Ұлт қыз-келіншектерінің, ұлт анасының мәселесі қазір аса көкейкесті. Бұл – Әділетті Қазақстанның елдік үлкен бір арнасы. Қазақ әйелі деген ұғымға елімізді мекендейтін барлық этностың әйел қауымы кіреді. Әлемдік аяда бұл дәл солай.
Биыл Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссиясы қызметіне 25 жыл толады. Осы орайда ойыма 2 сұрақ оралды: Ширек ғасырда қазақ әйелі не бітірді? Қандай сапалық өзгерістер жүрді?
Мұның жауабын айтардан бұрын «25 жыл бұрын олар қандай еді?» деген сұрақ төңірегінде де ойланған дұрыс. Иә, есімізге түсті: 1) ала сөмкесін арқалап, бала-шағамды қалай асыраймын деп, өзін де, елді де сақтады; 2) жай сақтаған жоқ, нарықтың әліппесін үйренді, балаларына да жаңа білім беруге тырысты; 3) ассоциацияларға бірігіп, кәсіби һәм деңгейін көтерді; 4) билік жұмысына атсалысуға ұмтылып, алғашқы сайлауларға қатысты.
Бұл жерде әрқайсысымыз өз жолымызды еске алсақ, көп ілгерілегенімізді көреміз. Дамудың өзегі – әр адамның адал еңбегі, табандылығы, бізге сенген айналамыздың, отбасымыздың қолдауы, мемлекеттің әлеуметке бағытталған саясаты екен. Біреу білер, біреу білмес, осы саясатты қалыптастыруда Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның да еңбегі бар. Әрбіріміз ортамызға қалқан болдық, өткен жолымыз, көрген қиындығымыз, жеңістеріміз – тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әйелінің тәуекелі еді.
Ал қазақ әйелі бүгін не бітіріп отыр? Қазақстанда әйелдің рәміздік сипаты қандай? Қазіргі әйелдің рәміздік сипаты 25 жыл бұрынғы әйелдерден әлеуметтік, экономикалық, саяси аспектіде біршама ерекшеленеді. Атап айтсақ:
бүгінгі қазақ әйелі отбасындағы дәстүрлі рөлін игеріп отыр, отбасы өмірін ұйымдастыруға, мансап пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға қолынан келетіннің бәрін жасайтыны байқалады; бүгінгі заман әйелі кәсіби және жеке өмірді тең ұстап, қоғамды жетілдіруде өнегелік орнын ұмытқан емес; мансабын еркін таңдай отырып, білім алуға және өзін-өзі дамытуға кең мүмкіндік алды; бүгінде әйелдер саясатта, бизнесте және қоғамдық өмірдің басқа салаларында белсенді рөл атқарады. Олар Парламентте, корпорацияларда, қоғамдық ұйымдарда позицияларын нығайта түсті. сыртқы келбетіне, өзін-өзі дұрыс көрсетуге саналы түрде қарайды; батыс пен шығыс талғамы тұрғысынан өзіндік келбетін сақтап, төлтума ұлттық қасиет пен парасатты да ұмытпайды; ең басты миссиясы – өмірге ұрпақ әкелуді де жоғары, сапалы деңгейде орындап, отбасын ұйытып отыр.Қазір әйелдерінің барлық саладағы орны туралы қоғамдық пікір өзгерді. Осыдан 25 жыл бұрынғыға қарағанда әйел затының мүмкіндік аясы кеңейіп, таңдау еркіндігі артты. Бұл оның қоғамдағы рөлін айғақтайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: «Түпкі мақсатымызға жету үшін саяси экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы керек. Халқымыздың дүниетанымы, жаңа өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтқанда пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді. Өйткені сана-сезім жаңғыруы, жаңа өмірлік ұстанымдар, пиғыл өзгеруіне ықпал ету, ең алдымен, бұл әйелдер мәселесі деп ойлаймын» деп, басты месседжді айқындады.
Ұлт пен ел жағдайына бейжай қарамайтын әйелдер қауымы әділетті және тұрақты қоғам туралы Президент тапсырмаларын жүзеге асыруға жан-жақты көмектесе алады. Әйелдердің әлеуметтік әділеттілікті, теңдік пен орнықтылықты нығайтуға бағытталған қоғамдық ұйымдары Мемлекет басшысының сапалы ұлт, адал азаматқа қатысты саясатын қолдайды.
Тарих көрсеткендей, әйелдер елдік сананы қалыптастырып, қоғамдағы өзгерістерге түрткі болуда шешуші рөлге ие, терең өзгерістердің катализаторы бола алады. Сол арқылы қоғамда елеулі өзгерістерге қол жеткізді. Өйткені әйелдер отбасы мен қоғамға жаңа дүниетаным мен өмірлік ұстанымды әкелуде жетекші рөл атқарады. Әйелдер басқаларға үлгі болу арқылы қоғамда өзі көргісі келетін құндылықтарды қалыптастыра алады.
Әйелдер жергілікті өзін-өзі басқарудан бастап ұлттық саясатты қалыптастыруға дейін қатысып жүр. Елдегі жаңа реформаларды қолдай отырып, қоғамдық дискурсқа әсер етіп, сананы жаңғыртуға, ниетті түзеуге атсалысуға тиіс. Әйелдер қажет деп тапса, кез келген жағдайда өміршең кеңістік жасай алады. Сол себепті, қоғам дамуына оң әсер беретін тақырыптарды дамытып, теріс ойларға қарсы тұратын жаңа идеялар мен құндылықтардың таралуына ықпал етеді.
Әйелде эмоциялық интеллект мықты болғандықтан, үміті, төзімділігі, трансформацияға бейімділігі эмпатияға, түсіністікке, ынтымақтастыққа, қазақша айтқанда, береке-бірлікке бастауға тиіс.
Осы және басқа қадамдарымызбен сіз бен біз сана-сезім жаңғыруына, пиғыл өзгеруіне ықпал етеміз. Президент бүгінгі жаһандану заманында мемлекетіміздегі аналар, қыз-келіншектер ұлт алдындағы еңбегін абыройлы атқарып жүргенін, мемлекет басқаруда әйелдер үлесінің көбейгенін мақтанышпен айтты.
Әйел тақырыбына байланысты тағы мына көкейкесті мәселеге тоқталғым келеді.
Қазақта «Судың алдын шым бөгейді, даудың алдын қыз бөгейді» деген мақал бар. Қыздың ақыл-парасатын, елді татуластыратын қасиетін айтады. Тарихқа тоқталсақ, көне замандағы Тұмарқыздан өзіміз көзін көрген Хиуазға дейін, Алаш қайраткерлері жаңа заман қыздарының эталоны деп жоғары бағалаған Аққағаз Досжанова, Желтоқсан батыры Ләззат Асанова, еңбек адамы Зылиқа Тамшыбаева сынды тұлғалардан бастап, бүгінгі біртуар жандардың үлгісі жеткілікті.
Біз – бақытты халықпыз. Іздеген адамға бірлік, парасат, мемлекетшілдік, аналық өнеге көп-ақ. Оның себебі Еуразия кеңістігінде қазақ мемлекеті өзінің дербес құқық жүйесін, заң шығару дәстүрі мен салт-санасын үзіліссіз жалғастырған мемлекеттік бірлік еді. Әлі есімізде, Қазақ хандығының 550 жылдығында Ұлттық комиссияның ұйытқы болуымен «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар» тақырыбында халықаралық конференция өтіп, ежелгі жазу маманы, профессор Бақыт Еженханұлы: «Көне Түрік қағанаты туралы қытай жазбаларында «варварлардың салтына сай, әйелдер билікке араласады» деген дерекке қарсы «хатун ел ішіндегі дау-дамайға төрелік жасай алады, аналары негізінен елдегі дау-дамайды шешуге жауапты болады, олар істі қатал әрі әділдікпен шешетін, сол себептен бұл ел ішіндегі бірауыздылық пен тәртіп өте керемет болды» деген дәйек келтірді. Яғни тарихымыздағы саяси орнығуда әйелдер тұрақтылықтың кепілі бола білді. Осы арқау кешегі күнге дейін үзілген емес. Біздіңше, бүгін әйел қауымы ел бірлігінің ұйытқысы болуға тиіс. Өйткені бұл – қазақ аналарының аманаты, елдікті сақтау жолы.
Халқымызда «Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» деген даналық бар. Рас, әйел заты бірлік-берекені арттырады, ағайынның басын қосады. Қоғамның берекесін сақтауға үлес қосып, Әділетті Қазақстан ұстанымына, елді серпінді етуге атсалыса аламыз. Әйел – ұрпақ сабақтастығын жалғастыратын дәнекер. Біз қазір әлемнің кез келген еліне барып, мінберден сөз сөйлеп үйрендік, тіпті оларды таңқалдыра аламыз. Енді үйдегі шаруаны реттейтін уақыт келді. Яғни бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу, ұл-қыздарымызды ұлт дәстүріне бағыттау, отбасында ерлі-зайыптылар сыйластығын, берекесін перзентіңізге бала күнінен түсіндіру, қоғамға құрметпен қарау, басқа адамның құқын сыйлау – міне, маңызды міндеттер.
Қазақ қоғамында еш жерде жазылмаған далалық этикет пен хаттаманың көрінісі – ұлттың бірлік дәстүрінде тұнып тұр. Бірлікке бастайтын дәстүрлеріміз: абысын-ажын татулығы, үлкенді сыйлау, келген адамды жылы қабақпен қабылдау, күні түскен адамға қайырым жасау, ағайын-туыстың басын қосу, жора-жолдастарға ықылас көрсету. Қазақ халқының рухани, мәдени, ментальді құндылықтарының көрініс табатын жері – осы. Ендеше оны жалғастыратын да, үйлестіретін де, ықпал ететін де – әйел.
Осыдан біраз бұрын қоғамда «күл болмаса, бүл болсын» деген қарым-қатынас, позиция белең алды. «Отбасы – әркімнің өз жұмысы» деген де ұстаным болды. Қазір ол уақыттан өттік. Мұның түбегейлі дұрыс емес екенін мойындап отырмыз. «Өз баламды тәрбиеледім, басқа да солай жасасын» деген көзқарас әділетті Қазақстанға жат. Қоғамды тәрбиелемесек, ертең өз баламыздың алдынан шығатын теріс дүние көп болмақ.
Ажырасуға бет түзеген жастарға немқұрайды қарау да – бәрімізге сын. Ақсақалдар, әжелер, аналар алқасының жұмысын шынайы қолға алайық. Ауылдың, әулеттің, ортаның берекесін кіргізуге қызмет етуіміз қажет. Мемлекеттің тұрақтылығы осыдан қалыптасады. Қазір билік көбіне мемлекеттен көмекке зәру адамдармен кездеседі. Басқалардың ортасына кім барады? Әйелдер комиссиялары, қоғамдық ұйымдар – барлығы халықпен жұмыс істеуі керек. Ауылдан қалаға дейін жалғасқан берекелі дәстүрлерді қайтаруымыз қажет.
«Бір күн ұрысқан үйде қырық күн береке болмайды» депті бабаларымыз. «Отбасы ала болса, кереге басы сайын бәле бар» деген асыл әжелеріміз. Бұл ер мен әйелдің татулыққа бірдей жауапкершілігін көрсетеді. Кейінгі кезде «Әкенің міндеті – тек отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету» деген қате көзқарас қалыптасты. Әрине, қаржылық тұрақтылық – маңызды мәселе, бірақ одан да маңызды, баланың жан дүниесін қалыптастыруға әкенің сіңірер еңбегі бар емес пе? Адам табиғаты солай жаратылған. Әкенің күші тәрбиеде басты орында тұрғаны жөн. Дәстүрлі қазақ қоғамында әке – балалары мен отбасы үшін тірек және қорғаушы. Осы ұстанымды қазақ әйелдері қолдап та, жалғастырып та отырған. «Әкең біледі», «Дастарқанға алдымен әкеңді шақыр» деген сөз әкенің рөлін жоғары қойып, абыройын қолдап отырғанның көрінісі.
Тұлғалық дамуда әкенің орнын ешбір адам толтыра алмайды. Психологтер әкесімен психологиялық байланыстағы бала тұрақты және сенімді қалыптасып дамитынын дәлелдеп отыр. Сондықтан баламыз толыққанды болсын десек, әке абыройын көтеруге мүдделі болуға тиіспіз.
Аналарымыздан қалған асыл сөз үйде жиі айтылуы керек. Және бұл ешбір шартсыз түсіндіріліп, орындалғаны игі. Ол үшін баланың анасы мен әкесінің жеке өнегесі, сыйластығы маңызды. Түрлі әке бар, бірақ оны баласының кумиріне айналдыру – ананың миссиясы. Бұл жерде объюзерлерді емес, қарапайым қазақ баласын айтып отырмын. Бұл мәселе еш қаулымен, қаражатпен шешілмейді. Әр адамның жауапкершілігі арқылы шешіледі.
Өмірде түрлі жағдай болады. Мысалы, ажырасқан отбасыда бала анасымен қалады. Бұл – өте дұрыс. Бірақ бөлек кеткеннен кейін әйелдер балаларын әкесімен кездестірмей, жамандап, балағаттаудан тыйылғаны жөн. Олар кикілжіңді баласын манипуляциялау арқылы жалғастырса, ұл-қызын бұзып тынады. Бұл – өмір шындығы.
Әдетте бала туған әкесі яки анасы не айтса да жек көрмейді, бұл – табиғи құбылыс. Әкесімен кездестірмеу баланың өсуін, эмоционалдық интеллектін тежейді. Өсіп, жетіліп алған соң «енді әкең іздеп жатыр, мен өсірдім, жеткіздім» деудің еш қажеті жоқ. Бұл, өкінішке қарай, жиі көрінетін құбылыс. Аналарымыз көп қиындық көрді, жаугершілік, ашаршылық... басқа да азаптар. Бірақ әйел парасатын ұмытқан емес. Апам Ұмсынайдың қызы болып, осындай әңгімелерге қанып өстім. Далада қалған бидай масағын жинап әкелуге кеткенде, бірнеше баласы қараша үйімен бірге өртеніп кетіпті... Содан өмірден күдерін үзіп жүргенде әкем дүниеге келіп, «жаңылып өлмей қалсын» деген ниетпен, Жаңылыс қойған екен...
Қандай қиындық болса да, өмірден үмітін үзбеген, ұрпағы үшін барлық қиындықты жеңіп, осы елді, мемлекеттің негізін бізге қалдырған – ата-бабамыздың, ана-әжелеріміздің өлшеусіз еңбегі, жанкештілігі – бізге аманат.
Елді қорғайтын – ерлер, ерді тәрбиелейтін – әйелдер. Берекелі әйел – кез келген қоғамдық формацияда берекелі әйел. «Шайпау әйел» де солай. Кім жаман әйел атанғысы келеді? Ойланайық!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан озық ойлы ұлт болуға ұмтылу – маңызды стратегиялық мақсат. Озық ұлт болу – экономиканың өсуіне, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға, қоғамның түрлі аспектіде жоғары стандарттарды сақтауға ұмтылу. Қиын да абыройлы міндетті сіз бен біз атқарамыз. Осы жолда бастамамыз, ісіміз берекелі болғай.
Ләззат Сүлеймен,
қоғам қайраткері, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты