Үкімет пен Ұлттық банк (ҰБ) инфляция деңгейін жыл аяғына дейін 6-8 пайызға дейін төмендетеміз деп жоспарлап қойған болатын. Қаңтар айында инфляция 9,5%-ға баяулады. Сонда мақсатты дәлізбен қазіргі жағдайды үш пайыздық айырмашылық бөліп тұр. Тәуелсіз сарапшылар қазіргі қарқынды сақтай алсақ, межелеген 6-8 пайыз жылдың үшінші тоқсанында қолжетімді болады дейді.
Бірақ қаңтарда елдегі айлық инфляцияның өсімі 0,8%-ды құраған. Бұл 2017–2021 жылғы қаңтардағы 0,6%-ды құраған тарихи орташа көрсеткіштен жоғары екен. Жылдық инфляцияның өсуіне жауап ретінде ҰБ базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтерді. 2022 жылы ол бес рет өзгерді және жыл соңында 16,75% болып рекордтық деңгейде белгіленді. Өткен жылдың тамыз айынан бастап реттеуші ақша-несие саясатын жұмсартуға кірісті.
Мамандардың айтуынша, дезинфляцияға, яғни оның бәсеңдеуіне жалақының өсуі, ақша массасының артуы, ұлттық валютамыздың тұрақталуы және базалық мөлшерлеменің түсуі сияқты ішкі факторлар әсер етеді. Сыртқы факторларға келсек, биыл қаңтарда Ресейдегі инфляция деңгейі 7,44%-ды сақтап қалды. ФАО деректерінде (Азық түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) азық-түлік бағасының индексі 2024 жылғы қаңтарда желтоқсандағы нақтыланған деректермен салыстырғанда 1,2 тармаққа немесе 1,0%-ға төмендегені айтылған. Бұл 2023 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 10,4%-ға төмендеуді көрсетеді. 2024 жылдың қаңтарында еуроаймақ елдеріндегі инфляция 2023 жылғы желтоқсандағы 2,9%-дан 2,8%-ға дейін төмендеді.
Applied Economics Research Centre (AERC) Қазақстандағы инфляцияға қатысты болжамын жақсартқанмен, 2024 жылдың сәуірінен бастап инфляцияның төмендеу қарқыны баяулауы мүмкін екенін айтып отыр. Соған байланысты AERC ақпан айындағы инфляция деңгейін алдыңғы шолудағы 9,10%-ға қарсы 9,04% (ж/ж) деңгейінде болжайды. Инфляцияның төмендеуі қаңтардағы нақты инфляцияның төмендігімен және ақпандағы инфляцияның шамалы жоғары бағалануымен байланысты. Айта кетейік, наурыз айынан бастап жоғары базалық әсер бұдан былай жылдық инфляция деңгейін төмендетуге айтарлықтай әсер етпейді. Сондықтан AERC инфляцияның төмендеуі наурыз айынан бастап біршама баяулайды деп күтеді.
AERC болжап отырған шама – ел Үкіметінің инфляцияға қатысты көздеп отырған межесімен қарайлас екенін байқаймыз.
Сарапшылар инфляция екі есе төмендесе де азық-түлік бағасына сондай деңгейде әсер ете алмайды дейді. Өйткені Ресейден келетін арзан тауарға тосқауыл қоя алмай отырмыз, Өзбекстан мен Қырғызстаннан жеткен тауарлар да біздің пайдаға жұмыс істеп жатқан жоқ. Ал ауылдағы ағайын инфляция деңгейін ресми орындардың мәліметіне емес, қалтасындағы қаржы мен базардағы бағаға қарап бағалайды.
AERC болжамында алдағы уақытта инфляцияның динамикасы ішкі және сыртқы экономикалық факторлардың өзара байланысы және әсерімен анықталатыны айтылған. Демек «инфляция иілді ме?» деген сұраққа жауап беру әлі ерте. Ұлттық банк бір жылдағы орташа инфляция 7,5–9,5% шегінде сақталады деп болжайды. Бұл болжамның да жоғары шегін сәуірдегі инфляция деңгейі анықтайтын болады.
Тhe Economist 22 ақпанда «Do not expect America’s interest rates to fall just yet: the risk of a second wave of inflation remains too great» деген тақырыпты айғайлатып жариялады. Оны сөзбе сөз аударсақ, «Американың пайыздық мөлшерлемелері төмендейді деп күтпеңіз: инфляцияның екінші толқынының қаупі тым жоғары». Демек азық-түлік өнімдері мен шикізат бағасы төмендеп жатқанымен, инфляцияның шарықтап кету қаупі әлі сейілген жоқ. «Инфляция өзінің шарықтау шегінен әлдеқайда төмен, бірақ жеңілген жоқ» деген пікірдің басымдау болуына осы фактор әсер етіп отыр...