1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң бұрынғы отаршыл империяның тағдырын Бүкілресейлік құрылтай жиналысы шешеді деген зор үміт болды. 1917 жылғы қазақ облыстық сиездері мен Бірінші жалпықазақ құрылтайы бірауыздан алда шақырылуға тиіс Бүкілресейлік құрылтайдан Ресейді федеративтік демократиялық республика деп жариялауды және қазақтың ұлттық мемлекетін құруға деген өшпес құқын мойындауды талап етті. Бірақ сол жылдың қазан (қараша) айында бәлшебектердің қылмыстық жолмен Ресей билігін басып алуы салдарынан «Алаш» партиясы жетекшілері Құрылтайдың шақырылуын тоспай-ақ ұлттық мемлекеттің шаңырағын қайта тікті.
Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» зиялыларының үлкен тобы Ақпан төңкерісін Бірінші дүниежүзі соғысының Минскі іргесіндегі тылында қарсы алды. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Нәзір Төреқұлұлы, т.б. қол қойып, Минскіден Дала мен Түркістан өлкелерінде тұратын 25 алаш азаматына 16 наурыз күні жолдаған жеделхатта былай делінді:
«Русиядағы барша халыққа ағайындық, теңдік, бостандық күні туды. Жаңа құрылған хүкімет дүкенін сүйеу үшін қазаққа ұйымдасу керек... Ушредительное собрание сайлауына қазақ болып қамдану керек. Жарамды, жақсы адамдарын ауызға ала беру керек. Енді араздық, өштік, дау, жанжал, талас, партиялық сиыспауларды тастау керек. Көксерлік жұмыстарың – бірлік, әділдік болсын! Жер мәселесін де қозғап, тезірек қолға ала беріңдер. Біз қалайтын патшалық түрі – демократишеская республика, яғни мал өсіріп, егін салып, жерге ие боларлық түрі. Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаңдар!»
Бүкілресейлік құрылтай сайлауына дайындық маңызды екі себеппен 9 айға созылды. Оның бірі – Ресейдің жаңа Уақытша үкіметіне саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық сынды аса күрделі де өзекті мәселелерді қарама-қарсы шешуге тура келді. Оған халықтың жаппай сауатсыздығы (¾), сайлауға қажетті құқықтық және техникалық құрал-жабдық пен тиісілі мекемелердің жоқтығы, биліктің тұрақсыздығы, одан да зоры – 4 жылға созылған дүниежүзілік соғыс және тағысын тағы себептер тежеу болды.
Екінші себеп. Уақытша үкімет ең үздік және мейлінше жетілген сайлау заңын (ережесін) жасауға тырысты. 25 наурызда Құрылтай депутаттарын сайлау ережесін жасайтын Ерекше мәжіліс жасақтау туралы шешім қабылданды. Ерекше мәжіліс 1917 жылдың 25 мамырында жұмысқа кірісті. Оның құрамында 82 мүшесі болды. Мәжіліс мүшелерінің қатарына қазақтан 2 кәсіби заңгер шақырылды. Олар – Жаһанша Досмұхамедұлы мен Уәлитхан Танашұлы еді. Болашақ Алаш Орда үкіметінің комиссары Жаһанша 1910 жылы Мәскеу университетінің заң факультетін, Алаш Орданың тағы бір мүшесі Уәлитхан – Қазан университетінің заң факультетін 1912 жылы тәмамдаған еді.
Құрылтай депутатын сайлау заңының жобасын жасау 1917 жылдың тамызында аяқталды. Нәтижесінде, әлемдегі ең үздік сайлау заңы дүниеге келді. Жалпыға ортақ, баршаның құқы тең, құпия түрде тікелей дауыс беретін сайлау болды.
Қабылданған сайлау ережесі Батыс Еуропа мен АҚШ-тың сайлау заңнамаларының дамуынан айтарлықтай озық болып шықты. Атап айтқанда, Ресей тарихында әйел баласы мен әскери қызметкерлер тұңғыш рет сайлау құқына ие болды, 20-ға толған азаматтарға сайлау құқы берілді (Англия, Италия, АҚШ, Франсияда 21-ге толғандар, Бельгия, Германия, Голландия, Испанияда – 25-ке толғандар).
Оған қоса Құрылтай сайлауының ережесі дүние-мүлкінің бар-жоқтығына, сауаттылығына, дініне, ұлтына және жартылай көшпелі халге жеткен қазақ халқы үшін маңызды мәселе – көшпелі не отырықшы тұрмысына деген шектеу жойылды. Сайлау еркін, әділ және баламалы болып бекітілді.
Міне, осы заңмен Құрылтай сайлауы алғашқыда қыркүйек айына белгіленді. Алайда кезекті үшінші үкімет дағдарысы салдарынан Уақытша үкімет сайлауды 12 (25) қарашада өткізу, ал Құрылтайды 28 қарашаға (11 желтоқсанға) шақыру туралы қаулы қабылдады.
Құрылтай сайлауы науқаны кезінде сайлау заңын 1917 жылдың 25 қазанында (7 қараша) қарулы бүлікпен Уақытша үкіметті құлатып, Петроградтағы орталық билікті басып алған кеңес өкіметінің атасы, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы В.И.Лениннің өзі өркескел бұзды. Ол өзін Құрылтай депутаттығына бәлшебектік РСДЖП партиясынан ұсынылған үміткерлердің Петроград, Петроград гүбернесі, Уфа, Балтық теңіз флоты және Солтүстік майданның және Мәскеудің сайлау аймақтары, яғни 6 сайлау аймағы тізіміне қосты. Осылайша, «дүние жүзі жұмысшыларының көсемі» В.И.Ленин 5 сайлау аймағынан дауысқа түсу қарастырылған сайлау заңын аяққа таптады.
Оған қоса бәлшебектер өкіметі азаматтардың құқын заң жүзінде шектеу (баспасөз туралы декрет, яғни цензура), мерзімді басылымдарды жаппай жабу, газет таратушыларды тұтқындау, оппозициялық баспаханаларды жою арқылы сайлаушыларға қысым көрсетумен болды. Қарулы әскерді жұмсап, сайлаушыларды бәлшебек партиясының тізімдеріне дауысқа беруге күштеген жайттар да кең қолданды.
Осы сияқты келеңсіз жайттармен қатар жергілікті сайлау комиссияларына қағаз, қаламсап, кілегей және т.б. қажетті қарапайым құралдардың жетіспеуі де депутаттар тізімін жасауға айтарлықтай тежеу болды. Соның салдарынан бірқатар сайлау аймағында, оның ішінде Ақмола мен Семей облыстарын біріктірген Дала аймағындағы сайлау өтпей қалды немесе 12-14 қарашадан желтоқсанның 26-30-ына ысырылды.
Осылайша, әлемдегі ең үздік саналған Ресейдің сайлау заңы сайлау үрдісін шиеленістіріп, сайлаушылардың тым селқос дауыс беруіне зор ықпал етті.
Жалпы алғанда Құрылтай сайлауы 3 айға дейін созылды. Бірқатар сайлау аймағында, мысалы Дала аймағында (Ақмола және Семей облыстары) сайлау 1917 жылдың 26-30 желтоқсаннан (1918 жылдың 11-13 қаңтары) тағы да 1918 жылдың ақпан айына ысырылды. Ал Құрылтай жиналысы 1918 жылдың 5 қаңтарынан 6 қаңтарға қараған түні кеңес өкіметі күштеп таратып үлгерген еді.
1917 жылғы 16 наурызда Минскіден жолдаған жеделхатта айтылғандай, Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» зиялылары мен қазақ халқы Бүкілресейлік құрылтай сайлауына тиянақты дайындалды. Сәуір айынан 1918 жылдың қаңтар айына дейін дерлік жалғасқан қазақ облыстық және 1917 жылдың 21-26 шілдесінде өткен Бірінші Жалпыұлттық құрылтай бірауыздан алда шақырылатын Бүкілресейлік құрылтайға Ресейді демократиялық федеративтік республика деп жарияласын деген жолдау қабылдады. Кешегі Ресей империясының отары болған бүкіл басқа халықпен қатар қазақ халқы мен ұлт көсемдері де Бүкілресей құрылтайы қазақтың өзін-өзі билеуге деген өшпес құқын мойындап, ұлттық мемлекеттігінің туын қайта көтеруіне ақ батасын береді деген зор үміт артты. «Алаш» партиясынан Құрылтайға сайланған біздерге, – деп мәлімдеді аталған партияның атасы әрі саяси жетекшісі Әлихан Бөкейхан, – Қазақ аутономиясын жариялауға қол жеткізу міндеті жүктелді. Аутономия үшін күрес басқа ұлттық облыстарда да басталды. Біздің «Алаш» партиямыз өзге ұлттық партиялармен (Татарстан, Башқұрстан және т.б.) одақтасты. Ол одақтың бас мақсаты: Ресейдің […] партияларымен уағдаласу жолымен Құрылтай жиналысынан Ресей […] мемлекеті құрамындағы ұлттық облыстарға аутономия беруді бірлесіп талап ету болды. «Алаш» ұлттық партиясының және өзге ұлттық партиялардың өкілі ретінде (28 п.) менің өзім осы мәселелер бойынша Керенский үкіметінің мүшелерімен тікелей келіссөз жүргіздім».
Сайлау ережесіне сәйкес, Құрылтайға 200 мың халықтан бір депутат сайланатын. «Алаш» көсемі Әлихан Бөкейханның есебі бойынша, 9 облыс пен 1 гүбернеде, оның ішінде Жетісу мен Сырдария облыстарында, сондай-ақ Түркістан өлкесіне қараған Самарқанд, Ферғана және Каспий жағалауы облыстарының қазақ ояздарындағы қазақтың саны мынадай: «Депутат саны адам санына байлаулы. Екі жүз мыңнан бір депутат сайланбақ. 1897-ші жылғы есепте қазақ тілін ана тілім деген адам 4 миллион 84 мың еді. Бір жылдағы адам баласының таза өсімі екі жүзге 3 адам болады. Осы есепке салса, біздің 9 облыс, бір гүбернедегі қазақ биыл 5 миллион 400 мың болса керек. Бұлай болса, қазақ депутаты 27 болмақ. Бұларға 13-14 кандидат сайланбақ. Сонда біздің бар депутатымыз 40-41 болмақ».
Әлихан «Қазақ депутаттары» атты осы мақаласында 1917 жылдың 21-16 шілдесінде Орынборда өткен Бірінші Ұлттық құрылтайдың талқысына Бүкілресейлік құрылтай депутаттығына лайық деп санаған 43 үміткердің тізімін ұсынды. Қыр баласы – ел ағасы Әлихан бұл мақаласын: «Қара жарыста озғанды жұрт қалап бәйгеге қосар. Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз – үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар. Бұл болып тұрған заман – Алаштың азаматына зор жүк. Бізді бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар. Осыны аңғар, жұртым қазақ!» деп қорытты.
Қазақтың Бірінші Ұлттық құрылтайы ұлт көсемі ұсынған тізімді тұтас мақұлдап, «Қазақ» газетінде жарияланды.
Бірқатар аймақта сайлаудың аяқталмауына қарамастан, Бүкілресейлік құрылтай жасақталды деп шешілді. Бір мәлімет бойынша оған 347 орыс эсері («Партия Социалист-Революционер» сөзінің бас әріптерінен эС-еР деп құрастырылған қысқаша атауы), 180 бәлшебек, 81 украин эсері, 16 меншебек, 15 кадет, 11 украин әлеуметшіл-демократы (социал-демократ), 62 мұсылман депутаты өткен. Оның ішінде эсер депутаттарының саны 450-ге жақын. Бастапқыда жоспарланған 808 депутаттан сайланғаны 703-тен 766-ға дейін көрінеді.
Ресей Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жанындағы Ресейдің сайлау технологияларына оқыту орталығының (РСТОО – Российский центр обучения избирательным технологиям – РЦИОТ) сараптамасы дұрыс саналады. Оның есебіне сәйкес, 766 депутат сайланған, оның 374-і эсер партиясынан, 180-і бәлшебек, 24-і кадет, 22-сі меншебек, 81-і украин эсері, 10-ы мусават, 25-і – федералистер мен аутономистер, 12-сі ғана «Алаш» партиясынан сайланыпты.
Осы мәліметтерден байқайтынымыз: сайланған депутаттардың жалпы саны, оның ішінде әсіресе «Алаш» партиясы депутаттарының саны өте күмәнді көрінеді. Оның себебі, біріншіден, кешегі империя инфрақұрылымының мешеулігі Ресейдің ОСК-сы мен алыс Азиядағы сайлау аймақтары арасындағы байланысты жақсы қамтамасыз ете алмады. Екіншіден, бәлшебектердің қазан айында билікті басып алуы мен қыс маусымы да сайлауға зор бөгет болды. Мысалға, Ресей ОСК-сы жанындағы РСТОО мәліметінше, «Алаш» партиясынан 12 депутат өткен болса, сайланған депутаттардың leninism.su порталында берілген тізімінде Ферғана облысында «Алаш» партиясы атынан депутат болып жалғыз Мұстафа Шоқайдың ғана есімі тұр.
Дегенмен де тағы кемінде 10-12 қазақ депутаты сайлануы керек болған, бірақ сайлау өтпей қалған Сырдария және Каспий жағалауы облыстарын және сайлау кейінге ысырылған Дала аймағын (Ақмола және Семей обл) айтпағанда, қалған 7 облыстан (сайлау аймағынан) 12 емес, кем дегенде 17 депутат сайлануы керек-ті. Бұл жорамал Ресейдің тарихшы ғалымы, профессор Лев Протасовтың «Люди Учредительного собрания: портрет в интерьере эпохи» кітабында толық расталады. Л.Г. Протасовтың осы кітабын сілтеп көрсеткен «Хронос. Всемирная история в интернете» порталы Бүкілресейлік құрылтайға сайланған барлық депутатты тізіп келтіріп, әліппе тәртібі бойынша олардың аты-жөнін және қысқаша өмірбаянын береді. «Хронос» порталының Л.Г. Протасов жасаған тізімде қазақтан Құрылтайға сайланған 12 емес, 20 депутаттың аты-жөні жүр. Бірақ ескерте кету керек, бұл портал 20 депутаттың бәрі «Алаш» партиясы тізімімен сайланғанын көрсетпейді. Мысалға Әбдірахманбек Оразайұлы, Серікбай Ақайұлы (1880-1937) және Мұстафа Шоқай Құрылтайға Ферғана облысы (аймағы) мұсылмандарының ортақ №2 тізімі бойынша, Мұхаметжан Тынышбайұлы (1880-1937) Жетісу облыстық аймағының әлеуметшілер (социалистер) блогының № 2 тізімі бойынша, ал Садық Аманжолұлы (1889-1941) мен Ыбырайым Жайнақұлы, Жетісу казагы Степан Шендриков (1885-1936) және Дәуір Саурамбайұлы «Алаш» партиясы блогының ортақ № 3 тізімі бойынша сайланыпты.
Бүкілресейлік құрылтай депутаттығына «Алаш» партиясы тізімімен сайланғандардың ішінде «Алаш» қозғалысы мен партиясының жетекшісі Әлихан Бөкейханның есімі жоқ. «Алаш» көсемі партия тізімі бойынша Торғай облыстық аймағы мен Ақмола және Семей облыстарын біріктірген Дала аймағынан ұсынылған болатын. Дала аймағындағы сайлау кейінге ысырылғаны айтылды. Ал Торғай сайлау аймағында «Алаш» партиясы 12-14 қараша күндері өткен сайлауда социал-демократ (меншебектер) пен эсер парияларын ойсырата жеңген болатын. Мысалға Торғай оязындағы 68 мың сайлаушының 55 мың 127-сі дауыс берсе, оның 54 мың 976-сы «Алаш» партиясының №1 тізіміне, 110 дауыс эсерлердің №2 тізіміне, 41-ақ дауыс – социал-демократтардың №3 тізіміне берілген; Ырғыз оязындағы 70 мың сайлаушының 55 мың 349 дауыс №1 тізімге («Алаш»), 181 - №2 тізімге (эсерлер), 1516 дауыс – №3 тізімге (с.д. меншебектер) беріліпті.
Дала аймағында сайлау болмаса да, Әлихан Бөкейхан Құрылтай депутаттығына Торғай облысынан өтсе керек.
Әлиханның Бүкілресейлік құрылтайға депутат болғанының тағы бір дәлелі: 1918 жылдың қыркүйегінде Уфа қаласында кеңес өкіметіне қарсы «Уфа директориясы» деген атаумен бүкілресейлік заңды үкіметті сайлаған Мемлекеттік мәжіліске тек қана Құрылтай депутаттары ғана шақырылды. Мәжіліске қатысушылардың тізімінде Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, И.Әлімбекұлы және Б.Жаһандамұлы қазақтың Алаш Орда үкіметінің өкілдері ретінде жүр. Егер осы 4 «Алаш» қайраткерінің қолында Құрылтай депутатының мандаты болмаса, Мемлекеттік мәжіліске жіберілмес еді.
Алаш Орда үкіметінің мүшесі емес А.Байтұрсынұлы, С.Шендриков, А.Оразайұлы Мәжіліске Құрылтай депутаты ретінде қатысса, А.Бірімжан, С.Досжанұлы, Ж.Досмұхамедұлы, У.Танашұлы, М.Тынышбайұлы, М.Шоқайлар – Алаш Орда комиссарлары әрі Құрылтай депутаттары ретінде қатысты.
Осылайша, Л. Протасов пен «Хронос» тізіміндегі 20 қазақ депутатына Ә.Бөкейхан мен И.Әлімбекұлы және Б.Жаһандамұлын қосқанда, «Алаш» партиясынан және жалпы қазақ халқынан Бүкілресейлік құрылтайға кем дегенде 23 депутат сайланған болып шығады.
Құрылтайға 12-ақ депутат сайлаған күнде де (Ресейдің ОСК-сы жанындағы РСТОО мәліметі) «Алаш» партиясы сайлауға қатысқан бүкілресейлік 13 және 34 ұлттық партияның ішінен 8 орынға табан тірепті. 23-25 депутат сайлаған болса, «Алаш» партиясы Ресейдің 1906-1917 жылдардағы ең ірі әрі ең ықпалды партиясы болған кадеттермен 5-6 орынды бөліскен екен. Ал бас-аяғы 13-14 депутат сайлау жоспарланған Дала (Ақмола, Семей обл), Сырдария және Каспий жағалауы аймақтарында сайлау қайта өткенде, «Алаш» партиясы 374 мандаты бар солшыл эсер, 180 мандаты бар бәлшебек және 81 мандат алған украин эсерлерінен кейін 4-орын алған болар еді.
Алайда бәлшебектердің Ресейдегі орталық билікті басып алуына, әсіресе Құрылтай сайлауында олардың ойсырай жеңілуіне байланысты қазақ халқының ұлттық мемлекетін қайта құруы, яғни аутономиялық дербестік алу-алмауы Құрылтайдағы қазақ депутаттарының санына емес, керісінше сайлауда жеңілген кеңес өкіметінің көңіл-күйіне байланып қалды.
Ұзақ күттірген Бүкілресейлік құрылтай Таврия сарайында (Петрогорад) 1917 жылдың 28 қарашасында (11 желтоқсан) жиналды. Құрылтайдың бірінші отырысы бәлшебек депутаттарының оған бойкот жариялап келмеуі салдарынан кворум жинай алмай тарқады. Бірінші сессияға түрлі дерек бойынша сайланған 708-ден 808-ге тарта депутаттың 400-ге жетпейтіні қатысқан. «Алаш» депутаттарының қатысқан-қатыспағаны белгісіз.
Бәлшебектердің Құрылтайға келмеуі «Алаш» партиясының ғана емес, бүкіл Ресей халықтарының соңғы үмітін үзді де, бұрынғы империя халықтарының аутономия жариялау шеруіне кең жол ашты. Қазақтың Дала және Түркістан өлкелеріндегі аутономиялану үрдісіне дем берген тағы бір жайт болды. Заңды Уақытша үкіметтің құлауының ізінше 26 қазанда Уфа, 28 қазанда Ташкент бәлшебектердің қолына өтті.
Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» қайраткерлері Бүкілресейлік құрылтай қашан шақырылады деп болжап тағы әуре болмай, 5-13 (18-26) күндері Орынборда ІІ Жалпыұлттық қазақ-қырғыз құрылтайын өткізді. Ұлттық құрылтай кешегі Ұлық Ұлыс пен оның тарихи мұрагері болған Қазақ хандығының жер аумағында Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиялық Республикасын құрып, оның жоғарғы мемлекеттік атқарушы билік тетігі – Алаш Орда Бүкіл Қазақ-Қырғыз (бүгінгі қырғыз халқы) халық Кеңесін (Үкіметін) және 3 балама үміткердің ішінен оның төрағасы етіп Әлихан Бөкейханды сайлады.
Араға 3 жеті салып 1918 жылдың 5 (18) қаңтарында Петроградта Бүкілресейлік құрылтай сессиясы ашылып, жұмысына кірісті. Бірақ сайлауда ойсырай жеңілген қылмыскер бәлшебектер мен олардың кеңес өкіметі өз дегеніне жүрмеген Құрылтайды күштеп қуатынын анық сезген «Алаш» депутаттары оған қатыспауды дұрыс санаған сияқты. Олардың күдігі Құрылтай ашылған біріні күні-ақ толық ақталды.
5 (18) қаңтарда Құрылтай, 1917 жылғы бүкіл казақ облыстық және шілде айындағы І Жалпыұлттық құрылтайлар бірауыздан үндегендей, Ресейді федеративтік-демократиялық республика деп жариялады, яғни патшалық биліктен бас тартты. Оған қоса Әлихан Бөкейхан 1906 жылдан бері талап етіп келген және 1917 жылдың жазында кадет партиясы қатарынан шығуына түрткі болған 3 өзекті мәселенің бірі болған жерді жекеменшікке сатуға қарсы қарар қабылдады. Бүкіл ресей халқы, әсіресе «Алаш» жетекшілері күткендей, Құрылтай жұмысшылар мен шаруалар депутаттарының кеңесінің мемлекеттік билігін (кеңес өкіметін) заңды ететін «Еңбекшілер мен езілген халықтың құқы Декларациясын» қараудан үзілді-кесілді бас тартты.
Міне, осы әрекеті үшін кеңес өкіметі Ресейдегі қалған ең соңғы заңды билік – бүкіл халық сайланған Құрылтайды 5 қаңтардан 6-сына қараған түні күштеп қуып таратып, Уақытша үкіметті қарумен қуып таратқан 1917 жылдың 25 қазаннан (7 қарашадан) кейін осымен екінші қылмыстық мемлекеттік төңкеріс жасады. Ресей мемлекеттік биліксіз қалды.
«Ресей биліксіз қалған осы жағдайда ІІ Жалпыұлттық қазақ-қырғыз құрылтайында болашақта жариялануға тиіс федеративтік Ресей республикасының өзгелермен тең құқылы аутономиясының бірі, яғни субъектісі ретінде жарияланған Алаш өзінен жоғары тұрған федеративтік билік органы жоқ, бүкіл мемлекеттік билік құзыры өз қолына тиген егемен республикаға айналды».
Бәлшебектер Құрылтайды қуып таратуының салдары – кешегі отаршыл империяның федерация бола алмауына және ыдырауына әкеліп соқты. Ресей федерация бола алмаған соң, Ұлттық Жерлі Аутономия жариялаған Украина, Грузия, Армения, Алаш, Башқұрт және басқа ұлттық және облыстық аутономиялар түгел егемен мемлекетке айналды емес пе? Ал Ақпан төңкерісінен кейін Аутономия жариялаған халықтар дайын Ресей федерациясына кірмей, олар өз ықтиярымен Ресей федерациясын құрастыру керек болған. Міне, соны кеш түсінген Ленин мен Кеңес өкіметі 1918 жылдың 18 (31) қаңтарында Ресейді федерация деп жариялап, егемен ұлттық республикалардың бәріне соғыс интервенциясын бастаған жоқ па? Біз оны кеңестік жалған идеологиямен «азамат соғысы» деп келеміз. Бәлшебектердің ол соғысы азамат соғысы емес, интервенция болатын. Алаш Орда кеңес өкіметін 1919 жылдың соңына дейін мойындаған жоқ. Оған қосыламыз деп елді шақырмады да.
Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ,
PhD, алаштанушы