Кейінгі бірер жылда «жеке басқарушы компаниялар зейнетақы жинақтарын қалай басқарады?» деген мәселе күн тәртібінен түскен емес. Үкімет пен Ұлттық банк (ҰБ) үшін де бұл тақырып өзекті. Ақпан айының екінші онкүндігінде Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Үкіметтің әлеуметтік блогі (БЖЗҚ) қаражатты алудың табыстылығын қамтамасыз етуді қатаң қадағалайтынын айтқан.
Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банк жеке басқарушы компаниялардың мүмкіндігінен үміт күтетінін жиі айтады. Ел ішінде зейнетақы жүйесіне реформа керек деген пікір де бар.
Апта басынан бері тәуелсіз сарапшылар Ұлттық банк басқаруындағы БЖЗҚ салымдарының инвестицияның табыстылығы инфляцияны жаба алмағанын айтып жатыр. Осының алдында ғана БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаратын компаниялардың табыстылығын жариялады. Зейнетақы активтерін қабылдайтын барлық басқарушы компания 2023 жылы Ұлттық банкпен салыстырғанда жоғары кірістілік көрсеткен. Зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы 1,6 трлн теңгеге жетіпті. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 685,4 млрд теңгеге немесе 77,7%-ға артық. Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің жылдық кірістілігі 10,1 пайызды құраған. 2023 жылы жылдық инфляция деңгейі 9,8 пайызды құрағанын ескерсек, таза табыс деңгейі 0,31 пайыз болып шығады.
«2023 жыл үшін салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция 9,80% болғанда 10,11%-ды құрады», делінген активтерді инвестициялық басқару бойынша ақпаратта.
2024 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша, Ұлттық Банк сенімгерлік басқаруындағы актив көлемі 17,8 трлн теңгені құраса, ал инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) 26,8 млрд теңге берілген. Қазіргі кезде зейнетақы қоры қаражатын Ұлттық банктен бөлек, 5 жеке ойыншы басқарады:
Halyk Finance ( 13,8 млрд теңге); Jusan Invest (5,9 млрд теңге); Halyk Global Markets (3,2млрд теңге), BCC Invest (2,9 млрд теңге); Centras Securities (1,02 млрд теңге).13,8 млрд теңге активті басқаратын Halyk Finance компаниясындағы активтердің инвестициялық кірістілігі 328,02 млн теңге болған. 2023 жылға зейнетақы активтерінің кірістілігі 17,2%-ды құраған. Инфляцияны есепке алғандағы түзетілген табыс деңгейі – 7,4 пайыз. «Инвестициялық қызмет нәтижесінде 2023 жылдың басынан бері есептелген инвестициялық табыс мөлшері 328,02 млн теңге болды. 2023 жылға зейнетақы активтерінің кірістілігі – 17,20%» делінген есепте.
328 млн теңге инвесттабыстың 211 млн теңгесі – бағалы қағаздар бойынша, оның ішінде орналастырылған салымдар және «кері РЕПО» операциялары бойынша сыйақы түрінде түскен табыс.
Jusan Invest халықтың 5,9 млрд теңге зейнетақы жинағын басқарады. Компания басқаратын активтерге былтыр 606,58 млн теңге табыс есептелген. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 13,48%-ды құрады. Инфляция деңгейін ескерсек, таза табыс 3,68% болған. «Инвестициялық қызметтің, сондай-ақ шетелдік валюталар бағамының құбылмалылығы салдарынан және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі нәтижесінде 2023 жыл үшін есептелген инвестициялық табыс көлемі 606,58 млн теңгені құрады. Зейнетақы активтерінің кірістілігі – 13,48%» делінген компания есебінде.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Halyk Global Markets» АҚ сенімгерлік басқаруындағы «БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтері 3,2 млрд теңге болыпты. Осы қаражатқа былтыр 403,99 млн теңге табыс есептелген. Кірістілігі 15,55%-ды құраған. Ал инфляция деңгейін есепке алсақ, таза табыс көлемі – 5,5%. «2023 жылға есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 403,99 млн теңгені құрады. Зейнетақы активтерінің кірістілігі қызмет басталған 2021 жылдан бері 30,52% және 2023 жылы 15,55%-ды құрады» делінген ақпаратта.
BCC Invest сенімгерлік басқаруындағы 2,9 млрд теңге зейнетақы активіне 2023 жылы 230,23 млн теңге инвесттабыс түскен. Компания активтердің кірістілігі 13,05% болғанын атап өтеді. Инфляциямен түзетілген табыс деңгейі 3,25% болады. «Инвестициялық қызметтің нәтижесінде есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 230,23 млн теңгені құрады. Зейнетақы активтерінің кірістілігі – 13,05%. Есептелген инвестициялық кірістің үлкен бөлігі кері репо операциялары бойынша сыйақыға және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түсетін кірістерге келді», делінген хабарламада.
Centras Securities 1,02 млрд теңге зейнетақы активін басқарады. Компания басқаруындағы активтер аса қомақты табыс таппаған. Былтыр 1,02 млрд теңгеге 105,27 млн теңге табыс есептелген. 2023 жылғы кірістілігі 10,67% болған. «Инвестициялық қызметтің және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі нәтижесінде 2023 жыл басынан бері есептелген инвестициялық табыс мөлшері 105,27 млн теңге болды. 2023 жыл басынан бергі зейнетақы активтерінің кірістілігі 10,67% болып отыр» деп жазылған ақпаратта.
Ұлттық банктің басқаруындағы активтерге қатысты жылдық мәндегі табысы жарияланса, жеке басқарушы компаниялардың айлық қызметінің көрсеткіштері ұсынылған болатын. Сарапшылардың айтуынша, жылдық мәндегі кірістілік пен айлық көрсеткішті салыстыру қиын. Содан кейін ҰБ басқаруындағы капиталды басқарушы компаниялар жетекшілік ететін капиталмен салыстыруға келмейді. БЖЗҚ салымдары триллиондармен өлшенсе, басқарушы компаниялардың капиталы миллиардтармен өлшенеді. Инвестициялық кірістіліктің де табиғаты құбылмалы. Бір немесе бірнеше ай бойы теріс көрсеткішті көрсетсе, келесі жарты жылдықта бұл көрсеткіш керісінше болуы бек мүмкін. Сондықтан нақты табыстылықтың деңгейі бір жылдық көрсеткішпен ғана бағаланады. Ал инвестициямен БЖЗҚ емес, Ұлттық банк айналысады.
Тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаев та осы пікірді қолдайды. Оның айтуынша 2024 жылдың көрсеткішін алғашқы екі айдағы өлшемдермен бағалауға болмайды. Мысалы, алдағы 10 айда біз БЖЗҚ салымдарының инвестициялық кірістілігі мен оған инфляцияның әсерінің қандай деңгейде болатынын білмейміз. Қазіргі жағдайды сарапшы адам ағзасында ет пен терінің арасында жүгіріп жүретін желге теңейді. Сарапшының айтуынша, 1998-2024 жылдар аралығында зейнетақы қорындағы салымдар шамамен 9,4 трлн теңге инвестициялық табыс жинаған. Бүкіл кезеңдегі жинақталған инвестициялық кіріс 816,4% болса, жинақталған инфляция – 754,3%.
Осылайша, жинақталған инвестициялық табыс ұзақмерзімді перспективада инфляциядан асып түседі. Ал Ұлттық банк жүргізетін үйлесімді инвестициялық саясат бірнеше жылдан бері тұрақты табыс көрсеткішін қамтамасыз етіп келеді. Зейнетақы активтерінің басым бөлігін Ұлттық банк басқарғандықтан, бас банк пен инвестициялық компаниялар қызметін салыстырып, олардың арасында бәсеке туындайды деп айтуға әлі ерте болар. Өйткені екі жақтың портфель көлемін де, құрылымын да, инвестициялау кезеңін де, әртараптандыру деңгейін де салыстыруға мүлдем келмейді.
«Қазақстан Миноритарлық Акционерлер Қауымдастығының» (QAMS) атқарушы директоры Данияр Темірбаев журналистермен кездескен кезде елімізде басқарушы компанияларға зейнетақы активтерін инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейту өкілеттігін беру керектігін айтты. Темірбаев бірінші кезекте кәсіби қатысушыларды икемді бақылауға шақырады. Себебі қолданыстағы реттеу тетіктері зейнетақы активтерін басқарушының барлығының бірдей инвестициялық стратегияға ие болуына әкеледі: Басқаша айтқанда, зейнетақы активтерін басқарушылардың тәуекел деңгейін ескермейді. Бұл олардың бәсекелестік мүмкіндігін шектеп тастауы мүмкін.
Жинақталған зейнетақы қаражатының 50 пайызын жеке компанияларға басқару үшін аударуға рұқсат бергеннен кейін жағдай өзгерді дейді сарапшы. Дегенмен жеке компаниялардың табыстылығы Ұлттық банк басқаратын активтерден жоғары болған жағдайда анықталады. Басқарушы компаниялардың 2023 жылдағы көрсеткіші жаман емес. Демек ҰБ мен Үкіметтің зейнетақы салымдарын жеке басқарушы компанияларға өткізу туралы шешімі өзін өзі ақтады деуге болады.
АЛМАТЫ