Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында гитаристердің жаңа тобы құрылды.
Квинтеттің көркемдік жетекшісі – атақты гитарист, композитор, халықаралық байқаулардың лауреаты Бауыржан Жылқыбаев. Оның айтуынша, гитаристер квинтетін ұйымдастыру көптен бері көңілде жүрген жоспар болған. Филармония басшылығының ұсынысынан соң, ойланбай іске кіріскен көрінеді.
Квинтет мүшелерінің қай-қайсы болсын – қазақ өнерінде өзіндік орны, өз соқпағы бар жандар. Ақбар Қиарыстан – дарынды гитарист, әйгілі МузАРТ тобында жұмыс істеген кәсіби маман. Асан Нарбота мен Зәуре Нарбота Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген. Бір қызығы, квинтеттің әр мүшесі бір-бірімен бұрыннан рухани, шығармашылық байланыста. Мысалы, Бауыржан Жылқыбаев пен белгілі ұстаз Геннадий Ким академияда Асан мен Зәуреге ұстаздық еткен. Топтың тағы бір тамаша музыканты – Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының түлегі, танымал ресейлік әнші Андрей Губинмен 10 жыл бірге жұмыс істеген гитарист Ұланбек Ахметов.
Топтың негізгі репертуары – фламенко румба стилінде. Квинтет қоржынында отандық композиторлардың шығармасымен қатар, әлемдік гитаристер – «Романтикалық испан гитарасының патшасы» атанған Джесси Кук пен «Жүз ұлы гитаристің» бірі саналатын Джеки Кингтің туындылары бар.
Бұған қоса квинтет қазақ күйлерін де гитараға лайықтап, жаңа тыныс беріп, тыңдарман қауымға ұсынып отыр. Қазірдің өзінде топ жетекшісі Бауыржан Жылқыбаев – гитараға арналған алты күйдің авторы.
Квинтеттің тұсаукесер концерті 20 наурыз күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының үлкен залында өтеді.
Айсұлу СЪЕЗХАН,
Абай атындағы ҚазҰПУ студенті
Алматы