Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының жобасы Тау-кен металлургиялық комбинаттың даму стратегиясының негізі болуға тиіс. Бұл туралы басқарма мүшесі, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова «Қазақстанның тау-кен саласының интвестициялық тартымдылығын арттыру» конференциясында мәлімдеді.
Елордада «Қазақстанның тау-кен палатасының» ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның тау-кен саласының интвестициялық тартымдылығын арттыру» конференциясына сала көшбасшылары, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері қатысты.
Конференция Жер қойнауы туралы жаңа кодекспен жұмыс істеуде негізгі кен өндіру компанияларының тәжірибе алмасуына, сондай-ақ Кодекске жақында ұсынылған өзгерістерді талқылауға арналды. Қатысушылар заңнаманың негізгі аспектілерін және пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және өңдеу технологияларына қатысты ұсынылып отырған келешек саясатты талқылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әл-ауқатын арттыру үшін Қазақстанның тау-кен өндірісін дамытудың маңыздылығын айтып келеді. «Қазақстанның тау-кен палатасының» көптеген мүше-компаниялары 2018 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Кодексі қабылдануымен Қазақстанның тау-кен өндіру саласына инвестиция құя бастады. Кодекс тау-кен өндіру және геологиялық барлау қызметін лицензиялау мен реттеуде ашықтық пен тиімділікті әлдеқайда арттырып отыр және Қазақстанның пайдалы қазбаларды өндіру саласында әлемдік көшбасшы болу стратегиясының негізгі элементі болып табылады.
Конференция шеңберінде пленарлық отырыс және екі панельдік сессия өтті.
Конференцияны ашқан ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев саланың инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыру үшін заңнама мен процедураларды оңайлатудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге ол инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін Кодекске енгізілетін түзетулер пакеті жайында ақпарат берді.
«Мүдделі тараптар мен тау-кен өндіру бизнесі өкілдерінің ұсыныстарын есепке ала отырып Жер қойнауы туралы кодекске енгізілгелі жатқан түзетулер пакеті инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған 100-ден астам өзгерістен тұрады. Біз Қазақстанның экономикалық дамуының іргетасы ретінде санайтын минералды-шикізат кешенін одан әрі дамытуға және нығайтуға талпынамыз», деді ведомство басшысы.
Панельдік отырыстар Қазақстанның жер қойнауына инвестиция салуға әсер ететін заңнамалық базаға, сондай-ақ инвестициялық шешімдерге әсер ететін геологиялық және экологиялық аспектілерге арналды.
Басқарма мүшесі, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова өз кезегінде жер қойнауын пайдалану секілді күрделі үрдісті жан-жақты реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізуге мемлекет тарапынан бастамашылық жасалғанын атап өтті.
«Өзгерістердің іргетасы деп елдің жер қойнауы мен табиғи ресурстарының меншік құқығы Қазақстан халқына тиесілі екенін бекітіп берген 2022 жылғы конституциялық реформаны атай аламыз. Бұл құқықты халық атынан мемлекет іске асырады. Сәйкесінше құқықтық орта осы қағида негізінде қалыптасады», деді «Атамекен» ҰКП басқарма мүшесі.
Сонымен бірге ол ТМК даму стретагиясын дайындаудың қажеттілігін атап өтті.
«Бүгінде сала стратегиясының жоқтығы салдарынан заңнама жиі өзгереді, жер қойнауын пайдаланушылардың бизнес-стратегиясында есепке алынбайтын жаңа нормативтік құқықтық актілер қабылданып жатыр. Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары жобасы Стратегияның негізі болуға тиіс. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі оны талқылауға ұсынды. «Атамекен» ұлттық палатасы оны жетілдіруге белсенді қатысып келеді», деді Гүлнар Бижанова.
Конференцияға АҚШ, Ұлыбритания және Канаданың елшілері қатысып, жаңа Кодексті дайындау, зерттеу, ынтымақтасу және реформалауды қолдады. Олар Қазақстанның инвестиция тартудағы әлеуетін барынша арттыру жөнінде пікірлері мен ұсыныстарын айтып, тұрақты және ашық сот пен салық режимі елге келетін инвесторлар мен компаниялардың сенімін арттыру үшін қажет екенін қуаттады.
Бұдан бөлек, шетелдік инвестицияларды салық базасын арттыруға көмектесетін экономикалық дамудың қозғалтқышы ретінде қарау керектігі айтылды.
«Қазақстанның тау-кен палатасы» Бақылаушы Директорлар кеңесінің мүшесі Тим Барри мырза әлемдегі мыс қорларын барлау жұмыстарының маңыздылығын және оларды өндіруші компаниялар бетпе-бет келіп отырған проблемалар туралы айтты. Ол жаңа кен орындарын ашып қана қоймай, мемлекеттік қолдау мен саясат арқылы қолайлы жағдай жасау арқылы да Қазақстанның әлемдік мыс нарығындағы маңызды ойыншы болу әлеуеті жоғары екенін атады.
«Әлемде 40 ірі, бірақ өңделмеген кен орны бар, олардың жалпы қоры шамамен 470 млн тонна деп бағаланады. Егер өңдеумен байланысты мәселелер болмағанда бұл кен орындары әлемдік сұранысты қанағаттандырар еді. Біз мыс жеткізуді арттыруымыз қажет және Қазақстан бұл тұрғыда маңызды ойыншы болып отыр. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кен орны жылына 200 000 тонна мыс өндіреді. Алайда алдағы оншақты жылда және одан кейін де әлемдік сұранысты қанағаттандыру үшін бізде жыл сайын өңделіп отыратын осындай бірнеше ірі шахта болуы керек», деді ол.
«Қазақстанның тау-кен палатасының» президенті Руслан Баймишев те жаңа ғаламдық инвесторлар келгенін атап өтті.
«Бүгінде нарықтық капиталы миллиардтаған долларды құрайтын Rio Tinto, Fortescue, Teck және BHP секілді жетекші әлемдік тау-кен өндіру компаниялары Қазақстанның пайдалы қазба байлықтарын барлауға инвестиция салып жатыр», деді Руслан Баймишев.
Сонымен бірге ол атап өткендей, «Палатаның мүше-компаниялары 25 мың шаршы шақырымнан астам ауданда геологиялық барлау жүргізіп жатыр, инвестициялардың көлемі ГИИН жұмсалатын жыл сайынғы мемлекеттік шығыстардан асып түсті және бұл сома салықтық және әлеуметтік төлемдерді қоса алғанда өсіп жатыр. Бұдан бөлек, 2 аукцион нәтижесінде жазылған бонустар 7,8 млн АҚШ долларынан асты. Қазіргі таңда профильді министрлік инвесторлардың барлық мәселесін «бір терезе» қағидасымен шешуге қауқарлы, өйткені Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты салалық бөлімшелер, т.б. байланысты ұзақ үзілістен кейін ол геологтардың, жер қойнауын пайдаланушылардың және өнеркәсіптің басын біріктірді. Яғни заңнамалық деңгейде өңдеуші өнеркәсіпті қолдау жолымен геологиялық барлаудағы инвестициялық климатты бұзу мүмкін емес, 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары жобасында көрсетілген жағымсыз салдарларды төмендету керек».
Іс-шара соңында East Star Resources бас директоры Алекс Уолкер мырза барлық қатысушыға алғысын айта келе, Президент пен министрлердің алға қойған ниеттері, сондай-ақ құқықтық базадағы өзгерістер жобасы арасында үнемі есепке алуды талап ететін алшақтықтар болғанына қарамастан, Қазақстан зерттеулер жүргізу үшін керемет орын болып табылатынын және компаниялар да, үкімет те өзгеріп отырған жүйелер жағдайында практикалық шешімдер табу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыра беруі керектігін атап өтті.
Конференцияға 160-тан астам қатысушы жиналды және тау-кен саласын дамыту стратегиясын талқылайтын, тәжірибе алмасатын алаң қалыптастырды. Конференция қатысушылары халықаралық инвесторлардың Қазақстанға қызығушылығын қолдады және тау-кен өндіру саласына инвестиция тарту және одан әрі дамыту үшін әлеуеті зор екеніне сенім білдірді.