• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 08 Наурыз, 2024

Білім іздеуден жалықпаймын

257 рет
көрсетілді

Бала кезімнен нақты ғылымға қызықтым. Математиканы жақсы көріп өсіп, тіпті осы пәннің мұғалімі де болғым келді. Бірақ әкем «Қаржы және Кредит» мамандығын таңдауға кеңес берді. Ол менің математикалық және аналитикалық қабілетімнің аталған салада көмекке келетінін, сонымен қатар жақын арада елімізде қаржы саласының үлкен даму қарқынына ие болатынын, сөйтіп жас мамандар үшін тың мүмкіндіктер ашылатынын да айтты. Осылайша, мен қаржылық білім алдым.

Бұған дейін жақындарымның ішінде еш­бірі қаржы саласында қызмет етпеген. Еуропалық қайта құру және даму банкінің серіктестік даму бағдарламасы ар­қа­сында алғаш рет коммерциялық банкке жұмысқа орна­ластым. Бұл бағдарлама маған қаржылық тал­даудың және кәсіпкерлерге несие беру ерек­шеліктерін түсінудің өте жақсы негізін қалып­тас­тырды.

Жұмыс барысында жаңа тәуекелдерге, жаңа қиындықтарға әркез тап боламыз. Мін­дет­терді табысты шеше алу үшін әр­дайым дамып, жетіліп отыру, білім алудан жалықпау өте маңызды. Соңғы уақытта болған күрделі әрі ауқымды кейстердің бірі – ЦентрКредит Банкі мен ECO Center Bank-тің бірігуі болды. Біз бұл үдерісі өте қысқа мерзімде жүзеге асыр­дық. Клиенттерге қолайсыздық тудырмай екі ірі банктің жүйесін, үдерістерін және порт­фелін біріктіру өте қиын, әрине. Алайда біздің команда бұл міндеттің үдесінен шыға алды.

Кәсіби мансабымда алғаш сол кездегі екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) арасында ТОП-2-ге кіретін еліміздің ең ірі банк­те­рінің бірінде жұмыс істедім. Қазір ол банк нарықта жоқ. Ол жер­де мен заң­ды тұлғаларға несие беру бойынша жақ­сы тәжірибе жинадым және тәуекел-менед­жмент бойынша мансабымды бастадым. Екінші жұмыс орным Қазақстанның ЕДБ ТОП-8 құрамына кіретін кіші банк болды, онда мен тәуекел-менеджер ретінде жұмыс істедім және бірнеше жыл ішінде маман позициясынан тәуекел-менеджмент блогының атқарушы директоры лауазымына дейін өстім.

ЦентрКредит Банкі 2018 жылы Несие тәуекелі департаментіне басқарушылық лауазымға шақырды және мен Басқарма төрағасымен ақылдаса отырып, бұл ұсы­нысты қабыл алдым. Жұмыс істеген әрбір банкте өзіндік оң ерекшеліктер мен күшті жақтары болды, бірақ қазіргі жұмыс орнымда кор­по­ративтік мәдениеттің қыр-сырын, сын-қатер­лер мен тәуекелдерге орайлы көзқарасты, клиентке бағдарлануды, инновацияларға дайын­дықты, өз құндылық­тарыма адалдықты анық сезіндім. Ұжым мен басшылықтан да қол­дауды таптым.

Банк қызметіндегі тәуекелдер сан қырлы: қаржылық тәуекелден басқа операциялық тәуекел, несие тәуекелі, портфель тәуекелі, комплеанс-тәуекел, ақпараттық қауіпсіздік тәуекелі және басқа да сын-қатерлер бар. Шын мәнінде, банктің барлық қаржылық қыз­меті тұрақтылықты арттыру және табыс табу мақсатында тәуекелдерді басқару болып саналады. Бізде тәуекелдердің әрбір бағытын өз ісінің мамандары басқарады, бұл банктің қар­жылық көрсеткіштерінен айқын көрінеді.

Банк шағын және орта кәсіпкерлерге кредит беруді дамытуға айтарлықтай күш жұмсады және қазіргі уақытта ШОБ үшін, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жылдам өнімдерді ұсыну бо­йынша көшбасшы болып саналады.

Табиғат оянатын, түрленетін және барша әйел қауымы құлпырып шыға келетін көктем мерекесін айрықша жақсы көремін. Менің есімім де осы мерекенің негізін қалау­шы­лардың бірі саналатын Клара Цеткинмен аттас, тиісінше осы күні өз есіміме қатысты көп әзіл де естіп жатамын. Клара Цеткин қалып­тастырғысы келген мерекенің мәні әйел теңдігі үшін күрес болды және ол қазір де өзекті болып қала береді. Дегенмен нәзіктік пен сұлулықты дәріптейтін қазіргі мәні де маған ұнайды.

Мерекеде ең бірінші анамды құттық­таймын, оны жақсы көретінімді айтамын. Сосын сүйікті әпке-сіңілдерімді, құр­бы­ла­рымды, әріптестерімді құттық­таймын. Әрине, түрлі спа-процедуралар қабылдап, де­­ма­лып, серуендеп, мереке күні өзіме де жағ­дай жасауға тырысамын.

Қазақстанның қаржы секторы алдына үлкен мақсат қойған әйелдердің дамуы үшін мол мүм­кіндік ашып жатыр деп есептеймін. Бұл сөзіме қаржы саласында айтарлықтай жетіс­­тікке жетіп жүрген әйел азаматтар дәлел бола алады.

 

Клара Эрмакбаева,

ЦентрКредит Банкі Тәуекел-менеджмент орталығының басқарушы директоры