Ақпан айының соңында Астана қаласында «Зерделі» ақыл-ойды дамыту мектебінің ұйымдастыруымен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Алтын тұғыр» республикалық олимпиадасы өтті.
Бұл сайысқа Батыс Қазақстан облысынан 7 бастауыш сынып мұғалімі қатысып, барлығы жеңіс тұғырынан көрінді. Сөйтіп, облыс командалық есепте жүлдері 3-орынды иеленді.
Соның ішінде Орал қаласы №25 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Нұрбақыт Жамбылова, Бәйтерек ауданы Макаров орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Людмила Кичатова және Теректі ауданы Талпын негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ақтолқын Нықмұқанова екінші орын алса, Орал қаласы Қадыр Мырза Әлі атындағы №47 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Нина Есжанова, Бөрлі ауданы Пугачев мектеп бөбекжай-балабақша кешенінің бастауыш сынып мұғалімі Наталья Мосейко, Шыңғырлау ауданы Л.Қылышев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Сағынай Нағымова және Қаратөбе ауданы Үшағаш негізгі орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жанат Зейнуллина үшінші жүлдеге ие болды.
Біз елордадан жеңіспен келген Нина Есжановаға жолығып, жетістігімен құттықтадық.
«Шынын айтсақ, бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған облыстық, республикалық сайыстар көп емес. Бұдан бұрын қалалық байқаулардан бірінші орын алып жүрсем де, жоғары деңгейдегі сайысқа жолдама алып көрмеген едім. Бұл Астанаға бірінші баруым. «Алтын тұғыр» республикалық олимпиадасы өте тартысты өтті. Соңынан мұғалімдерге арналған оқыту семинарында олимпиадалық есептерді шығару жолдары, балаларды дайындау жөнінде нақты ақыл-кеңес алдық. Осы екі күндік іс-шара өзім үшін өте пайдалы болды», дейді Нина Нұрманғалиқызы.
Нина Есжанова – педагог-зерттеуші біліктілік санатына ие, 17 жыл педагогикалық өтілі бар тәжірибелі ұстаз. Жаңақала ауданы Қызылоба аулында туып-өскен Нина Нұрманғалиқызы 2006 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітірген екен. Кейінгі алты жыл бойына Қадыр мектебінде қызмет етіп келеді.
Қадыр Мырза Әлі атындағы №47 орта мектебінің ғимараты 1200 оқушыға арналғанымен, мұнда қазір білім алып жатқан балалар саны 3 мыңнан асып кеткен. Біздің кейіпкеріміз 2 «а» сыныбын оқытады, сыныпта 28 оқушы бар. Ал мектеп бойынша дәл осы 2-сыныптың 12 параллель сыныбы бар екен.
«Мен бұрын №45 мектепте қызмет еттім. Ол жерде әр сыныпта ең көп дегенде 24 оқушыдан асып көрмеп еді. Әрине, сыныпта бала аз болған сайын оны оқыту сапасы жоғары болады. Дегенмен барынша тырысып, еңбек етіп жатырмыз. Бастауыш сыныпта балаға ата-ананың көмегі керек. Мұғалім мектепте, ата-ана үйде екі жақтан тізе қосса, баланың оқу үлгерімі де жоғары, нәтижелі болады. Құдайға шүкір, параллель сыныптар арасында біздің 2 «а» сыныбы алдыңғы қатарда», дейді Нина Нұрманғалиқызы.
Әңгімелесе келе Нина Есжанованың ұстаздар әулетінен екенін естіп білдік. Әу баста әжесі Ұлдай Тоқтарова 60-жылдардан бастап Жаңақала ауданындағы мектептерде кітапханашы болып қызмет еткен екен. Ал өз әкесі Нұрманғали Шәріпқалиев математика пәні мұғалімі болса, анасы Ираида Шәріпқалиева орыс тілі пәні мұғалімі болып өмір бойы шәкірт оқытыпты. «Олар Қызылоба аулында 40 жыл ұстаздық етіп, зейнет демалысына шықты. Ауылда тұратын көп әулеттің үш буыны менің ата-анамның алдынан оқушы болып өткен», дейді Нина.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді ғой қазақ. Мұғалімдер отбасында дүниеге келген төрт бала да ата-ана жолын қуыпты. Ағасы Гейрат Шәріпқалиев музыка мектебінде мұғалім болса, апасы Әсел Шәріпқалиева мектепте психолог болып қызмет еткен. Ал інісі Тимур Шәріпқалиев өзі туып-өскен Қызылоба аулында информатика пәнінің мұғалімі екен.
«Ата-анам менің математика факультетіне барғанымды қалады. Кішкентайымнан есепке жүйрік едім. Бірақ өзім әуелден кішкене балалармен жұмыс істегенді жақсы көргендіктен, өз қалауыммен бастауыш мектеп мұғалімі мамандығын таңдадым», дейді Нина.
Нина Нұрманғалиқызының өзі де бүгінде 4 ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ана екен. «Уақытымды жаным сүйген жұмысым мен отбасыма тең бөлемін. Түрлі ұсыныс көп болса да, қосымша жұмыстардан бас тарттым. Түске дейін өз сыныбымды оқытамын, қажет болса, кей күндері балаларды қосымша сабаққа шақырамын. Қалған уақытымның бәрін отбасыма, балаларыма арнаймын», дейді ұлағатты ұстаз.
...Бастауыш сынып – бала бойындағы білімнің іргетасы қаланатын өте маңызды кезең. Шәкірттің жұлдызы жанып, ілім-білімге ықыласы ашылуы көбіне алғашқы ұстазына байланысты. Мектеп табалдырығын аттаған балаға Нина Нұрманғалиқызы сынды білікті ұстаз тап болса, ата-ананың арманы сол емес пе?
Батыс Қазақстан облысы