Былтырдан бері баспана нарығындағы баға өсімі баяулай бастады. Мемлекеттің тұрғын үй нарығынан шығуға ниет танытуы, соған байланысты жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар санының шектелуі нарық бағасына әсер етті дейді сарапшылар.
Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко нарықтың тоқырау жағдайында екенін, транзакциялар шектеліп қалғанын айтады. Ұсыныс пен сұраныс арасындағы үйлесімділік бұзылды. Дегенмен сарапшылар көктем мен күз аралығы нарықтағы қозғалысқа дем беретінін де жоққа шығармайды.
Сарапшының айтуынша, алдағы айларда транзакциялар саны 30-35 мыңға дейін жетіп қалуы мүмкін. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өте аз. Өткен аптада тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдалану ережелеріне өзгерістер енгізілетіні белгілі болды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі азаматтарға «Отбасы банкінде» БЗТ-ны пайдалануға мүмкіндік беруді ұсынады. Оның аясында тұрғын үй қарызын рәсімдеу мақсатында алушылардың жеткілікті соманы жинақтауы үшін ақшалай қаражатты сақтау мерзімін сегіз жылға дейін ұлғайту ұсынылады. Қазіргі уақытта бұл мерзім – үш жыл.
«Салымшыға шарттық соманы төлеу тұрғын үй құрылысы жинақтары туралы шарт күшіне енгеннен кейін кемінде үш жыл өткен соң жүргізіледі. Ережеде көзделген БЗТ нысаналы мақсатын растау мерзімі тұрғын үй қарызын алу үшін жеткіліксіз, бұл салымшылардың жаппай наразылығының туындау қаупін тудырады», деп түсіндірді министрлік.
Сарапшылар мемлекеттің БЖЗҚ салымы арқылы нарыққа енуі жағдайға айтарлықтай өзгеріс енгізе қоймайтынын айтады. Себебі БЖЗҚ салымшылары бұл мүмкіндікті алғашқы науқанда пайдаланып қойған. Ендігі қалған ұсақ-түйек әрекет нарықтың беталысына әсер ете алмайды. 2021 жылдан бастап зейнетақы қорынан үй сатып алуға шамамен 3,3 трлн теңге жұмсалған. Шамамен 1,4 млн өтініш келіп түскен.
Н.Лукьяненконың айтуынша, нарықтағы бағаны ұсыныс анықтайды. Қазір пайдалануға берілетін тұрғын үй кешендерінің басым көпшілігінің құрылысы осыдан екі-үш жыл бұрын басталған. Құрылыс компаниялары қауымдастығы талдау жүргізіп, құрылыс компаниялары ай сайын ең көбі 12 жаңа жобаны сатуды бастайтынын анықтады. Сарапшылардың пікірінше, бұл әжептәуір аз. Өткен жылы 15,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бірақ 2024 жылы одан да азырақ салынады. Бірқатар компания жаңа жобаларға қаражатының жоғын айтып жатыр. Жағдай осы бағытта жалғаса берсе, жыл аяғында жаңа баспана тапшылығы сезіліп, тиісінше бағаның өсіп кетуіне себеп болуы да әбден мүмкін. Өйткені нарықтағы құбылмалы ахуал алдағы жағдайдың беталысын болжауға мүмкіндік бермей тұр.
Құрылыс компаниялары нарықтың қалай құбылатынын барлап, жаңа құрылыс нысандарын бастауға асықпай отыр. Жақын болашақта баға тұрақталады деген болжам бар. БЖЗҚ мен нарық интеграциясы кезінде үйдің құны асыра бағаланды, халықта оның ақырын күтуге мүмкіндік болмайды. Лукьяненко сөзінше, БЖЗҚ интеграциясы да, мемлекеттік бағдарламалар да транзакция санына әсер ете алмайды. Басқаша айтқанда, делдалдардың бағаға әсер ету мүмкіндігі шектеліп қалды.
Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов те нарықтағы жағдай тоқырауға жақын екенін айтты. Мұның белгісі соңғы жарты жылда байқалған.
«Қазіргі тоқырау халық сұранысының төмендеуінен емес, тұрғын үй сатып алуға қаражаттың және ипотекалық несие беру түріндегі қосымша құралдардың болмауынан туындап отыр. Халықтың басым көпшілігінің тұрғын үйді өз күшімен сатып алу мүмкіндігі нөлге тең. Себебі табысы күн көрісінен артылмайды. Еліміздегі он транзакцияның тоғызы ипотекалық несие арқылы жүзеге асты», дейді сарапшы.
Айтуынша, Алматыдағы жер сілкінісі нарықтағы жағдайға әсер еткен жоқ. Адамдар мұндай төтенше жағдайларды тез ұмытуға бейім. Қолданыстағы инженерлік желілерді пайдаланудың шектелуіне байланысты Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тұрғын үйді пайдалануға беруді шектеу бағдарламасы қабылданды.
«Құрылыс индустриясы Қазақстан экономикасының негізгі қозғалтқыштарының бірі ретінде танылған. Ол дами береді. Бірақ бұл үшін құрылыс материалдарын өзімізде шығаруды, желілерді жаңарту, жаңғырту жобасын жүзеге асыру қажет. Сондай-ақ орталықтан шалғай аймақтарға да назар аударған маңызды», дейді Ермек Мүсірепов.
Оның айтуынша, Алматыдағы бизнес кластағы тұрғын үйдің орташа бағасы шаршы метріне 400 мыңнан 550 мың теңгеге дейін ауытқиды. Эконом кластағы баспана сәл арзанырақ. Бірақ қайталама баспана бағасы шаршы метріне 800 мың теңгеге жетеді.
Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Анна Шацкая әріптесінің тоқырау туралы пікірімен келісіп, кейбір сегменттердегі (люкс тұрғын үй және бизнес-класс) қайталама нарықтағы бағалар баяу төмендеп жатқанын атап өтті.
«Өткен жылдармен салыстырғанда баға төмендеді. Бастапқы нарықта құрылыс салушылар бағаны ұстап тұр, бірақ соңғы уақытта олар да жиі жеңілдіктер ұсынып жатыр. Халықтың сатып алу қабілеті 2023 жылдың соңындағы деңгейде қалды. Жаңа «Отау» бағдарламасы транзакциялардың өсуін ынталандырады, нарықты біршама жандандырады деп күтіледі. Алайда «7-20-25» бағдарламасынан айырмашылығы, «Отауда» шектеулер көп, сондықтан тұрғын үй нарығында баға өсе қоймайды деп болжам жасауға негіз бар», дейді А.Шацкая.
Вest Realty компаниясының басшысы Гүлнәр Түгібаеваның айтуынша, нарық мемлекеттік бағдарламалардан үлкен үміт күтеді, бірақ оның қызметі халықтың барлық тобына қолжетімді емес. Сарапшының айтуынша, бағдарлама шектеулі лимитпен келеді және сол себепті ең көбі сегіз мың отбасына қолжетімді болады.
«7-20-25» бағдарламасы тоқтаған соң, жобаларды сата алмай қалдық. Сондықтан құрылыс кезеңдерінің кешігуіне байланысты зардап шеккен бастапқы жылжымайтын мүлікті сатып алушылардың саны артып жатыр. Алматыдағы жер сілкінісі нарыққа қысқамерзімді әсер етті, дегенмен еліміздің басқа аймақтарынан келген инвесторлардың біразын шошытты. Қазір алматылықтардан тыныш қалалардан жылжымайтын мүлік сатып алуға өтініштер түсе бастады», деді сарапшы.
АЛМАТЫ