Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысындағы қызметкерлері ет өңдеумен айналысатын Beef export group ЖШС кәсіпорнының ұлттық жоба аясында бөлінген бюджетті талан-таражға салғанын анықтады. Қазір істің соталды тергеуі аяқталды, деп жазады Egemen.kz.
Кәсіпорын директоры ұйымдасқан топ құрып, ұзақ уақыт бойы «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамыту» ұлттық жобасын іске асыруға бағытталған мемлекет субсидия бюджетін қаражатын ұрлаумен айналысқан. Қылмыстық топ мемлекетке 3 миллиард теңгеден астам шығын келтірген.
«Соталды тергеу барысында күдіктілерден 107 миллион теңге өтеліп, 3,1 миллиард теңге мүлкін пайдалануға тыйым салынды. Қылмыстық схемаға 49 адам тартылған, олардың 13 ұйымдасқан топтың мүшесі, оларға субсидияларды жымқыру, салық төлеуден жалтару, заңсыз кәсіпкерлік қызмет, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, лауазымды тұлғаларға пара беру және құжаттарды қолдан жасау күдігімен айып тағылып отыр», делінген ҚМА таратқан хабарламада.
Тергеу барысында кәсіпорын басшысы компанияның қызметіне салықтық тексеру жүргізген мемлекеттік қызметшіге қысым көрсетіп, заңсыз әрекет жасағаны да әшкере болды.