• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 06 Наурыз, 2024

Асыл аға

124 рет
көрсетілді

Белгілі әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Жазушылар одағының мүшесі, ескі әндердің насихатшысы Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі Құныпия Қожахметұлы Алпысбаев Алланың жазуымен пәни жалғанның есігін жауып, бақиға бет түзегеніне қырық күнге жуықтады.

Ұлағатты ұс­таз, белгілі ға­лым Құныпия Қожахметұлы Алпыс­баев осыдан тура 74 жыл  бұрын Құлжа қаласы маңын­дағы Баяндай кентінде дүниеге келіпті.

Ата-анасы 1932 жылғы го­лоще­кин­дік нәубет кезінде ерік­сіз тастап кеткен тарихи ата­ме­кені Алматы облысы, Ұйғыр ауда­ны Кет­пен аулына 1956 жылы қай­та оралып, Бөдеті бөлім­ше­сіне қо­ныстанған болатын. Сол жылы мектеп жасына толған бала Құныпия Бөдеті бастауыш мектебінің бірінші сыныбы­на қабылданады. 1960–1965 жылдары осы аудандағы Кіші Дихан және Сүмбе кент­тердегі орта мектептерде оқи­ды. 1966 жылы Алматы қала­­сындағы №12 қазақ орта мекте­бін біті­реді. Үйдің үлкені бол­ған­дықтан, сол кездегі отбасы жағ­дайына байланысты ауыл­ға, әке-шешесінің қасына ба­рып, 1966–1969 жылдары қара­па­йым шаруа болып жұмыс істеді. 1969–1974 жыл­дары С.М.Ки­ров атындағы (қазір­гі Әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ) Қазақ мемлекеттік универси­теті филология факультетінде оқыды.

Үздік студенттер қата­рын­да 1970 жылы тамыз айын­да студенттер алмасу бағ­дар­ламасы бо­йынша Болгарияның София қала­сын­да Климент Охрид­ский атындағы мемлекеттік уни­вер­ситетіне барып қайтады. 1975 жылы тамыз айында ҚазМУ-дың ЖОО-ның Халықаралық ассо­циа­циясына мүше болуына орай, Мәскеуде ­86 ел­дің таңдаулы уни­верситет­­тері қатыс­қан дү­ние­жүзілік форум­­ға қатысады. Қазір кім-кім­­­нің де шетелге шы­ғуы ­айту­ға тұрарлық сөз болмай қалды ғой. Ал КСРО ке­зін­де сту­дент­ті былай қойып, бодан­дық­­та­ғы республикалардың ше­неуніктерінің өзіне бұл бақыт бұйыра бермейтін. Үздік оқуы­ның, Құдай бер­ген талан­ты мен өне­рінің арқа­сында Құныпия студент ке­зінің өзінде Еуропа елдерін аралаған болатын.

Оқуды бітірген соң Құны­пия Ал­пыс­баев өзі бітірген уни­верситетте жол­дама бойынша қалдырылып, оқы­тушылық­тан профессорлыққа дейін өсті, ғы­лым кандидаты, ғылым док­торы дәрежелерін, профес­сор атағын алды. 1974 жылғы 1 қыр­кү­йектен 2005 жылғы 31 тамызға де­йін Әл-Фа­раби атын­дағы ҚазҰУ-да оқы­­тушы, аға оқытушы, доцент, профессор және 1987–1989 жылдары ҚазМУ дайындық бөлімі дека­нының орынбасары, 1993–1994 жылдары сырт­тай оқытатын фи­лология факультетінің деканы, 1996–2005 жылдары әдеби шы­ғармашылық және көркем аудар­ма теориясы кафедрасының мең­герушісі қызметтерін абы­рой­мен атқарды.

2005 жылдың 1 қыркүйегі­нен Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетіне шақы­рылып, қа­зақ әдебиеті кафедрасында про­фессорлық қызмет атқарды, аталған кафедраға бірер жыл бас­шылық жасады. Бүгінге де­йін ға­лымның жетекші­лігімен 9 ғылым кандидаты, 20-ға жуық ма­гистр мен PhD да­ярланды.

2011 жылғы 16 наурыздан 2014 жыл­дың тамызы ара­лы­ғын­да Астанада жаңадан құ­рыл­­ған Түркі академия­сына ар­­найы шақырылып, ғылым бөлі­мі­нің басшысы болып істеді. 2014 жыл­дың күзінен бастап Л.Н.Гу­милев атындағы ЕҰУ-да қа­зақ әдебиеті кафедра­сында профес­сорлық қызмет атқарып келді.

Құныпия Алпысбаевтың мек­тепте жүрген кезінен бастап-ақ домбыра тартып, ән салумен қатар, өз жанынан ән шығаратын да таланты бар еді. Оның «Біз – Отанның ұланы» атты өле­ңін де өзі жазған ал­ғашқы әні 1965 жылы желтоқсанда «Қа­зақстан пионері» газетінде нотасымен жарияланған болатын. Бүгінде жұртшылықтың сү­йіп тыңдайтын әнінің бірі Садықожаның атақты «Сары­бидай» әні бастатқан көпте­ген шығармасын алғаш компози­тор-ақынның көзін көрген көне­көз қариялардан үйреніп, халық игілігіне айналуына мұрын­дық болған да марқұм Құны­пия Алпысбаев еді. Оның осы бағыттағы жанкешті ізденісі­нің арқасында Садықожаның біраз әні халқымыздың рухани игілігіне айналды.

Бүгінге дейін ғалым-ұс­таз­дың оқу­лық, оқу құралы, зерт­теу, монография­лардан құ­ралған жиырмадан аса кітабы мен кітапшасы оқыр­ман қо­лында жүр. Одан тыс қа­зақ әдебиеті мен өнерінің түр­лі мәселесіне арналған 200-ден астам еңбегі республикамыз бен шетелдердің жетекші ғылы­ми басылымдарында жарық көр­ді. Сондай-ақ ғалым көптеген шетел ЖОО-лары мен ғылыми орталықтарының арнайы ша­қы­руымен барып, сту­денттер мен жас ғалымдарға дәріс оқыды.

Осындайда Абайдың: «Ақы­рын жүріп, анық бас, Ең­бегің кетпес да­лаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйре­туден ба­лаға» деген ғақылиялық өле­ңі еске түседі. «Ұстаздық етуден, балаға үйретуден жалықпай», шаршамай келе жатқан біраз жұрт бар шығар. Бірақ «ақы­рын жүріп, анық басуға» кел­ген­де Құнекеңнің алдына түсе қоя­тын адам табыла қоймас. Ұлы Абай­дың осы сөзін құнттап, сол жолдан жаңылмай, өмір бойы «ақы­рын жүріп, анық басып», елге еткен еңбегін бұлдамай, ешкімнің бетіне жел болып тимей, мансап пен байлықтың артынан да жүгірмей, үнсіз еңбек етіп қана өткен екі адам болса, біреуі – Құнекең еді. Біреу болса, нақ өзі. Ғалымның мұрасы халықпен бірге жасай береді.

 

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, шығыстанушы-профессор