Сарбаздардай сап түзеп, әскери әдістерге машықтанған балдырғандар әлеуметтік желі қолданушыларын таңғалдырды. Көптің қызығушылығын тудырған айрықша бөбекжай Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылындағы «Өркениет» балабақшасының тәрбиеленушілері болатын.
Ұлттық ұланның өкілдері Ұзынағашқа арнайы ат басын бұрып, көпшілікті тәнті еткен тәтті балақайларды «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысына қабылдады. Қуатты құрылымның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешев бастаған ұландықтар мен Алматы гарнизонының әскери қызметшілері, сондай-ақ жергілікті білім бөлімінің өкілдері балабақшада ерекше форматтағы іс-шара өткізді.
Іс-шараның шымылдығын ашқан Жамбыл аудандық білім бөлімінің бас әдіскері Салтанат Әденова балдырғандардың әлеуметтік желі арқылы тараған өнерін бағалап, қолдау білдіріп құттықтап келіп отырған Ұлттық ұланның басшылығына ризашылығын білдірді.
– Әлеуметтік желі деген үлкен күш болып тұр. Сол арқылы балабақшамыздың жұмысы бүгінде республикаға тарап жатыр. Он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұжым – ауданымыздағы ең ірі балабақшалардың бірі. Мұнда 200-ден аса бала тәрбиеленіп келеді. Бұл мекеменің әлеуеті өте жоғары, балдырғандарымыз облыста және ауданымызда өтетін қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып тұрады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, балаларды патриоттық рухта тәрбиелеп жатқан жұмысымызға көңіл аударған ұландықтарға рахмет, – дейді Салтанат Сәбитқызы.
«Өркениет» бөбекжай балабақшасында қонақтар балалардың ұйымдастыруымен өткен салтанатты концертті тамашалады. Балабақшаның жас өнерпаздары әскери әндерді орындап, ұлттық биден шашу шашты. Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөліміндегі «Генерал» тобының солисі Мәди Мақажанов «Адай» күйін тартса, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Фархат Кубиев бүлдіршіндермен бірге «Атамекен» әнін орындады.
Полковник Ниязтай Әлкешев бүлдіршіндерді патриоттық рухта тәрбиелеп жүрген ұжым басшысы Ақмарал Ғұмарқызына Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Халық Қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетовтің және балалардың талантына қанат бітірген балабақша тәрбиешісі Айнұр Мақсатқызына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Талапкер Әміреевтің Алғысхатын табыстады.
Осыдан кейін бөбекжай бүлдіршіндері «ТikTok» әлеуметтік желісінде тарап, жұртшылықты тамсандырған өнерлерін қонақтар назарына ұсынды. Жиын соңында «Өркениет» бөбекжай балабақшасының 50 балдырғанына «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының туы, арнайы эмблемасы мен банданы табысталды. Осылайша, алғаш рет балабақша балдырғандары «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының мүшесі атанды.
АЛМАТЫ