• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 01 Наурыз, 2024

Заң тілі қашан жүйеленеді?

193 рет
көрсетілді

Біз егемен еліміздің кәсіби парламентаризмінің жаңа кезеңі 1995 жылдан бас­тау алады дегенді жиі айтамыз. Бұл жайында жазылған тарихи публицистика да, мемуарлық кітаптар да жетіп артылады. Өзгеріссіз қалатын тағы бір тарихи шындық бар. Ол – тәуелсіздік алған 33 жыл ішінде екі-ақ заңымыздың (Оның бірі – «Халықтың көші-қоны туралы», екіншісі – «Бала құқықтары туралы» заңдар) қазақ тілінде жазылғаны. Ал алдымен ресми тілде әзірленіп, артынан қазақшаға аударылатын қазіргі заңдардың сапасына талай жылдан бері тағылып келе жатқан сынды жұрт жақсы біледі.

Осыған орай туындайтын сұрақ көп. Бізге мемлекеттік тілді міндеттейтін заң керек пе, әлде заңның өзі мемлекеттік тілде жазылғаны маңызды ма? Отыз жылдық тәжірибесі бар Парламенттің кәсіби келбеті қандай болуы керек? Жалпы, заманауи заң тілінің басты мәселелері қандай? Неліктен осы уақытқа дейін заң жобаларын мемлекеттік тілде ұсына алмай келеміз? Сапалы, сауатты заң шығару ісіндегі ең маңызды қағидат қайсы?

Осы сұрақтарды заң жобаларының мәтінін әзірлеу, қабылданатын заңдардың сапасын арттырып, нормативтік-құқықтық актілерге сараптамалық, мазмұндық редакция жасау дейтін жауапты істің басы-қасында жүрген үш спикерге қойған едік. Олар – Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила ШАПАҚ, Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрзада ПРИМАШЕВ және Парламент Мәжілісі Редакциялау-сараптау бөлімінің меңгерушісі, фило­логия ғылымдарының кандидаты Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ.

 

Түсініксіз мәтін мен калька аударма

Үнзила ШАПАҚ:

– Қазіргі заманғы құқықтық тіл мен норма­тивтік тілдің де кәсіби ком­муникацияның кез келген саласы сияқ­ты проблемасы жетілікті. Солардың негізгісіне тоқтала кетсем. Ең алдымен, әрине, заң тілінің күрделігі мен түсінік­сіздігі. Құқықтық тіл көбіне күр­делі терминдерге, архаизмдерге және екіұш­ты құрылымдарға толы. Бұл оны арнайы білімі жоқ адамдардің түсінуін қиындатады. Екіншіден, заң тілінде формализм көп. Заңды құжаттарды жазуда айқындық пен түсінікке нұқсан келтіретін формальды аспектілерге баса назар аударылады, салдарынан мәтінді түсіну қиын. Үшіншіден, заң мәтіндерінің шамадан тыс шұбалаңқылығы мен артық сөздің көптігі. Заңды құжаттар мен мәтіндерде егжей-тегжей түсіндірулер мен қайталанулар көп, бұл құжатты түсіну, оқу, қабылдау мен олармен жұмыс істеуді қиындатады.

Тағы бір мәселе бар, ол – заң тілі жүйе­сінде бірізділіктің болмауы. Қазір әлемде әртүр­лі құқықтық жүйе қолданылып келе­ді. Сәйкесінше, елдер мен юрисдикция­ларда құқықтық мәтіндерді жазудың әртүр­лі стилі мен нормасы пайдаланылады. Бұл халықаралық ақпарат алмасуда қиын­дықтар туғызады. Заң әу баста орыс тілінде жазылғандықтан, қазақ тіліне аудару бары­сындағы калька аударма мәселесі тағы бар.

Тағы бір мәселе – цифрландыру заманында заң тілінің заманауи технологияларға бейімделудің жеткі­ліксіздігі. Уақыт көрсет­кендей, технологияның қарқынды дамуы­на байланысты құқықтық тіл кейде заманауи талаптарға және электрондық құжат­тар мен онлайн-кеңес беру сияқты коммуни­кацияның жаңа түрлеріне бейімделуде артта қалып қойды.

 

Нұрзада ПРИМАШЕВ:

– Қазақ тіліндегі ұлттық заңнама мәтінінің сапасы төмен екені баршаға аян. Бұл мүшкіл жағдай туралы тіл жанашырлары мен оның осындай күйде қала беруіне мүдделі топтар да айтып жүр. Біріншілер оның әлсіздігіне қынжылса, екіншілерге заңның сапалы болғанынан гөрі, «кемшілік» деп айыптап, айғайлап отырған ыңғайлы.

Жалпы, қазақ тілі мен шартты түрдегі заң тілінің арасында үлкен айырмашылық бар. «Заң тілі» – әлі де болса тіл мамандары тарапынан толық мақұлданбаған ұғым. Заң саласы бірінші кезекте құқықтық қатынастарды реттеуге тікелей қатысты болғандықтан, оның қоғамда алатын орны ерекше. Осыған орай қоғам мен мемлекет оған жоғары талаптар қояды. Мәселен, заңнамалық актілер әдеби тiл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасының талаптары сақтала отырып әзірленеді. Сондықтан олардың ережелерi барынша қысқа болып, нақты мағынаны және әртүрлi түсiндiруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиiс.

Бұл талаптар заң тілінің өзіндік ерекшеліктерін қамтиды. Дегенмен филолог мамандарға салсақ, заң тілі тілдің қалыпты саласы іспетті. Ал іс жүзінде заң тілінің қазақ тілінің грамматикасымен сәйкестпейтін тұстары өте көп. Басты мәселе заңнамалық актінің нысаны мен тақырыбынан басталады. Мәселен, кез келген заңнамалық актінің, бірінші нысаны, содан кейін оның реттеу нысанасын бiлдiретiн тақырыбы көрсетіледі. Егер қазақ тілінің грамматикасын басшылыққа алып, бастауыш пен баяндауышты өз орындарына қоятын болсақ, заңнамалық актінің нысаны мен тақырыбының орындарын ауыстырар едік.

Қазақ тіліндегі заң тілінің басты кем­шіліктерінің бірі – қазақ тілінің сөз байлы­ғында. Аудармалық сипатта болған соң, кей кезде заңнамалық актілердің жобаларын әзірлеу үдерісіне қаншама әдеби, ауызекі нұсқалардан нақты ұғымды ашатын сөз табылмай жатады. Мәселен, орыс тіліндегі «вдовец» ұғымының қазақ тілінде нақты баламасы жоқ болғандықтан заңнамада оның «тұл еркек», «тұл ер», «жесір», «тұл ер адам», «тұл» (ер), «жалғызбасты», «әйелі өлген» деген 7 нұсқасын кездестірдім. Олардың ешқайсысы мағынаны аша алмайтыны көрініп тұр. Заңнамадан мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Заң жобаларының орыс тілінде әзірленіп, қазақ тіліне аудару тәжірибесі шетін мәселе екені де баршаға таныс. Өкінішке қарай, әзірлеушілер аударманың өзін сапалы етуге мүдделі емес. Орыс тіліндегі мәтінді алты ай аптап, тағы бес ай баптап жататыны да құпия емес. Уақыттың тығыздығын арқау етіп, түрлі жолдармен келісілген жобаларды аудармашы мамандардың орнына (кейбір мемлекеттік органдарда ондай лауазымдар қысқартылған) компьютерлік бағдарламалар арқылы орындап, «мынау қазақ тіліндегі мәтін» деп ұсынуы күнделікті тәжірибеге айналды.

Заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік ор­ган­дардың қазақ тіліне деген теріс ұстаным­дары – заң тілін дамытпаудың басты се­бебінің бірі. Мұндай тәжірибені қолда­ныс­тағы заңнамада көрсетілген құқық­тық жауаптылық тетіктерін іске асыру ар­қылы тез арада тоқтату қажет. Бұған уәкі­летті мемлекеттік органдар мен олардың бі­рінші басшыларының саяси жігері ғана қажет.

 

Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ:

– Ең басты түйткіл – қазақша заң тілінің «аударма тілге» айналып отырғаны. Кеңес заманында қазақ тілін қоғамдық қолданыстан көпе-көрнеу шетқақпай қалғаны белгілі. Ресми тіл, кеңсе тілі, заң тілі қызметін орыс тілі атқарды. Ал тіл қолданылса ғана – ұстарады, дамиды, жетіледі. Қазақ тілінің бұл ретте адымы ашылмай, өрісі тарылып, тұсауланғаны – тарих шындығы. Сондықтан қазақ тілінің сол кезде кеңсе тілі, заң тілі ретінде дамымай қалғанын мойындамасқа болмайды.

Оның зардабы әлі күнге дейін сезіліп отыр. Тәуелсіздік алған соң тіліміз «мем­лекет­тік тіл» атанса да, лайықты тұғы­рына қонуы қиындықпен жүзеге асып келді. Ұзақ уақыт бойы фунционал­дық-практика­лық тұрғыдан жетілмей қалғандық­тан, қазақ тілін барлық салада жаппай қол­данысқа енгізу, шындығына келсек, оның аударма тілге, орыс тілінің «көлеңкесіне» айналуына ұласты. Калька-аударма белең алды.

Терминология мен оның бірізділігі қалыптасу үшін белгілі бір уақыт керек. Ал тіліміз «орыс тілі арбасының бесінші доңғалағына» айналған біздің жағдайда жаңағы айтқан уақыт тіпті созыла түсті. Сол келеңсіздік әлі жалғасып келеді. Соның нақты бір көрініс-дәлелі – осы кезге дейін қабылданған үш мыңнан астам заң арасынан бастапқы түпнұсқасы қазақ тілінде жазылған заң екеу-ақ.

Құжаттама саласының бәрінде солай. Кез келген құжат көбіне орысша жасалады, одан соң қазақшаға аударылады. Әр мекеменің аудармашысы түрліше аударуы мүмкін. Сондықтан әрине, ала-құлалық орнайды. Кейбір «қазақша» мәтіндерді түсіну үшін кейде орысша нұсқасын қарауға мәжбүр болатынымыз белгілі. Кеңсе тілі, заң тілі яки ресми қағаздар тілі саламатты лексикаға айнала алмай отырғанының басты себебі сол.

 

Маман тапшылығы мен саяси ерік-жігер

Үнзила ШАПАҚ:

– «Тіл туралы» заңның 4-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Сонымен қатар осы заңның 5-бабына сәйкес, мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қол­данылады. Осылай ресми жауап бері­ліп келе жатқанына талай жыл болды.

30 жылдың ішінде қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен заты мемле­кеттік бола ал­ма­ды. Заң жобасы орыс тілінде әзірленіп қазақ тіліне аударылатыны мәлім. Үкі­­мет­тің уәдесі бойынша биыл шамамен 4 заң жо­басы қазақ тілінде әзірленіп, таяуда Мә­жі­­ліске әкелетіндерін айтқан. Күтіп жүрміз.

Заңның қазақ тіліндегі мәтініне қатыс­ты сын-пікір халық арасында өте көп. Со­ның бірі – заң терминінің бірізділігі сақ­талмауы. Мемлекеттік тілде жазылған қол­даныстағы заңнама қате аударылып, тер­минологияның дұрыс қолданылмауы бүгін­де жаңалық емес. Қолданыстағы заң мә­тіндері орыс тілінен сөзбе-сөз немесе калька аудармамен аударылады. Заң мә­тіндері, соның ішінде заңдар мен заң жобалары барлық азаматтың түсінуі үшін нақты, дәл және қолжетімді болуы маңызды. Кейде орыс тілін қолдану осы мақсатта, әсіресе оның кең таралуы мен елдің түрлі аймағында қолданылуын ескере отырып, ыңғайлы болуы мүмкін. Дегенмен бұл мәселелер қараусыз қалып жатқан жоқ.

Президент мемлекеттік тілді дамытуға баса мән беріп отыр. Қазақ тілін қолдану аясы барлық салада кеңейіп жатқанын, қазір тіліміз дамымай жатыр деп алаңдауға ешбір негізі жоқ екенін, болашақта мемле­кет­тік тілдің тұғырын нығайта түсу үшін басқа да маңызды шаралар қабылданатынын атап өткен. Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің ахуалын төмендетуге болмайды. Қазақ тілі барша Қазақстан халқын ұйыстыратын басты құндылықтың бірі ретінде дами береді. Бұған ешқандай күмән жоқ.

 

Нұрзада ПРИМАШЕВ:

– Басты себеп – маман тапшылығы. Қазақстанда «заңгер» даярлайтын жоғары оқу орындары жетілікті. Олардың ішінде қазақ тілді маман даярлайтындары да бар. Бірақ бірде-бір оқу орны заң шығару ісіне бейімдемейді. Ал бұл іске заңгерлікпен қатар тілдік әлеуеті де бар білім алушыларды қамту қажет. Әзірге заңгерлер мен фи­лологтердің арасында заң тілі, заң шы­ғару ісінде түсіністік болмай тұр. Бола­шақ заңгерлер мен филологтерді, таби­ғатын әлі де болса көрсете алмаған бакалавр­ды жайына қалдырып, әзірге жаппай үрдіс­тегі магистрлерді даярлаудың арнайы бағдар­ламалары бойынша бірге дайындауды қолға алуды ұсынып жүргеніме 10 жылдан асты. Яғни кәсіби заң жобасын әзірлейтін мамандарды даярлау қажет. Мәселен, шетелдерде «норморайтер», «нормограф» мамандарын даярлау тәжірибесі бар.

Осы істі құрамында филология және заң факультеттері бар Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ мен М.Нәрікбаев универси­тетін­де жүргізуге толық мүмкіндік бар. Былтырдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Филологиялық сараптама» магистрлік жоғары білім бағдарла­масының қолға алуы құптарлық іс. Біршама айырмашылық болса да, осы бағдарламада мамандарды заң тілі ісіне баулуға болады. Сондықтан қазақ тілінде заң жобасын әзірлеуге әлеуетті мамандарды даярлау – кезек күттірмейтін іс.

 

Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ:

– Қазақ тілінің бір кезде қағажу көрген­дігінен мемлекеттік тілде толыққанды заң жаза алатын маман заңгерлер тәуелсіз ел болған бастапқы кезде жоқтың қасы еді. Қазақ тіліндегі салалық оқулықтар туралы да осыны айтуға болады. Төл тіліміз­дегі терминология да дұрыс, жеткілікті қалыптаспаған-тын.

Бұл іске ден қою да кешеуілдей берді. Арнаулы оқулықтар, жетілген терминология, мамандар ғана емес, саяси ерік-жігер де жетпеді. Оған қоса егемендіктің бастапқы жылдары билік пен байлық, құзырет пен қаражат негізінен өздері де, ұрпағы да орысша сөйлеп, орысша ойлайтындардың қолына өтіп кеткен кезең болды. Басты іс тетігіне ие болған «тілі орыс» мамандар қазақ тілінің уызына қанған ұлттық кадрлардан әлденеше есе көп әрі ықпалды болды. Соның инерциясы әлі жалғасып келеді.

Бүгінде мәселенің мәнісі бәріне айқын болған соң бұл түйткілді жайт биік мінберлерден айтыла бастады. Әрекет те жоқ емес тәрізді. Иә, заңды қазақша жазу керек, әлбетте. Сондай-ақ тілі таза қазақша ортада оқшау талқылау қажет. Қазір біраз заң жобалары қазақша әзірленіп жатқанға ұқсайды. Оған да шүкір.

Әрине, проблема көп. Дегенмен сең қозғалғандай көрінеді. «Ертеңнен үмітіміз бар. Ең бастысы, шешімталдық қажет, саяси ерік-жігер мен тәуекел керек, сосын тілі нағыз қазақша кәсіпқой, білікті мамандар қажет.

 

Сапалы әзірлеудің басты қағидаты

Үнзила ШАПАҚ:

– Қазіргі таңда барша мемлекет 100% сапалы және сауатты заң шығарылмайды. Әр елдің өз кемшілігі мен проб­лемасы бар. Бұл – қалыпты үрдіс. Бас­тысы, заң шығармашылық тиесілі заң талап­тарын қатаң сақтау керек. Парламент депу­тат­тарының да құқықтық сауаты да  мықты болғаны жөн.

Біріншіден, халқымыздың байырғы тарихын, мәдениеті мен салтын ескере отырып заң шығару қажет. Екіншіден, заң мәтінін­де­гі тұ­жы­рым­дамалардың анықтығы мен дәл­­дігі маңызды. Бәрі­мізге мәлім, заң белгілі топқа емес, жалпыға бағытталып жазыла­ды. Демек заңдар барлық мүдделі тарап­қа, соның ішінде азаматтарға, кәсіпкер­лерге, мем­лекеттік органдарға және заңгер­лер­ге түсінікті және дәл болуы қажет. Бұл заң­дарды түсіндіруде екіұшты ой болмауға көмектеседі.

Заң ашықтық, болжамдылық, әді­леттілік және тең құқықты қоса алған­да, құқықтық сауат қағидаттарына сәйкес келуі керек. Олар азаматтардың негіз­гі конституциялық құқықтары мен бос­тандықтарын ескеріп, жалпы, қоғамның мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.

Қоғамның нақты жағдайлары мен қажет­тіліктерін ескере отырып, заңдар тиімді және практикалық болғаны жөн. Олар­дың қолданыстағы құқықтық, эконо­микалық және әлеуметтік жағдай­ларға бейім­делуі, сондай-ақ елдің даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етуі маңызды. Заң реттеуді көздеп отырған субъектілерінің әрқайсына пайдалы болуға тиіс. Мысалы, әйелдердің құқық­тарын, балалардың қауіпсіздігін қорғайтын заң, әкенің, ананың, балалар­дың, олармен байланысқа түсетін жақын­дарының да құқығын бұзбау керек. Бір топқа бұра тартпау, өзгенің құқын таптамау – маңызды шарт.

Сонымен қатар заң жазылып жатқанда қоғаммен байланыс болуы керкк. Егер заң бойынша біржақты жұмыс істелсе, яғни қоғам тарапынан байланыс болмаса, қабылданып жатқан заңның пайдасы қанша? Заң жобаларын әзірлеу үдерісі қоғам, мүдделі тараптар және сарапшылармен кең консультацияларды қамтуы керек. Бұл заңдарды әзірлеу кезінде түрлі көзқарасты, мүдде мен қажеттілікті ескеруге ықпал етеді.

 

Нұрзада ПРИМАШЕВ:

– Жалпы, заң шығару ісінде екі тілде де олқылықтар жеткілікті. Олардың себептері де кешенді сипатта. Қазіргі көшіріп алу сипатындағы заң шығару үдерісі, дамыған 10-15 мемлекеттен басқа, барлық мемлекетке тән. Сондықтан әлемдік заңнамалық үрдісте ағылшын, француз, неміс, испан тілдеріндегі заң шығару тәжірибесі басымдық танытып отыр. Сондықтан оларды аудару, өзіне бейімдеу көп елге үлгі болмақ. Посткеңестік мемлекеттердің біразы Ресей үлгісін көшіріп жүргені рас.

Жалпы, сапалы, сауатты заң шығару үшін арнайы маман, батыл тәжірибе, сондай-ақ саяси жігер қажет. Басқаларға жалтақтамай егемен заң әзірлеуге мемлекет те, қоғам да атсалысуы керек. Қазақтілді басшылардың болуы – істің бірден-бір шарты. Оған қоса маман, түрлі анықтамалар мен сөздіктер, ғылыми және арнайы әдебиет те талап етіледі. Құқық ғылымы да тиісті дәрежеде дамуға тиіс. Мүмкін сол кезде ғана заң шығару үдерісі сапа бағытына қарай ойысар.

 

Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ:

– Қазақ тіліндегі заң терминология­ны, оны қолдану мәдениетін барынша жетілдіру, жауаптылықты арттыру қажет. Уақыт бір орында тұрмайды, заман өзгерді, адам да өзгеруге тиіс. «Іс тетігі – кадр­да» деген сөздің жаны бар. Депутаттар корпусының басым бөлігі қазақша ойлайтын, қазақша жаза алатын және кәсіпқой заңгер-мамандардан құралғаны жөн. Кәсіби Парламент заң жобасына бастамашылық ету мен әзірлеу ісінде одан басқа да мың сан шаруасы бар Президент пен министрлер кабинетінен гөрі белсендірек, өнімдірек жұмыс істеп, жауапкершілікті тікелей өз мойнына көбірек алуға тиіс.

Әрине, заң атаулының бәрі сапасыз деу әбестік болар. Дегенмен олар мейлінше сауатты, сапалы деңгейде болуы үшін асығыстыққа жол бермеген абзал. Көп елдің заң шығаратын органдарының қоржынындағы заң жобалары жылдар бойы қаралып, егжей-тегжей талқыланатыны – әдеткі нәрсе. Қолданысқа енген заңға кейде жыл өтпей жатып өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жататыны – сол мерзім қоюдың, қажетсіз асығу мен науқаншылдықтың салдары.

Заң тілі, шынымен, нағыз қазақша, жатық та кемел болуы үшін бірыңғай орысша ойлап, орысша ғана жазатын кадрларды мемлекеттік тілді жете меңгерген, кәсіби деңгейде қазақша сөйлеп, қазақша жаза алатын білікті мамандар алмастырса, нұр үстіне нұр болар еді. «Айтпасаң – сөздің атасы өледі», тәуелсіз ел атанғанымызға отыз үш жыл болды, тіпті ұят. Барлық салада, соның ішінде Парламент қана емес, заң жобасын әзірлейтін басқа да органдар – Үкімет, министрліктерде қазақшаға жетік, сауатты жаза алатын, мемлекеттік тілде сапалы құжат дайындай алатын кәсіпқой мамандарды қызметке көбірек тарту керек. Уақыт жетті. Өйткені Мәжіліске қызметке келген бір жыл ішінде көзімнің жеткені – Үкімет енгізетін заң жобалары шикі, әсіресе қазақ тіліндегі мәтіні көбіне шала, іске алғысыз болып келіп жатады.

 

ТҮЙІН. Былтыр Парламент Мәжілісіне 32 заң жобасын әзірлеу ұсынылған екен. Мемлекет басшысы 32 жобаның бесеуіне қол қойған болса, қазір 20-сы Парламенттің қарауында жатыр. Заң жобаларының түпнұсқасы қай тілде әзірленгені айтпаса да түсінікті болар. Қазақ тілін заң шығару ісінен шеттету – ана тілін менсінбеу, мойындамау дегенді білдірсе керек. Бір нәрсе анық – заң әзірлеу, ресми құжаттарды жазуға мүмкіндік берілмеген тіл ешқашан шын мәнінде мемлекеттік тіл бола алмайды.