• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Наурыз, 2024

Некесіз жұп, жазықсыз бала

228 рет
көрсетілді

Әлеуметтануда нуклеар отбасы, аралас отбасы, толыққанды емес отбасы, моногамия, полигамия секілді түрлер бар. Алайда қазақ қоғамында киелі қара шаңырақтың, үлгілі әулеттің бәсі биік. Халқымыздың өзіне тән отбасы институты ежелден қалыптасқан, ғасырлар бойы түтіні түзу ұшып келеді. Дей тұрғанмен жаһандық үдеріспен бірге ұлттық дүниетанымға томпақтау құбылыстар да дендеп кіргені белгілі. Соның бірі – некесіз жұптар мен олардан өрбіген балалар.

Демократиялық және гуманизм құндылықтарына сай қоғамда жаңа қалыптасқан құбылыстар­ды мүлде жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан бұл – талдау мен сараптауды қажет ететін жайт. Бұл ретте біз екпінді балаларға түсірмекпіз. Басты мәселе – олар­дың болашағы. Қоғам қашанда теп-тегіс тақтайдай болмаған, үнемі кедір-бұдыры кездесіп отырады. Мәселен, кейінгі жылдары «өзім үшін бала туып алдым» дейтін әйелдердің қатары көбейгені рас. Әрине, біз ешкімді жазғыра алмаймыз. Бірақ бұл бе­лең алған жағдайдың артында бала тағдыры тұр.

«Некесіз туған балалар» де­ген атауды алғаш естігенде құ­лақ­қа түрпідей тиіп, кірпідей жиы­рылғанымыз рас. Бұл жерде кем­сітуден яки әспеттеуден аулақ­пыз. Бірақ дүйім елге бір­деңені дүңк еткізіп қойып қалуға тағы болмас. Сол үшін мұны «аза­маттық некеде дүниеге келген балалар» деп атауға болар еді. Әйт­кенмен, «азаматтық неке» – орыс­шадан сөзбе-сөз аударылған калька тіркес. Мысалы, орыста қылмыскерді де «гражданин» деп атай береді. Ал қазақы ұғымда «азамат» адамгершілігі жоғары, кісілігі мол дегенді білдіреді. Қазақ біреуге сүйсінсе, «мынау нағыз азамат» екен дейді. Сонда мұндай қасиетті сөзді қалайша белгілі бір жауапкершіліктен ал­шақтау жұптарға қия саламыз деген сұрақ туындайды. Бұған қоса қазір «заңды неке» деген де тіркес бар. Алайда неке дегеннің өзі заң және тәртіп дегенді білдіреді. Бұл діни, ресми және дәстүрлі. Олай болса, бұл ұғымды «ресми некеде тумаған балалар» деп жұмсартып атауға болар еді, бірақ бір ұғымды төрт сөзбен беру тілдің шырайын бұзып, күрделендіре түсетіні тағы бар. Сондықтан «некесіз туған балалар» деген атау орынды әрі ұғымды дәл жеткізетін сөз деп түйдік. Бұл керісінше мәдениетті түрде әлеуметтенген атау екені түсінікті болса керек.

Қазір елімізде «азаматтық» некеде тұратын жұптардың нақты көрсеткіші жоқ. Мұндай статис­тика халық санағы кезінде де жүр­гізілмейді. Бұл жағдайда демо­графтар ресми тіркелген некеден тыс туған балалардың үлесі сияқты жанама деректерді пайдаланады. Мәселен, 2019 жылғы дерек бойынша елде 71 920 бала некесіз дүниеге келген. Ал 48 863 бала некеде тұрмайтын әйелдерден туған. 2020 жылғы Статистика агенттігінің мәліметіне жүгінсек, кейінгі 10 жылда туған 3 397 652 сәбидің 682 987-сі некесіз дүниеге келген екен. Бұған қоса толық емес отбасылардың да топырлағаны байқалады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр елімізде 452 мыңнан аса отбасында бала анасымен тұрса, 68 мың отбасында бала әкесімен тұрады екен. Ал 700 мың отбасында бала әкесіз тәрбиеленіп жатыр.

БҰҰ-ның (ЮНФПА) «Ұрпақ және гендер» ұлттық зерттеуінің есебі бойынша Қазақстанда ерлер­дің 7%-дан азы және әйелдердің 8%-ы тіркелмеген некеде тұра­ды. Қарым-қатынастың бұл түрі қалалық жерлерде және дінге сен­бейтін жастар арасында жиі кез­­деседі. Сондай-ақ «ерлер ара­­сын­да тіркелмеген некеде жас­тар­дың ­(18–29 жас) үлесі – 8,5%, ал әйелдер­де ересек жастағылар (40–49 жас) 10,1% жиі кездеседі», де­лін­ген. Ал Фридрих Эберт қо­рының 2021 жылғы әлеуметтік зерт­теуіне сәй­кес Қазақстан жас­тарының тек 8%-ы ғана үйлену немесе тұр­мысқа шығу ма­ңыз­ды емес деп есеп­тейді, рес­пон­дент­тердің жарты­сынан көбі (64,6%), керісінше, бұл өмірдегі маңызды қадам емес деп санайды.

Сарапшылар бұл құбылысты бірнеше себеппен түсіндіреді. Бі­­ріншісі – демографиялық ахуал.­ Елде ерлерге қарағанда әйел адам­дардың көбеюі және басқа да факторлар бар.

Ал заңгер Думан Көпбаев бір­ге тұратын, бірақ некеде жоқ ерлі-зайыптылар ресми отбасы емес деп саналатынын айтады. Егер мұндай отбасында нәресте пайда болса, онда кейбір қиындықтар тууы мүмкін.

«Баланың туу туралы куәлігін алу үшін тұрғылықты жеріне АХАТ бөліміне некені тіркеу туралы ресми қағазды сұрайды. Оның жоқтығынан кейін ерлі-зайыптылар сәбилердің әкелігін анықтауы керек. АХАТ-қа жүгіну керек, әкесі баланы өз баласы деп танитыны және өз тегін беруге келісетіні туралы өтініш жазады. Осы ресімдерден кейін ғана туу туралы куәлік беріледі, онда ресми әкесінің аты-жөні көрсетіледі», дейді заңгер.

Заң жүзінде ер адам бұл оның баласы ма, әлде жоқ па деп күмән­данса немесе баланы мойын­да­ғы­сы келмесе, онда әйел оны сот­қа беріп, ДНҚ сараптама ар­қылы­ тануға мәжбүрлеуге құқылы еке­нін айтады. Бұл рәсім шамамен 50–150 мың теңге тұрады, ал сарап­та­ма 2–14 жұмыс күні аралығында ­анық­талады. Бірақ мұның да әділ екеніне сенбейтін азаматтар да кез­деседі.

Кез келген бала туған сәттен бас­тап аты-жөні, тегі, әкесінің атын иеленуге құқылы. Бұл ха­лық­аралық және Қазақстан заңы­мен бекітілген. Бала атын ата-ана­сының немесе олардың біреуінің келісімі бойынша алады. Балада әкесі болған жағдайда оның атына сәйкес әкесінің атын алады, оны ата-анасы сайлай алмайды. Кез келген текті алуға болмайды, тек ата-анасының біреуінікін ала­ды. Әкесі анықталмаса, онда әкесінің аты баланың әкесі ретінде жазылған адамның аты бойынша, тегі анасының немесе атасының аты ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып беріледі. Алайда қазір қоғамда әкесіне баласын мойындата алмай жүрген әйелдер аз емес.

Бұл жерде әкелік не үшін керек? Әкелік қамқорлық секілді ұғымдардан тыс ең алдымен үш қажеттілік бар. Бірінші, бала­­ның туу туралы құжаттарын алуға, екінші егер ер адам туған бала­сына көмек көрсетпесе, онда одан алимент талап етуге, үшінші егер әкесі қайтыс болса, онда бала оның мұрасын иелену мақ­сатында қажет. Сол себепті некеде тумаған баланың әкесін анықтау жүргізіледі.

Алайда сот арқылы таныл­ған әке баласынан бас тартса да, ата-ана құқығынан айырылса да алимент төлеуге міндетті. Али­мент – ата-ананың балаға деген міндеті. Туу туралы куәлікте әке­сі көрсетілмесе, онда әкелікті сот арқылы тануға болады. «Неке және отбасы туралы» кодекстің 138-бабына сәйкес ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті.

Біздің елде экономикалық жауап­кершілік көбіне-көп ер адам­ға жүктеледі. Алайда әлемнің кей­бір елдерінде некесіз туған бала­ға екі жақ бірдей жауапты бо­лады. Соның бірі – Пор­тугалия. 1999 жылы некесіз бірге тұратын жұптарға баланы бірлесіп асырап алу құқығы жүктелген.

Елімізде ресми некеде болсын, некесіз болсын, әр туған ба­ла­ның құқығы бірдей. Олар­­ды алалауға заң жүзінде жол бе­рілмейді. Экономикалық-әлеу­меттік мүмкіндіктері де бірдей, бәрі де мемлекеттен тиісті жәр­дем­ақыларын ала алады. Бірақ бала­лардың бақытты әрі алаңсыз өмір сүруі және болашағы эконо­микалық жағдаймен бітпейтіні түсінікті. Ол – ата-ананың қам­қор­лығы. Бұл ретте психолог Валерий Маридің айтуынша, бала қандай отбасында өссе де, оған бірінші кезекте ата-ананың қамқорлығы мен мейірімі қажет.

«Бірлігі жарасқан отбасын құру үшін бір-бірімен сөйлесе алатын саналы ата-ана керек. Балаға ақша мен уақыт бөліп, махаббат бере алатын болсаңыз, ата-ана болуға дайынсыз. Абзалы – баланы толық отбасында өсіру», дейді маман.

Қорыта айтқанда, мұның бәрі қоғамдық жауапкершілікке келіп тіреледі. Әрине, халқымыздың саны өскені жақсы. Демография­лық өсу ел экономикасының тірегі екені сөзсіз. Бірақ бала көңілі күпті болмаса екен дейсің...