8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай жүргізілген сауалнамаға қатысқан қазақ әйелдері ерлерден қандай сыйылық күтетіндерін айтты. Ең қызығы, гүлдер алғашқы үштікке де кірмей қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Energyprom ұсынған деректерге сәйкес, Қазақстанда гүл бағасы 8,2%-ға қымбаттады.
Өңірлер бойынша талдайтын болсақ, ең қымбат гүлдер Қарағанды облысында сатылады - бір жылда 41,5%-ға қымбаттаған. Екінші сатыда Алматы облысы (плюс 18,1%) және Астана қаласы (плюс 14,5%) тұр. Ең аз жылдық баға өсімі Алматы қаласында тіркелді: 1,3%.
Ал Ақмола, Жамбыл және Жетісу облыстарында баға былтырғы қаңтардағы деңгейде сақталды. Тағы екі өңірде баға төмендеді: Павлодар облысында бір жылда 0,9%-ға, Ұлытау облысында 6,1%-ға арзандады.
Айта кетсек, бар адамзатқа танымал раушан гүлінің бір данасы қаңтар айында орташа есеппен 946 теңгеден сатылды. Абай облысында сәл қымбатырақ - 1,4 мың теңге. Қостанай (1,3 мың теңге) және Шығыс Қазақстан (1,2 мың теңге) облыстарында, керісінше, сәл арзанырақ.
Ең арзан раушандар Шымкентте сатылды, бар болғаны 600 теңге. Батыс Қазақстан облысында бір раушанның бағасы 648 теңгені, Қызылордада 667 теңгені құраған.
Осы орайда Energyprom сарапшылары picodi.com сайтының сауалнамасын ұсынуды жөн көрді. 2022 жылы жүргізілген сауалнамаға сәйкес, қазақ әйелдерінің 39%-ы ғана мерекеге гүл алғысы келеді.
Әйелдердің 87%-ы көбіне жұмыс орнында, 89%-ы жақындарынан гүл алады. Нәзік жандылардың 56%-ы 8 наурызда өздері гүл сыйлайды. Ер адамдардың тек 70%-ы гүл сыйлайды.
Айтпақшы, сауалнамаға сәйкес, гүлдер көп қаланатын сыйлықтар арасында тек бесінші орында тұр. Бұрымдылар 8 наурызға ақша (69%), парфюмерия (63%) және косметиканы (54%) ең керекті сыйлықтар деп санайды. Ал ең қажетсіз әрі орынсыз сыйлықтар қатарына алкоголь (50%), ішкиім (44%) және ашық хаттар (38%) енді.