• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 01 Наурыз, 2024

Алқапты таптатпаудың амалы

127 рет
көрсетілді

Жеке шаруа қожалықтарының иелігіндегі егістік, шабындық, жайылымдық жерлерді жабайы жануарлардың, ақ бөкендердің күндіз-түні таптауы шаруалардың шығынын шаш етектен келтіріп отыр. Мұның алдын алудың жалғыз жолы – қазіргі күні базарларда ораулы күйінде сатылып жатқан, шетелден жеткізілетін ілмек сымтемірлер.

Бір орамының ұзындығы – 450 метр. Базардағы бүгінгі сатылу бағасы – 17 мың теңге. Қадалардың арақашықтығы мен биіктігін екі метрден өлшеп, гектарлаған егістік алқабын осындай ілмек сымтемірмен қоршап тастаса болғандай. Сонда төрт түліктің кез келген түрі, не жабайы жануар кермеден секіріп те, бұзып та өте алмас еді. Ілмек сымтемірдің өн бойында қаз­диып тұратын, ұзындығы сантиметрге жетеғабыл бізі жануарлардың тұмсығы мен денесіне қадалып, тосқауыл қояды. Дәл осындай тәсілмен есептейтін болсақ, бір гектар жерді қоршап шығу үшін жеті орам тор темір қажет болады екен. Сатылу бағасымен есептесеңіз –  119 мың теңге. Есептеп қарасақ, жеке шаруа қожалығы 500 гектар жерін шетелден жеткізіліп жатқан ілмек сымтемірмен айналдыра қоршауға 59 млн 500 мың теңге жұмсайды. Мұндай ірі қаржы шаруа қожалығын еріксіз қарызға батырып жатыр. Осындай ауқымды шығыннан амалсыздан бас тартқан кейбір шаруа қожалықтары өздерінің иелігіндегі жер телімдерін айналдыра ор қаздырып жүр. Мұндай орға мал құлап түсіп, шаруаларды тағы да шығынға ұшыратып отыр.

Ауыл шаруашылығы мәселелерін терең зерттеп, нақты дәлелдермен бір­неше кітап жазған журналист ретін­де айтарым, бұл түйткілдің де оңтайлы шешімін табуға болады. Әрине, шешімі – өзімізде ілмек сым­темір өндіретін зауыт салу. Бір қы­зығы, отыз жыл бойы дәл осы бағытта отандық өндіріс өрістемеген. Зауытты салу жұмысын екі ауысымда жүргізсе, үш айда толығымен аяқтауға болады. Өте күрделі емес. Ондай жағдайда бүкіл ауыл шаруашылығы жерлерін игеріп отырған мыңдаған шаруашылыққа ілмек сымтемірдің бір будасын 800 теңгеден ғана сатуға болады. Сонда ғана қожалықтар өздерінің жекеменшігіндегі жерін бір будасы 800 теңгелік отандық өніммен берік етіп бекітіп, қазіргіден 21 есе арзанға қоршап алар еді.  Мысалы, шетелдегі ілмек сымтемір өндіретін зауыттарда шығарылған бір орамның өзіндік бағасы 500 теңгеге де жет­пейді екен.

Сонымен қатар шаруалар мұндай өнімді пайдаға асыру арқылы басы артық шығыннан да құтылады. Мә­се­лен, олар айына 300 мың теңге көлемінде жалақыны күзетшіге, 400 мың теңгедей жалақыны малшыға төлеп келді ғой. Ал орамнан берік қоршау орнатқаннан кейін артық қызметші ұстаудың да қажеттілігі ша­малы. Сонымен қатар, осы ілмек сым­темірмен қоршап, содан соң сол қоршаудың өзін беске бөлсе, шаруа қожалықтары малды әр бөлікке бес күнде бір рет жаяр еді. Бес күнде жайы­лым мал тұяғымен тапталмайды, сәйкесінше шөп те жақсы өседі. Қа­зір жүз гектар мал жайылымы кезбе мал­дардың, жабайы жануарлардың тұяғы­мен күндіз-түні тоқтаусыз тапталып, тастақ жерге айналып барады. Бұл – өте қауіпті. Осылай жалғаса бер­се, бірер жылда жер құнарынан айырылады.

Ілмек сымтемірді өзімізде жасау ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалы әрі мол өндіруге жол ашады және текке шашылатын қыруар шығынның жолын бөгейді. Мәселе мемлекеттік деңгейде шешімін табуға тиіс. Мұндай ілмек сымтемір мемлекетіміздің бүкіл шекарасын берік етіп қоршауға да қажет. Шекарашыларымызға ілмек сымтемір отыз жылдан бері шетелден өте қымбат бағада сатылып әкелініп жатыр. Маман ретінде айтарым, ақбөкендердің өретін жолын бөгесе, келіп жатқан қыруар шығын да дереу тоқтайды. Ілмек сымтемірдің тосқауылынан мал ұрлығы да тыйылады. Ауылдағы үй жанындағы шағын бау-бақшаны да қоршап алғанға осы өнім түрі өте қолайлы.

Бұл орман шаруашылығына да өте қажет. Орманшылар қажетті аймақты қоршап, шығынды азайтады. Жеке шаруа қожалықтарының жер телімін бүгінгі күні көпшілік жапатармағай таласып пайдаланатын болған соң, шаруа­лар жерінің ертеңінен амалсыз күдер үзіп, ауылдан қалаға көшушілер санын көбейтіп тұр. Шетелден жетіп жатқан көп мөлшердегі ілмек сымтемірден жасырын жолмен пайда көрушілер мұндай зауытты Қазақстанда салдырмауға бейіл.

«Сен салар да мен салар, атқа жем­ді кім салар?» дегендей, ауыл шаруа­шылығындағы отыз жылдан астам уақыттан бері қордаланып қалған маңызды мәселені қысқаша баяндадым. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі талданған, зерттелген, іс жүзін­де нақты дәлелденген маңызы зор мә­селені назардан тыс қалдырмаса деген тілегіміз бар. Біздіңше, бұл тәсіл ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің тірші­лігіне серпін беріп, артық шығын­ның алдын алады.

 

Садық ЖҰМАБАЙ,

Журналистер одағының мүшесі