Қазақстан 1967 жылғы шекарада Палестина мемлекетін құру ұстанымынан айнымайды. Бұл жөнінде Палестинадағы жағдайға арналған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің төтенше сессиясы барысында Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу арнайы мәлімдеді.
Сессия жұмысына ИЫҰ елдерінің, оның ішінде Сауд Арабиясы, Кувейт, Қатар, Иордания, Иран, Түркия, Марокко сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысты. СІМК барысында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер Газа секторында атысты дереу тоқтатуға шақырды және Палестина-Израиль дағдарысын тезірек шешу қажеттігін алға тартты.
Мұрат Нұртілеу Газа секторындағы ұзаққа созылған гуманитарлық апатқа байланысты ерекше алаңдаушылық білдірді. Одан шығудың бірден-бір жолы әскери іс-қимылды жақын арада тоқтату екендігін алға тартты. Өңірдің бүкіл халқы үшін бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу жолында күш-жігерді біріктіруге, күшейтуге шақырды. Бұл алдағы қасиетті Рамазан айы қарсаңында ерекше маңызды екендігін атап өтті.
Сөйтіп, Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы көпжылғы қақтығыстың жалғыз шешімі ретінде БҰҰ бекіткен «Екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде 1967 жылғы шекарада Палестина мемлекетін құру бойынша Қазақстанның өзгермейтін ұстанымын растады».
Іс-шара мұсылман елдерінің Палестина халқымен үндестігін және қақтығысты тезірек тоқтату үшін белсенді әрекет етуге ынталылығын, ұмтылысын көрсетті.