Биыл, яғни 2024 жылдың алғашқы екі айында отандастарымыз жер сілкінісі және басқа да апатты жағдайлардан кейін 855 жылжымайтын мүлікті сақтандырған. Мәселен, былтыр дәл осы аралықта 482 нысан ғана сақтандырылса, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 77,3 пайызға өсіп отыр. Алайда жекелеген азаматтардың мүліктерін сақтандыру деңгейі бүкіл елде әлі де баяу жүріп жатыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, 2023 жылдың аяғында Қазақстанда барлығы 2,52 миллион жылжымайтын мүлік нысаны, оның ішінде 307,9 мың көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Оның 170,28 мыңы Алматы қаласында болса, 267,1 мыңы Алматы облысында – еліміздің жер сілкінісіне ең қауіпті аймақтарында орналасқан.
Ең қызығы, сақтандырылған тұрғын үйлер саны жағынан Астана қаласы көш бастап тұр. Жаңа сақтандыру шарттарының жартысы – 50,4 пайыз, яғни елорданың үлесінде, ал Алматы қаласының үлесі небәрі – 14,85 пайыз.
«Қазіргі таңда Қазақстанда барлық жылжымайтын мүліктің 2 пайыздан азы сақтандырылған. Еліміздің 40%-ға жуығы сейсмикалық аймақта орналасқанымен, азаматтар сақтандырудың маңыздылығына әлі де мән бермейді. Қаңтардағы Алматыдағы жер сілкінісі көпшілікті полис сатып алу туралы ойлануға мәжбүрлегенімен, біздің байланыс орталығына хабарласқандардың 6-7%-ы ғана келіп, мүлкін сақтандырды», дейді «Евразия» СК басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Жантөреев.
Сонымен қатар, бизнес жылжымайтын мүлікті апатты тәуекелдерден қорғауға аса жауапкершілікпен қарайды. Қаңтар-ақпан айларында заңды тұлғалар арасында апаттық тәуекелдерден мүлікті сақтандыру шарттарының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға өскен. 2023 жылдың екі айында заңды тұлғалардың өндіріп алған жарналарының мөлшері жеке тұлғалардың келісімшарттары бойынша жиналған сыйақылардан 740 есе асып түсті, 2024 жылдың екі айында алшақтық 593 есеге дейін азайғанымен, өте жоғары деңгейде қалып отыр.
«Алматыдағы кейінгі уақытта болған жер сілкіністері сақтандыруға деген мүдделестікті арттырды, алайда бұл өсімге біз база төмендігінің есебінен қол жеткізіп отырмыз. Тұрғын үйлердің басым бөлігі ипотекалық несиелеу аясында сақтандырылған. Жалпы, ерікті түрде мүліктік сақтандырудың артуы, үйреншікті дағдыға айналу деңгейі өте төмен. Алматыда немесе басқа да ірі елді мекендерде қуатты жер сілкінісі болған жағдайда мемлекетке, оның бюджеті мен қорымызға орасан зор салмақ түсетіні белгілі», дейді сақтандыру компаниясының өкілі. Әдетте, жылжымайтын мүлікті сақтандыру келісімшарты 12 айға жасалатынын еске сала кетейік.
АЛМАТЫ