• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қаржы 08 Наурыз, 2024

Біліктілік еңбекпен келеді

101 рет
көрсетілді

Қаржы әлеміне жастайымнан қызықтым. Әуелгі білімді Ақтөбеде алдым. Кейін шетел асып, Оңтүстік Кореяның Сеуліндегі KDI School of Public Policy and Management-ті мем­лекеттік саясат мамандығы бойынша тәмамдадым. 2020 жылы UC San Diego Extension қаржы саласындағы бизнесті басқару бағдарламасын аяқтадым. POSCO Asia Fellowship және «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерімін. Бүгінде стра­тегия, статистика және қаржы саласында табысты еңбек етіп келе жатқаныма 14 жылдан асыпты.

«Астана» халықаралық қаржы орталы­ғын­да Орнықты даму жөніндегі директор болып тағайындалғанға дейін АХҚО Әкімшілігінде және оның Жасыл қаржы орталығында (green finance intelligence директоры, басқарушы дирек­тор, бас директорының орынбасары) әр­түрлі лауазымда 7 жыл жұмыс істедім. Коман­даммен бірге Қазақстанның ұлттық жасыл таксономиясын және жасыл жобаларды субсидиялау схемасы туралы тиісті заңнаманы әзірлеумен айналысқан едік. Сондай-ақ 2022 жылдың желтоқсанында қабылданған Еура­зиялық экономикалық одақтың жасыл жоба­ларының модельдік таксономиясын да әзірлеуге қатыстық. «Астана» халықаралық қаржы орталығына қызметке шақырған кезде, қуана келістім. Өйткені алған білімді, жинаған тәжірибені іске жарату, елдің қаржы нарығына үлес қосу үлкен арманым болатын. Оның үстіне ағылшын тілін жетік меңгердім. Бірақ оны қолданбасаң, жетімсіреп қалады. Бұл ретте АХҚО таптырмас жұмыс орны болды. Мұнда біз негізінен шетелдік инвесторлармен жұмыс істейміз, оның үстіне орталықтың ресми тілі – ағылшын тілі. Осында жұмыс істеу арқылы тілдік дағдым да, кәсіби біліктілігім де ширап, ашылып келе жатыр.

Орнықты даму саласы, ESG ұстаным­дарын айқындау отандық қаржы нарығының маңыз­ды саласына айналып келе жатыр. Осы бағыт­тың дамуына білімім мен тәжірибемді жұмсап жүрмін. «Жасыл» облигациялардың мәні мен маңызын қарапайым адамдар түгілі мемлекет, қаржы ұйымдарының өзі енді ғана түсініп жат­қандықтан, қызмет аясын кеңейтуге біз­дің көмегіміз қажет. 2060 жылға дейін көміртегі бей­тараптығына қолжеткізу туралы мемле­кет­тік стратегия қабылданғаны жалпыға мәлім. Әрине, ол үшін қомақты қаржы керек. Оның ішінде «жасыл» инвестицияның орны ерекше.

Сол стратегия қабылданғанға дейін де «жасыл» қаржы тұжырымдамасының төңіре­гін­де жұмыс істедік. Еуропалық қайта құру және даму банкі мамандарымен бірлесіп Қазақ­станға арналған «жасыл» қаржыландыру концептісін жазып шықтық. Сол кезде «жасыл» облигациялар АХҚО алаңында жаңа құрал ретінде енгізілуі керек деген тұжырымға кел­ген едік. Пандемия кезінде «жасыл» ғана емес, әлеуметтік облигациялардың да әлеуеті түсіп кетті. Қазіргі уақытта «жасыл» да, әлеу­меттік те кіретін орнықты даму тұжы­рым­дамасының өсіп-өркендеуіне атсалысып келе жатырмыз. Еліміздегі «жасыл» экономиканың болашағы жарқын. Тиімді «жасыл» инвестициялау бастамаларын іске асыру біртіндеп басталып жатыр. Қазақстан Даму Банкінің былтыр «Астана» биржасында «жасыл» облигациялар орналастыруы – соның дәлелі. Сонымен қатар АХҚО былтыр қазан айынан бері Халықаралық қаржылық орталықтар қауымдастығына мүше. Соның шеңберінде біз Gender Finance Charter деп аталатын бастамаға қосылдық. Ол жерде ген­дер­лік қаржы құралдарын алға тарту, қар­жы саласындағы әйелдердің қызметін насихаттау деген міндеттермен айналысамыз. Биыл мау­сым айында өтетін дәстүрлі Astana Finance Days конференциясы аясында осы қаржы нарығындағы әйелдер белсенділігі жөнінде арнайы сессия ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, соңғы уақытта нарықтағы әйел азаматтардың белсенділігі, іскерлігі жиі байқалып жатыр. Бұл өте жақсы үрдіс.

8 наурыз – мен үшін маңызы жоғары мереке. Мейрамда міндетті түрде анама және туған әпкеме хабарласып құттықтаймын, гүл жіберемін. Мереке кезінде Грузияда іссапарда болайын деп тұрмын. Бірақ жұмыс біткен соң кешкілік мейрамханаға барып, мерекелік көңіл-күйді сезінеміз деп ойлаймын. Биыл бұйыртса, сүйіктім екеуміз бас құрап, отау құруды жоспарлап отырмыз.

 

Айгүл Кусалиева,

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) әкімшілігінің Орнықты даму жөніндегі директоры