Нағыз тарих адам баласы пайда болған сәттен басталады. Ал оның мәні де, сәні де, тіпті нәрі де – жасампаз тұлғалар. Біздіңше, адам эволюциясында жер мен табиғат факторынан кейінгі орында тұлғалар, олардың ақыл-ойы, жасампаздығы, қайраткерлігі тұр.
Қазақ тарихы тұлғалардан кенде емес. Біз ажалды жеңген Қорқыт атамен, әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабимен, ұлы ойшылдармен қатар тұрған Ә.Бөкейханмен, жер-жаһанға Абайды танытқан М.Әуезовпен мақтанамыз. Бұлар – планетарлық құбылыс пен құндылықты туындатушылар.
Халқының, мемлекетінің тағдырына бетбұрысты өзгеріс әкелген, интеллектуалды байлығына баға жетпес олжа салған, ғасырларды аттап, қоғамдық санада аңыз адам мәртебесімен сақталған тұлғалар алдында мәңгілік қарыздар екенімізді ұрпақтан-ұрпаққа аманаттауымыз керек.
Міне, ХХ ғасырдағы тап осындай тұлғалардың қатарында кімдер бар дейтін болсақ, олардың бірегейі – Сәкен Сейфуллин. Оның Абай армандаған «Толық адам» екендігіне айғақ-дәлел көп. Бүгінде қазаққа қазақ атауын қайтарғанын ғалымдар дәлелдеді. Іс қағаздарын қазақ тіліне аударуға бас-көз болған қайраткерлігі, мемлекеттік шекарамызды анықтауға тікелей араласқаны, үкімет басшысы қызметінде отырып, партиялық тыйымға қарамастан А.Байтұрсынұлының 50 жылдық тойын ұлықтағаны барша қазаққа мәлім. Қазақ әлемінің білімпазы һәм жанашыры Ақселеу Сейдімбектің құлагер ақынға қарсы Барақбайлардың дауысы естіле бастағанда-ақ: «Сәкен жалғыз «Тау ішінде» әнімен ұлт тарихына кірген», дегенін өз құлағыммен естіген жанмын.
Руханият саласындағы Сәкеннің ізашарлығын Ғ.Мүсіреповтен асыра айтқан суреткер жоқ шығар, сірә. «Поэзия, проза, драма – осы үш жанрда, – депті Ғабаң, – Сәкен еңбек етті. Сол уақытта «бұлай болу керек, олай болу керек» дей қойған Сәкеннен басқа жазушымыз жоқ біздің. Кейін бәріміздің ой-санамыз, біліміміз толыққан сайын Сәкен бастаған шаруаны кеңейтіп, тереңдетіп әкеттік».
Қылышынан қам тамған тоталитарлық дәуірдің өзінде жаңашылдығымен, қара қылды қақ жарған әділдігімен халқының риясыз махаббатына бөленген Сәкенді тәуелсіз Қазақстанның кейбір азаматтары «большевик еді, Алашты сатты» деген сөздермен тұлғасын төмендеткісі келетіні жаныма батады.
Негізсіз жала. Колчактың түрмесінде отырғанда да, НКВД шеңгеліне ілінгенде де Сәкен ешкімді сатпаған. 70–80 жыл бойы арнайы архивте құпия сақталып келген құжаттармен танысқан маман ретінде айтарым: соңғы демі таусылғанша ұлы тұлға заңсыздыққа, зорлық пен жүгенсіздікке қарсы күресумен болды. 1937 жылы антикеңестік ұлтшыл контрреволюционер дегені үшін тергеушіге кісендеулі қолымен ұмтылған екі «халық жауы» болса, біреуі – С.Сейфуллин. Тергеу барысында әріптестері мен серіктері туралы айтылған бірен-саран қиғаш мойындауларынан соттағы соңғы сөзінде бас тартты. Жеке басқа табыну сынала бастағанда осы соңғы сөзі біраз адамды ақтауға (мәселен, жазушы Г.Серебрякованы) негіз болды.
Иә, қайраткер Сәкен социалистік құрылыс жаршысы болғаны ақиқат. Бірақ ол туған халқын шексіз сүйді. Ұлтына қызмет етуде, ұлтының болашағына алаңдауында алаштықтардан еш айырмашылығы жоқ. Мұны Алаш көсемі Ә.Бөкейхан да айтқан болатын. Мәскеу түрмесінде 1937 жылы 6 тамызда берген жауабында Қазақстанның басшылары С.Қожанов, Н.Нұрмақов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасұлы – бәрі ұлтшыл, алашордашыл деген екен. Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы С.Қожановпен аса маңызды мәселелерді ұлт мүддесі тұрғысынан шешіп отырғанын айтуы кездейсоқтық емес. Большевиктік бағыттағы Н.Төреқұловпен, Н.Нұрмақовпен тығыз байланыста болғанын жасырмаған.
Ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойғаны қызыл сұңқар Сәкеннің партия теориясы мен практикасына сын айта алғанынан көрініп тұр. Ол лениндік электрлендіру жоспары Қазақстанның ерекшелігін ескермейтінін, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру асыра сілтеумен жүзеге асқанын өлеңімен де, қара сөзімен де жеткізді. 1929–1931 жылдары көтеріліске шыққан халықты қорғауға барын салды.
Халқымыздың ардақты азаматына қатысты зерттеулер, естеліктер, құжаттар баршылық. Негізгі дені ақталғаннан кейін жарияланды. Бұларда әсірелеу, жағымпаздану, көңіл жықпастыққа салыну дерттері жоқ. Адалынан, шын көңілден жазылған дүниелер.
Уақыт шіркін тоқтаған ба? Қазақтың «тар жол, тайғақ кешуін» білмейтін ұрпақ өсіп шықты. Олардың Сәкендей тұлғаларға қатысты тарихи санасы мен танымын шатастырып алмайық. Бұған қол жеткізудің ең дұрыс та қысқа жолы – есімі мен ісін ұлықтау. Әсіресе тікелей араласумен дүниеге келген нәтижені түсіндіре алсақ, құдайдың жөні болар еді. Кейінгі жылдары мәселені шешудің тамаша тәжірибесі жинақталды. Абай облысы, Қонаев қаласы, Мағжан Жұмабаев ауданы тәрізді әкімшілік-аумақтық бірлестіктердің құрылуымен тұлғатанудың өзекті міндеті шешімін тапты. Осындай күнге жетуді Жаңаарқа ауданының тұрғындары армандайды. Бірнеше жылдан бері ардагерлер ауданға С.Сейфуллин есімін беруді түрлі деңгейде көтеріп келеді. Өте орынды бастама. Өйткені олар ауданның құрылуы, бүгінгі атауы әйгілі жерлестерінің тікелей араласуымен жүзеге асқанын жақсы біледі. Мұның сыртында 1936 жылы Сәкен есімі Семей педагогикалық институтына, Жарық темір жол бекетіне берілген еді. Тоталитарлық өктемдікпен алынып тасталды. Әділетті Қазақстан ел тұлғаларын бүгінгі және келешек ұрпаққа лайықты насихаттайды деп сенеміз.
P.S. Осынау шағын мақаланы аяқтай бергенімде үстелімде жатқан «Азалы кітаптың» 9-басылымы көзіме түсті. Мұнда Алматы мен Алматы облысы аумағында «Үлкен террор» шегінде атылғандардың тізімі берілген. Сәкеннің 1938 жылы 25 ақпанда атылғанын білетінмін. Сол күні тағы кімдер атылды деген сұраққа жауап іздесем... Жаным шошыды. Тізімнен профессорлар С.Асфендияров пен Қ.Жұбановты, Орталық атқару комитетінің төрағалары Ұ.Құлымбетовті, С.Меңдешовті, наркомдар Т.Жүргенов пен С.Есқараевты, Алаш қайраткері Т.Жаманмұрыновты, Алматы обкомы мен қаласының бірінші хатшысы Ж.Сәдуақасовты көрдім. Бір-ақ күнде айдың-күннің аманында халқымыз қара жамылған екен-ау деген ойға қалдым...
Ханкелді Әбжанов,
ҰҒА академигі