Шотландия астанасы Глазгода жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы әлем чемпионаты аяқталды. Аталған жарыста Қазақстанның екі спортшысы өнер көрсетті. Олар – биіктікке секіруші Надежда Дубовицкая мен 60 метрге кедергілер арқылы жүгірген Давид Ефремов.
Шотландияның бас шаһарында біз Надежда Дубовицкаяға зор сенім артқан едік. Осыдан екі жыл бұрын Белградта өткен дәл осы додада ол 1 метр 98 сантиметрге секіріп, қола медаль иеленді. Сонымен қатар Азияның рекордын жаңартты. Бірақ бұл жолы Надежданың бағы жанбады. Глазгода небәрі 188 сантиметрге секірген ол 8-орынды қанағат тұтты. Бас жүлдені Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері, аустралиялық Никола Олислагерс (1,99 см) жеңіп алса, күміс және қола медальды украиналық Ярослава Магучих (1,97 см) пен словениялық Лиа Апостоловски (1,95 см) иеленді.
Келесі күні Давид Ефремов жарыс жолына шықты. Бірақ одан да қайыр болмады. Азия чемпионы деген атағы бар отандасымыз 7,64 секундтық көрсеткішпен 12-орынға тұрақтады. Кедергілер арқылы жүгіруде Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің төрт дүркін чемпионы, америкалық Грант Холлоуэй шашасына шаң жұқтырмады. Екінші және үшінші орындарды Францияның қос желаяғы – Вийем Белосян мен Джаст Квау-Мэти өзара бөлісті.