• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Табиғат 07 Наурыз, 2024

Айдынға қоқиқаз қонды

169 рет
көрсетілді

Көгілдір көктемді қанатына қондырып, жыл құстары туған мекеніне қайта оралса – жыл келгендей, жылымық жеткендей дүние жадырап сала береді. Сары шұнақ аяз бен қалың жауған қар құрсауынан енді ес жиып келе жатқан елдің күпті көңіліне жігер беретін де осы жыл құстары еді. Биылғы қыс қытымырлау болғанымен, елдегі жұрт жыл құсы ерте жетті деп желпініп отыр.

Хан жаршысы хабар бергендей биылғы көктемнің жеткенін қоқиқаздар сүйіншіледі. Маң­ғыстау жеріндегі Қаракөл қыз­ғылт түске боянды. Өйткені өңір­­­ге қоқиқаздар келіп қонды. Қа­рақия-Қаракөл қорығы – сирек кездесетін жан-жануар мен құс­тарды қорғайтын орын. Онда қо­­қиқаздардан басқа жүзден ас­там құстың түрі кездеседі. Олар­дың 20-сы Қызыл кітапқа ен­ген.

«Биыл көлге 700-800 шамасында қоқиқаз келді. Кей жылдарда көл айдынына 5 мыңға дейін қоқиқаз келіп қонады. Бұл – Маңғыстаудың ғажайып құстарының бірі деп айтуға болады. Қоқиқаз айдынға қонса, халық та, біз де қуанамыз. Оны қорғауға, үркітпеуге тырысамыз», дейді «Үстірт» мемлекеттік та­биғи қорығының бөлім басшысы Жалғас Ұстадов.

Қаракөл жасанды су айдыны жыл құстары қонатын сүйікті ме­кенге айналған. Мамандардың айтуынша, Ақтауға қоқиқаздар Ақмола облысындағы Қорғал­жын мемлекеттік табиғи қоры­ғының аумағындағы Теңіз және Қор­ғалжын көлдерінен ұшып бар­ған. Күзде, салқын түскен кезде, Ха­зар қорығына немесе одан да әрі Иран жаққа ұшып кетеді екен.

«Қоқиқаздар біздің елге Афри­ка, Түрікменстан, Ауған­стан елдерінен ұшып келеді. Сәуір айында келіп, күн суытқанша (қыркүйек, қазан айларына дейін) болады. Қоқиқаздардың елордаға жақын жердегі негізгі мекені –Қорғалжын қорығы, олар да сонда мекендеп, көбейеді. Елімізге жыл сайын 100 мыңға жуық қоқиқаз ұшып келеді. Оның ішінде Ақмола, Қостанай, Жамбыл, Маңғыстау облысының аумағында бар. Талдыкөлге қо­қиқаздың биылғы балапандары жылы жаққа ұшпас бұрын осындай көл мен көлшіктерге тоқтап, әл жинап, одан әрі ұшып кетеді», дейді эко-белсенді Сәкен Ділдахмет.

Қоқиқазды орыстар «фламинго» деп атайды, ол латынның «алаулаған от-жалын» деген сөзінен алыныпты. Ал қазақтар оны қызылқанат қаз немесе қызылқаз деп те атайды. Қызғылт қоқиқаздың сыртқы түрі басқа құстармен салыстырғанда ерекше. Тұлғасы жұмыр, сирақтары ұзын, құйрық қауырсыны қысқа. Қоқиқаздар – жер бетіндегі ең ұзын сирақты құстардың бірі. Тұмсығы үлкен әрі дөңес келеді, ұшы қара, төмен қарай біткен. Содан да «қоқиқаз» деп аталған болу керек. Былай қарасаңыз, сырт келбеті балет бишілерін еске түсіреді. Айдынға топтасып қонғанда алаулаған жалын тәрізді көрінеді.

«Қаракөл аумағы – «Қызыл кітапқа» енген қанаттылар тұ­рақтайтын мекен. Сондықтан да бұл жер табиғат қорғау инспек­торларының жіті бақылауында. Айта кетейік, қызғылт түстес, ірі денелі құстар, негізінен, тро­пикалық елдерде ұя салады», дейді қорықшылар.

Қоқиқаз түрлері Азияның, Афри­каның, Орталық және Оң­түстік Американың, Оңтүстік Еуропаның субтропик немесе тропикалық аймақтарындағы су айдындарында мекендейді. Қызғылт қоқиқаздардың сол­түстік өңірге келетін жері – Қор­ғалжын табиғи қорығының аумағындағы Теңіз көлі. Көлдің тұз­дылығы әлемдік теңіз суы­ның тұздылығынан 5-6 есе ащы. Бұл өңірдегі Теңіз көлі – қоқиқаздардың ең көп шоғыр­ланатын алқабы. Ондағы 75-ке жуық үлкенді-кішілі арал олардың ұя салуына өте қолайлы.

Қорықта қоқиқаздың үш негізгі түрі кездеседі: қызғылт қо­қиқаз, кіші қоқиқаз және қытай қоқиқазы. Қызғылт қоқиқаз − қорықтың ең жаңа тұрғыны. Ол Теңіз көлінде және Үшарал үстіртінде ұялайды. Бұл құстың биіктігі 150 см-ге дейін жетеді және салмағы 3 кг-нан асады.

«Қызғылт қоқиқаз тұзды көлдердің 2-3 метрлік таяз же­рінде ұзын аяқтарымен адымдап жүріп, қорегін балшықтың арасынан тұмсығымен сүзіп алады. Тұмсығының жиектері ұсақ араның тісшелеріндей тілімденген. Сол арқылы су мен балшықтар сыртқа ағып кетеді де, қорегі аузында қалады. Олар су өсімдіктерінің тұқымымен, ұсақ жәндіктермен, ұлулармен қоректенеді. Әсіресе артемия салин деп аталатын су шаяны олардың жеңсік асы. Бұл ұсақ су шаяны тұзды көлдерде көптеп кездеседі, сондықтан артемия салин шаянының уылдырығын жинауға мүлде рұқсат етілмейді. Қызғылт қоқиқаздың саны күрт азайып бара жатқандықтан, Қа­зақстанның «Қызыл кітабына» және Халықаралық табиғат қор­ғау одағының «Қызыл кіта­бына» да енген», дейді биолог ғалым Рысбай Сәтімбекұлы.

Қарт құстанушылардың ай­туын­ша, өткен ғасырдың 50-60 жылдары 50 мыңнан аса қоқи­қаз болса, 1972-1976 жылдар ара­лығында олардың саны күрт азайып – 5-9 мың, 1977 жылы – 13,500, 1978 жылы – 35-36 мың, ал қазір қатаң қорғаудың нәти­жесінде 25-30 мыңнан асады.

Маңғыстау мен Ақмоладан басқа, Торғай өңіріндегі Шал­қартеңіз, Жаманақкөл, соны­мен қатар Қыпшақ, Керей, Тұзащы, Сұлтанкелді, Асаубұлақ, Жа­­манкөл, Есей, Қоқай, т.б. көл­дерінде кездеседі. Қызғылт қо­қиқаздың санының азаюына көбіне-көп табиғи тіршілік ететін аумақтағы көлдердің су деңгейінің үнемі өзгеріп отыруы, көлдерге құятын өзендерге тұйық бөгет салу және ұя салу, жұмыртқа басу кезінде үркіту әсер етеді екен. Бұған қоса таби­ғат қаскөйлері де тыныш қарап жүрмейтін көрінеді.

Елімізде қызғылт қоқиқаз­дарды қорғау үшін 1968 жылы арнайы Қорғалжын мемлекеттік-табиғи қорығы және Торғай мемлекеттік-табиғи қорықшасы құрылған. Қоқиқаздар – атуға мүлде тыйым салынып, ерекше қорғауға алынған құс. Бұл әсем құстар туристер тартудың таптырмас жолы. Сол себепті де оның айдынға қонғаны – елге ырыс келгенімен бірдей.