• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Наурыз, 2024

Мүмкіндік мол, ынта аз

117 рет
көрсетілді

Өткен жылдың 5 қарашасында өткен аудан әкімдері сайлауында Ақтөбе облысынан Қобда, Ойыл, Ырғыз аудандарын басқаруға тоғыз үміткер таласты. Дауыс беру қорытындысында 60 жастағы Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев пен 55 жастағы Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов өз орындарына қайта отырса, Қобда ауданының әкімі ғана өзгерді. Қобда ауданын 2020 жылдың 21 наурызынан бері басқарып келе жатқан Болат Құловты 45 жастағы орынбасары Ізгілік Тынымгереев алмастырды.

Айта кету керек, аудан әкім­дерін сайлау қанатқақты жобасына мұнай және хром өндірісі бар Мұғалжар, Темір, Хромтау аудандары емес, бірыңғай ауыл шаруашылығымен айналысатын дотациядағы аудандар таңдалған. Содан бері жарты жылға таяу уақыт өтсе де, өңірдегі үш сай­ланған және бұрын тағайын­далған тоғыз әкімнің жұмыс­тарынан айырмашылық, соны серпін, оң өзгеріс сезілмейді. Қазіргі кезде осы он екі ауда­н басшысының алдында құ­рылысы көптен бері тұрып қалған мектеп, спорт кешені, әлеуметтік осал топтағыларға арналған бес қабатты тұрғын үйлер құрылысын аяқтау, жолдар құрылысын қадағалау міндеті тұр. Ырғыз ауданындағы Жарма және Қобда ауданындағы Терісаққан алпыс орындық мектептерінің алты жылдан бері аяқталмай келе жатқаны тіпті ұят.

Көктемгі су тасқыны – әкім­дер жұмысын бағалаудың басты өлшемі. Былтыр күннің күрт еруінен Ойыл өзені арнасынан асып кетіп, Қаратал мен Екпетал ауыл­дарын, Қобда өзені аудан орта­лығындағы біраз үйді басты.

Аудан әкімдері ауылдардағы интернет байланысын реттеу, кәсіп­керлікті дамыту, атаулы әлеу­меттік көмек алушылар санын азайтуға білек сыбанып кірісуі керек. Әрине, бұл жерде көп нәрсе аудан басшысына да байланысты емес. Өйткені, аудандардағы ірі жобаларға тапсырыс беруші – облыстық сәулет және құрылыс басқармалары. Барлық мәселе басқарма мен бас мердігер арасында шешіледі. Соған қарамастан, аудан әкімі де жобаланған істердің уақыты аяқталуына мүдделі бо­луға тиіс.

Тағы бір мәселе – жер қа­райса, былтырғыдай «Ауыл аманаты» жо­басы жалғасады. Атаулы кө­мек алатындар санын азайту, кәсіп­керлікті дамыту мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» қа­натқақты жобасы аз уақытта тиімділігін дәлелдеді. Бір жылдың ішінде 1892 ақтөбелік 7,7 млрд тең­геге 1667 жоба ұсынып, несие алған. Қазіргі уақытта несие беру жалғасып жатыр. Осы қаңтарда 250 млн теңгеге 51 жо­ба, ақпанда 519,5 млн теңгеге 83 несие ресімделген. Бірақ өт­кен жылы күзде картоп, сәбіз, қы­рық­­қабат өсіргендер өнімдерін өткізе алмады. Қысқа сақтауға көп ша­руа­шылықтың қоймасы жоқ. Алдын ала өнім өткізу жолдарын реттемесе, былтырғы жағдай биы­­л да қайталануы мүмкін.

Көктемде ауыл адамдары құс шаруашылығымен айналысуға кө­бірек ықылас білдіріп отыр. Оған себеп – кейінгі уақыттағы саудада жұмыртқа тапшылығы мен тауық етінің азаюы. Алай­да Ақтөбе облысында құстың жемі мен минералды қоспалары Ресейдің Орынбор облысындағы Ор қаласынан не тіпті Баш­құртстаннан әкеленетін­діктен, жем қымбатқа түседі. Мал басын, құс санын көбейту үшін олардың азы­ғы мол әрі қолжетімді болуы керек.

Қобда ауданы тұрғындарының саны – 18 623 адам, 16 ауыл­дық округке біріктірілген 28 ел­ді мекені бар. Ауданда ауыл ша­руашылығы, өсімдік шаруа­шылығымен айналысатын шаруа қожалықтары, жылыжайлар жақсы дамып келеді. Ауданда ірі қара мен ұсақ мал саны 25 па­йызға артқан. Өткен жылы «Ауыл ама­наты» жобасымен 853 қоб­далық арзан несиеге қол жеткізіп, кәсіп ашты.

Ал Ойыл ауданында 22 елді мекен бар. Оның 20-сы орта­лық­тандырылған ауызсумен қам­тылған. Биыл бес ауылға су тазартатын блокты-модуль қондырғы орнатылады. Аудан халқының көрген игілігі – өткен жылдың соңында Көптоғай ауылдық окру­гіне қарасты Шұбарши ауы­лына су құбыры мен Қаратал ауылына газ құбырының тартылуы. Бірер күн бұрын Сарал­жын ауылдық округіне қарасты Шиқұдық ауылында 4G мобильді интернеті байланыс жүйесі іске қосылды. Еңбек жолын Ойыл ауданында қарапайым жұмысшы болып бастап, округ әкімі, ауыл­шаруашылық бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасарына дейін жоғарылап, 2019 жыл­дың 7 шілдесінде әкім болып тағайындалып, одан өткен жылы сайлауға түскен Асқар Қа­зы­баев­тың алдында тұрған міндет – ауыл кәсіпкерлігін дамыту. Ауыл­­шаруашылық өнімдерін өң­дейтін шағын цехтарды көп­теп ашу керек. Тағы бір назар ауда­рарлығы, Ақтөбе облысында сүт өнімдерін өңдеп, одан түрлі өнім шығаратын шағын цехтар жұмысы жолға қойылмаған.

Ырғыз ауданы тұрғын­дары­ның саны – 15 мыңнан асады, 18 елді мекені бар. Аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов осы ауданның қар­жы бөлімінде экономист, салық инспекторы, ауылдық округ әкімі, аудан­дық мәслихат хатшысы болып жұмыс істеген. Оның мой­нында бірнеше аяқталмаған «сақалды құрылыс» бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ырғыз ауданында ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі жо­ғары болған. Алайда ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ниет білдірушілер саны өте аз. Түсіндіру жұмыстары жет­кіліксіз бе, әлде несие алуға құжат әзірлеу жолға қойылмаған ба – осы жа­ғы түсініксіз. Бар білгеніміз – кә­сіпкерлікті дамыту мен ауыл шаруа­шылығын дамытуда Ырғыз ауданы бар мүмкіндігін пайдалана алмай келеді. Оның бір жолы – аудан арқылы өтетін «Самара – Шымкент» тасжолының бойын­да тамақтандыру орындарын, кемпингтер желісін ашып, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуды дұрыс жолға қоюға болар еді.

Соңғы жаңалық, Ақтөбе облы­сында ауылдық округ әкім­дері мен аудан әкімдерінің қызметі мемлекеттік және өңір­лік бағ­дар­ламаларға қатысу, эконо­микалық даму, әлеуметтік даму көрсет­кіштері мен және инже­нерлік инфра­құрылымды дамыту бойынша бағаланбақшы. Осы арқылы әр ауданның даму деңгейі сараланып, төмен көрсеткіштегі ауылдық округтер анықталады. Облыс әкімдігінде өткен жиында мұндай рейтингті әр тоқсан сайын жасау туралы ұсыныс айтылды.

 

Ақтөбе облысы