасалды.
Жиында қаралған өзекті мәселе – әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін арттыру. «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарының жобалары бойынша депутат Жұлдыз Сүлейменова баяндама жасады. «Бұл заңдар барлық азаматтың, оның ішінде қоғамымыздың ең осал мүшелері саналатын әйелдер мен балалардың құқықтары және мүдделерін қорғауға, мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін жетілдіруге, қоғамдағы құқық бұзушылықтарға байланысты жауапкершілікті күшейтуге арналған. Ең бастысы, қоғам негізі – отбасындағы береке-бірлікті нығайтады», деді депутат.
«Заң үстемдігі және тәртіп қағидаты – қоғам дамуының басты бағдары болуы шарт», деген ол заң жобаларында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу, суицидті насихаттау, он алты жасқа толмаған адамдарға жыныстық қорлап тиісу және басқа да іс-әрекеттер криминализацияланғанын, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген белгілері бар адамдарға уақытша тұруға мүмкіндік беретін Отбасын қолдау орталықтарының құзыреттері нақтыланғаны, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау тәртібі реттелгенін жеткізді. Сонымен қатар 16 жасқа толмаған жеткіншектерге жыныстық қорлап тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілген. «Тәртіп бұзушыларға жауапкершілік пен жазаны күшейтумен қатар, азаматтарды қолдаудың психологиялық көмек оңалту бағдарламалары қарастырылды. Бұдан бөлек, Үкіметтің ұсынысымен депутаттардың облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың бала құқықтары жөніндегі уәкілдерінің қызметін регламенттейтін түзетулері енгізілді. Сонымен бірге депутаттар редакциялық сипаттағы түзетулер және нормаларды заң техникасына сәйкес келтіруге бағытталған, заң жобаларының мазмұнын сапалы түрде жақсартқан түзетулер енгізді», деді Жұлдыз Сүлейменова.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов түзетулер заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей бағытталғанын және оны әзірлеу барысында өте ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.
– Агрессорлар мен абьюзерлердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегіп жатыр. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатайтуды жұртшылық көптен бері талап етіп келеді. Жаңа заңда мұндай қылмыстар үшін қатаң шаралар қолданылады. Бұл – орынды. Жалпы, әйелдер мен балаларға күш көрсетуге, агрессия мен зорлық-зомбылыққа жол берілмеуге тиіс, – деді палата төрағасы.
Жиында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдап, маңызды мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарын жолдады.