Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Қазақстан және Моңғолия театр қайраткерлері одағының мүшесі, театртанушы Тайф Тәукейұлының «Моңғолия қазақтарының театр тарихы» және «Керуен-ғұмыр» атты қос кітабы оқырманға жол тартты. Аталған туындылардың тұсаукесер рәсімі елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада болды.
Жиынға астанадағы бір шоғыр зиялы қауым қатысып, қарт авторға құттықтау сөзін арнады. Әуелгі сөзді «Отандастар қоры» КеАҚ төрағасының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қалыбек Қобландин мырза алды. Ол қордың төрағасы Абзал Сапарбекұлының ыстық сәлемі мен құттықтау сөзін жеткізді.
«Сізді «Отандастар» қоры ұжымы атынан бүгінгі оқырманға таныстырылып отырған қос кітабыңыздың тұсаукесерімен шын жүректен құттықтаймын! Моңғолия қазақтары әлем қазақтарының бір тармағы десек, Бай-Өлке аймағының ұлттық музыкалық драма театры, оның өнерпаздары заңды түрде осы елдегі қазақ өнерінің түпқазығы, негізгі мәйегі болып есептеледі. Сексеннің ішін аралаған жасыңызда ұлт руханиятының жоқшысы болып шығармашылық ізденіс сапарлар жасай жүріп, «Моңғолия қазақтарының театр тарихы» атты тарихи эссе жанрындағы көлемді энциклопедиялық еңбек жазып шықтыңыз. Алтайдың күншығысында мекен еткен аз ғана қазақтың өзін-өзі сақтап қалуы, тілі мен мәдениетін, әдебиетін, өнерін дамыту жолы – өзіндік бір тарих. Соның ішінде ұлттық театрдың қалыптасуы, оның негізін қалаушылар, әр кезеңдегі даму үдерісіне атсалысқан тұлғаларды алтын арқау еткен бұл кітаптың қазақ мәдениеті үшін маңызы зор», делінген құттықтау хатында.
«Дәуір» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Моңғолия қазақтарының театр тарихы» кітабын Моңғолиядағы қазақ өнерінің алтын дәуірінің шежіресі десе де болады. Сондай-ақ автордың Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар» қоры» мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасы – «Ұлы дала» сериясымен іріктелген он кітаптың қатарында «Керуен – ғұмыр» атты ғұмырнамалық естелік кітабы басылып шықты. Бұл кітап негізінен Моңғолияның ішкі өлкелерінде 30–50 жыл еңбек ете жүріп, ұлы көш басталғанда қызмет-лауазымына, өзге де игіліктерге қарамастан, Атажұртқа ат басын бұрған қандастардың ғұмырынан сыр шертеді.
«Тайф ақсақал 80-жылдардың ортасында құрылған «Мұрагер» фольклорлық ансамбліне жетекшілік жасай жүріп, моңғол елінің ішкі өлкелеріне қоныстанған қазақтарға ұлттық өнер мен айтыс, концертпен аралаған кезіндегі көрген-түйгенін, атажұртқа деген халықтың сағынышын жеткізіп отыр. Ол – туған өлкесінен алыс кетіп, басқа елге, жат жұртқа сіңісіп өмір сүрудің қиындығына куә болған адам. 1991 жылы Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Моңғолияның ішкі өлкелерінде қоныстанған қазақтардың тағы бір көш-керуен ғұмыры басталды. Көз көрген тағдырлы тақырыпқа барып, жазуды өзіне азаматтық парыз деп санады. Осындай еңбекті жарыққа шығару – ел үшін үлкен құнды мұра», дейді Қ.Қобландин.
Мәдени кештің модераторы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ерболат Баят бұдан кейін белгілі журналист Амантай Тойшыбай, фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшан, белгілі ақын, тарих ғылымдарының кандидаты Сұраған Рақметұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, журналист Айша Тұрмағанбетова және Өнерхан Сансызбайұлы қатарлы тұлғаларға сөз берді. Бәрі де ағынан ақтарылып, ақсақалдың еңбегін жоғары бағалады.
Тайф Тәукейұлы 1939 жылы Бай-Өлке аймағы, Цэнгэл елді мекенінде туған. Жазушы, өнер зерттеушісі, режиссер, Моңғолия өнер саласының үздік қызметкері, Баян-Өлгий аймағының құрметті азаматы, бірнеше көркем әдеби, зерттеу кітаптарының авторы, Моңғолия қазақтарының әдеби-мәдени мұрасын жинақтауда қажырлы еңбек сіңірген.
Ел «Тәй аға» деп төбесіне көтерген қарияның өнегелі ғұмыры талайға үлгі болғаны белгілі. Тәкең отбасында алты ұлдың бірі болып ержетіпті. Үлкен ағасы – Тайкен (құсбегі), Насыр, Ысқақ (композтор) және егіз іні Сұлтан мен Халифа. Сұлтан Тәукей – Моңғолияның халық жазушысы, Ұлы құрылтай мүшесі (Парламент депутаты) қатарлы жоғары лауазымдар атқарған мемлекет және қоғам қайраткері.
Ғасыр жасап келе жатқан Бай-Өлкедегі қазақ музыкалық драма театры туралы әңгіме шағын мақаланың көлеміне сыймайтыны түсінікті. Аталған еңбекте соның бәрі түгел қамтылып жазылған. Тайф ақсақалдың айтуынша, ондағы ашылған ұлттық театрдың көркеюіне атамекен Қазақ елінің де ықпалы зор болған.
«Алғашқы ұлттық театрдың ашылуына байланысты 50-жылдары Қазақстаннан Бай-Өлкеге өнер майталмандары келе бастады. Алғашқы ұлт оркестрін ұйымдастыруға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті Хабидолда Тастанов, хор-капеллаға Зоя Жараспаева, музыка аспаптарын жасауға Қамар Қасымовтар екі елдің Мәдениет министрлігінің келісімшартымен 1960 жылға дейін қызмет етіп, сол жылғы декада өткен соң, елге бір-ақ қайтты. Олардың еңбегін Моңғолия үкіметі жоғары бағалап, «Алтын жұлдыз» орденін омырауларына қадады. Тастановтан соң, Алдаберген Мырзабеков оркестрде – 4 жыл, Мәлғаждар Әубәкіров 4 жыл жұмыс істеді. Ал биге хореограф ретінде Мәпура Ахметова да бірнеше жыл бишілерді жаттықтырып қайтқан. Бұдан өзге де Бай-Өлке қазақтарының өнері мен мәдениетін өрістетуге барған кәсіби мамандар көп», дейді өнер зерттеуші ақсақал.
Бай-Өлке қазақтарының тарихында «Мұрагер» этно-фольклорлық ансамблінің орны ерекше. Мұны бір сөзбен айтқанда, Моңғолия қазақтарының мәдени меридианы деуге болады. «Мұрагер» ансамблі сондағы қазақтардың ұлттық фольклорлық өнерін сақтауға және оны дамытуға зор еңбек сіңірді. Бұл ансамбльдің негізгі идея авторы – қазақтың белгілі ақыны Кәкей Жаңжұңұлы еді. Ал жетекші қызметін Тайф Тәукейұлы атқарып, оның құрамындағы әртістерді ел аралатып, абыройын даралатты. Аты аңызға айналған ансамбльдің құрамында жүзге жуық өнерпаз өнер көрсетті.
Жиынға сол асылдардың соңғы «могикандары» қатысып, ән шырқап, жырдан шашу шашты. Әсіресе 1989 жылы Алматыда өткен халықаралық ақындар айтысына қатысқан «Мұрагер» ансамблінің мүшесі, байөлкелік арқалы айтыскер ақын Қабдыжәлел Сахарияұлы мен қостанайлық Жадыра Құтжанованың айтысын ел әлі күнге аңыз қылып айтады. Сол айтыста Бай-Өлке қазақтарының үкілі кимешек-шылауышымен келіп қатысқан ақын Егеухан Мұқамедиқызы да осы өнер-керуенінің күймесімен келген еді.
Кеште Қабаң ақын сахнадағы сыралғы қарсыласы Қазира Иланқызын шақырып, қағытпа айтыс жасады. Ал Тайф ақсақал күй шертіп, Күмісжан апай би биледі. Бұдан кейін Моңғол үстіртін әнімен тербеткен әйгілі әнші Сахи Жұмжұмақызы мен Нұртуған Тұрғынбай ән шырқағанда баяғы тыңдармандары тебіреніспен тыңдап, еріксіз көздеріне жас алды.
Осылайша, «Мұрагер» ансамблі өзінің мұрасын атажұртқа жеткізіп, өсиетнама манифест жасады.