• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Наурыз, 2024

Қарғын судан қауіп бар ма?

140 рет
көрсетілді

Әр мезгілдің өзіне тән сыйы мен сынағы қатар жүреді. Бұл ретте қыс соңынан келетін көктемнің сынағы – қарғын су. Жер-ананың тоңын жібітіп, тұс-тұсқа тара­ған шуақ­­тан еріген қар суы топыраққа сіңіп құрғағанша айналамыз біраз сар­саңға тү­седі. Табиғи құбылыс болғанымен, әр өңірдің ауа райының ерекше­лі­гіне қа­рай ер­телі-кеш жететін бұл жағдайға қамдану шаралары алдын ала ұйымдас­тырылады.Бүгінде еліміздің барлық өңірінде көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бірақ кейбір өңірлерде күннің күрт жылынуы осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп жіберді. Мәселен, Қазгидромет кешелі бері, яғни 11-12 наурыз күндері Абай облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде жауын-шашын күшейетінін хабарлады. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде қар аралас жаңбыр жаууы күтіліп отыр. Осыған байланысты аталған екі облыстың аумағында қар қарқынды еруі мүмкін. Мұның соңы қарғын судың көбеюіне соқтырып, біраз жерді су басу қаупі бар.

Жақсыбай САМРАТ – Солтүстік Қазақстан облысы

Көктем келгенде солтүстік жұртшылығы көңілі күпті болып отыр. Оның себебін бұдан бұрын бірнеше рет жазғанбыз. Алдымен күз бойы жаңбыр жауып, топырақтың ылғалдылығын қалыптағыдан 53 пайызға арттырып кетті. Мұндай топыраққа қарғын су сіңе алмай, тасқын болуы мүмкін. Оның үстіне биылғы қар қалың.

«Қазгидрометтің» Солтүстік Қа­зақ­стан филиалының директоры Қымбат Мірғалымованың айтуына қарағанда, Сергеев су қоймасына құйылатын биылғы қар суының көлемі 1 600-2 400 млн текше метрден кем болмайды. Ал қалыптағы норма – 1 296 млн текше метр. 15 ақпаннан бастап қар әр бес күн сайын үзілмей жауып тұрды. Сондықтан су тасқыны жоғары болуы мүмкін. Бір қызы­ғы, Ақмола об­лысындағы Сілеті өзені мен Ақмола су қой­ма­сы бас­сейніндегі қар суының көле­мі жылдағы нормадан 26-40%-ға дейін төмен. Бұлар Есіл­дің Сол­тү­стік Қазақстан облы­сын­дағы бас­сей­ніне құяды. Демек Есілдің Сол­түстік Қазақ­стан­дағы облы­сы аума­ғындағы аңға­рының көтерілуі, жер­гілікті сала­ла­ры­ның тасуы 3-6 сәуір аралы­ғын­да басталатын қар суының толық­тыруынан ғана мүмкін болады.

«Біз Сергеев су қоймасындағы судың көтерілуі сәуір айының екінші онкүндігінен басталады деп болжап отырмыз. Ал ол Петропавлға 29 сәуір мен 1 мамыр аралығында жетуге тиіс», деді Қ.Мірғалымова.

«Қазгидрометтің» облыстағы фи­лиалының 19 гидрологиялық бақы­лау бекеті бар. Бұлар Есіл өзе­­нінің бойындағы Тоқсан би, Крещен­ка ауылдарында, Петропавл, Сергеевка су қоймасында және қалаларында, Покровка, Новони­кольск, Дол­ма­тово ауылдарында орна­­ласқан. Сондай-ақ Есіл өзенінің сала­лары – Аққанбұрлық, Шарық, Ба­бық­бұрлық, Мұқыр, Иманбұрлық өзен­дерінің бойына орналасқан Ковыль­ный, Андреевка, Рузаев, Возвышен, Гусаков, Мұқыр, Соколов ауылдарында қоныстандырылған. Есіл өзені мен оның салаларынан басқа Шағалалы, Қамысақты өзендері мен Үлкен То­раңғұл көлінің жағасындағы Север­ный, Ясновка, Корнеевка ауыл­дарын­да да «Қазгидрометтің» бекеттері бар.

Қ.Мірғалымованың айтуына қара­ғанда, бұл бекеттер судың дең­­гейін күніне екі рет тексереді, әрбір он күн сайын судың шығынын ба­қы­­лай­ды, тәулігіне екі рет судың тем­­пера­турасын біліп отырады, қыс күндері күніне екі рет мұздың қалың­дығын, мұз үстіндегі қар биік­тігін өлшейді, күніне екі рет ауа температурасын да біліп отырады, даладағы қардың қалыңдығын бақылайды.

Бекеттерден алынған гидроме­тео­­рологиялық ақпараттар Петропавл қаласындағы «Қаз­гид­рометтің» филиалына түседі, ал олар төтенше ақпа­раттар болса, электрондық пош­тамен Ас­танаға жібереді. Биылғы қардың еруі қарсаңында Астанаға 10 рет көктемгі қарғын су тура­лы ақ­па­рат жіберілген. Сон­дай-ақ әрбір бес күн сайын қар­­дың қалың­дығы түсірілген фото­ма­­териалдар жіберіліп тұр. Топырақтың қатуы, ылғалды­лығы, желдің, боран­ның қаттылы­ғы, ауаның температу­расының бес күндік болжамдары т.б. берілген. Кейде адамның мазасын алып, тым көп түсіп тұратын ақпараттар осы бекеттер жұмысының жемісі екен.

Метеорологиялық монито­рингті бекеттер ғана емес, бес автоматты және 11 стационарлық станса­лар да жасайды. Автоматты мете­орологиялық стансалар Петро­­павл қаласында, Мамлют, М.Жұ­мабаев, Ақ­қайың, Ақжар аудан­дарының орта­­лық­тарында орна­ласқан. Ал стацио­нарлық метеоро­логиялық станса­лар Петропавл қаласында, сон­дай-ақ бұрынғы және қазіргі аудан орталықтары Возвышенка, Благо­вещенка, Сер­геевка, Тимирязев, Явлен­ка, Рузаев, Саумалкөл, Тайын­ша, Чка­лов ауылдарында орналасқан.

Осы айда жауын-шашын мөл­шері негізінен нормаға жақын, алайда кей жерлерде нормадан көп болады деп болжанады. Айдың басында қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал, үшінші онкүндіктің ортасында тұман күтіле­ді. Батыстан соққан желдің күшеюі 15-20 м/с болып тұрады.

 

Баян ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ – Ақтөбе облысы 

Ауа райы күрт өзгеріп, күн бірден жылынса, далада қар жылдам еріп, мұзы ерімеген өзен арналарына құйылуы мүмкін. Осы жағдайға байланысты Ақтөбе облыстық ТЖД барлық жеке құрамы жоғарғы дайындық режіміне ауыстырылды.

Наурыздың 9-10 күндері оң­түстік белдеудегі Ырғыз, Мұғал­жар, Шалқар аудандарында далалықтағы қар күрт ери бастап, елді мекендер мен тасжолдарды су басу қаупі төнгендіктен, төтенше жағдайлар қызметкерлері далалық өзендер бетіндегі мұздарды жаруға кірісті. Мұнымен бір кезде республикалық, облыстық маңызы бар автожолдарда және теміржол бойында су өткізу құбырлары мен көпірлерді тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Осы кезге дейін 1 352 су өткізу құбыры тазартылды. Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынына дайындық жүргізілгеніне қарамастан, кей аудан­дар мен қаланың шеткі бөліктерін су басу жағдайы жылда қайталанады.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жаңа­бергенов облыс аумағында су тасқынына қарсы тиісті жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, бірқатар ауданда еріген қар суының жолдарды шаюы, жол үстімен ағуы деректері тіркеліп отырғанын айғақтады.

«Оның себебі су өткізу құрыл­ғылары бетондалмай орнатыл­ғандықтан, жылда көктемде шайып кетеді. Су тасқыны кезеңінде пайда болатын қауіп-қатердің себебін жою үшін қар шығару жұмыстарын күшейту қажет. Жол құрылысы кезінде қар суын бұру жүйелерін бірге салуды құрылыс компанияларына міндеттеген жөн. Сондай-ақ еріген қар сулары ағатын табиғи арналар үстінен тұрғын үйлер салуды тоқтату керек», дейді ол.

Күзде су тасқыны қаупі жоғары өзендердің жағалауларын бекіту, жолдар бойындағы өткелдерді тазарту жұмыстары жүргізіліп, 46,6 шақырым болатын арықтар мен каналдар тазартылып, 21 шақы­рым қорғаныс бөгеті мен 8,1 шақы­рым су бұру арнасы салынды, 5 гидротехникалық құрылыс жөн­деліп, 3,1 шақырым жаңбыр суына арналған арық қазылды. Сондай-ақ 13 өткізу құрылысы салынып, 27 өткізу құбыры орнатылды. Автокөлік жолдарының бойында екі көпір салынып, алты көпірге күрделі жөн­деу жасалды.

Ақтөбе облысында жыл сайын далалық өзендер сәуірдің 10-13 күндері тасиды. Алайда былтыр наурыздың ортасында күннің күрт жылынуынан Қобда, Ойыл, Жем өзендері мезгілінен ерте тасыды. Биыл да сондай жағдай қайталануы мүмкін. Өзен жағасындағы тұрғын үйлерге қауіп төнген жағдайда тұрғындарды көшіруге азаматтық қорғау күштерінен 1 638 маман мен 350 бірлік техника, 66 жүзу құралы, 232 мотопомпа дайындалып, жанар-жағармай, инертті материалдар әзірленді. Су тасу кезінде тұрғындарды құтқаруға ТЖД жеке құрамынан 41 құтқарушы әзір отыр. Оларға көмекке 10 бірлік техника, 2 жүзу құралы және 8 бірлік мотопомпа бөлінді.

 

Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ – Жамбыл облысы

Еліміздің басқа өңірлері секілді Жамбыл облысында да биыл қар қалың жауды. Ылғалдың шамадан тыс мол түсуі жамбылдық атқамінерлерді де алаңдатып отыр. Барлық жауапты құрылым қызметкерлері қауіп төнген жағдайда жұдырықтай жұмылуға дайын.

«Облыс әкімдігінің табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалану­ды реттеу басқармасына қарасты «Жамбыл су қоймалары» комму­налдық мем­ле­кеттік мекеме­сінің теңгері­мін­де 113 су қоймасы мен бөгеттер тір­кел­ген. Жалпы, су қой­ма­л­арының сыйым­дылығы 136,6 млн текше метрді құрайды. Бүгінде су қойма­ларында нақты 58 млн текше метр су жинақталған. 113 су қоймасының 60-ы каналдар арқылы, қалған 53-і еріген қар, жерасты сулары және өзендермен толтырылады. «Жам­был су қоймалары» мекемесі су тасқынының алдын алу бойынша қажетті іс-шараларды жүргізетін құрал-жабдықтармен қамтылған. Онда 53 қызметкер жұмыс атқарып жатыр. Қажетті техника да жеткі­лік­ті. Мерзімдік су деңгейінің көте­рілуіне орай, қазіргі уақытта су қоймаларының техникалық жағ­дайы мен судың мөлшері мекеме қыз­меткерлерімен қатаң түрде қадаға­ланып отыр. Сондай-ақ су қойма­ларын қалыпты жағдайда ұстау мақ­са­тында жыл сайын су қоймалары мен бөгеттерде жөндеу жұмыстары жүр­гізіледі», дейді облыс әкімдігі таби­ғи ресурстар және табиғат пайдала­нуды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев.

Ақпан айының аяқ тұсындағы дерекке жүгін­сек, облыс аумағында су тасқыны жағдайының күрделенуі­не жедел ден қою мақсатында 1 459 адамнан тұратын авариялық-құтқару бөлім­шелерінің күштері жұмылдырылған. Қажетті құралдар топтамасы әзірленген. Оларға 364 арнайы техника берілген. Бұдан бөлек, 396 қабыл­дау пункті, 6 900 тонна инертті материал мен 16 140 тонна жанар-жағармай қоры дайындалған.

Жалпы, су тасқыны кезеңіне дайындық «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының болжамды деректері ескеріле отырып, талдау жасалған. Облыс бойынша 1 739 шақырым канал, 1 794 шақырым арық, 428 шақырым дренаж жүйесі мен 946 су өткізгіш нысан тазартылған. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі келтірген дерекке зер салсақ, 34 елді мекеннен су басу қаупі алынып тасталған. Екі елді мекенге төнген қауіп барынша төмендетілген.

«2024 жылғы су тасқыны ке­зеңіне дайындық жұмыстары жос­парға сәйкес жүргізіліп жатыр. Ірі су қоймаларының толымдылығын бақылау және талдау, арық-дренаж­дық желілерді тазарту, инертті мате­риалдардың қажетті қорларын дайындау, 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жөнін­дегі ин­женерлік жұмыстар жоспарын әзірлеу іс-шаралар жоспарына сәй­кес атқарылып жатқанын айта кет­кен жөн. Қазіргі кезде облыс бойын­­ша су өткізу құрылыстары мен дренаж жүйесінің 95 пайызы та­зартылды. Жалпы алғанда жоспар­дағы жұмыстар талапқа сай атқа­рылып жатыр», дейді төтенше жағ­дайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Жауапты органдар келтірген дерекке сенсек, барлық тарап көктемгі су тасқыны қаупіне сақадай сай да­йын секілді.

 

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ – Шығыс Қазақстан облысы

Күн күрт жылып кетпесе игі. Шығыс Қазақстан халқының тілеуі – осы. Әйтпесе, қыстың соңына қарай түскен қардың қалыңдығы кейбір өңірлерде үш метрге дейін жеткен. Сол үшін де сала мамандары болуы мүмкін қарғын судың алдын алуға белсене кірісті.

Әсіресе, Марқакөл, Күршім, Ал­тай аудандарында қар қалың. Оның үстіне ауылдарды іргелей ағып жатқан өзен, бұлақ көп. Алда-жал­да арнасы ашылмай қалса, жағаға жайыл­ған су үйді-үйді оп-оңай басып кетеді. Сондықтан ең әуелі әркім тұр­ғылықты жеріндегі арықтарды қасат қардан, қатқан мұздан тазалағаны жөн. Кейбір арықтарға қоқыстың кептеліп қалатыны да белгілі.

Шығыстағы күн рай­ды болжап отыратын «Казгидромет» маман­дарының пікіріне құлақ түрсек, ауа температурасы жылынып барады. Қардың еруі қарқынды. Демек, тілсіз жаудың алдын алу үшін әзірлікті күшейте түсу керек.

Жуықта күн райының күрт жылуына байланысты Шығысқа Семей қаласындағы ТЖМ 68303 әскери бөлімінен қосымша 50 адамнан тұра­тын әскери келді. Олар жағ­дайға мониторинг жасау және су тас­қыны орын ала қалса, шұғыл әре­кет ету үшін жұмылдырылып, Ал­тай және Күршім аудандарына бөлінді. Себебі жоғарыда айтып өткен­дей осы өңірлерге қар қалың түс­кен. Мәселен, Алтай ауданында қар қалыңдығы – 126 см, таулы аудан­дарда – 138 см. Ал Күршім ауда­нында – бір метрдей. Марқакөл өңірі тіптен, қар астында жатыр. Кей­бір ауылдарында апталап жауған қардың қалыңдығы екі метрден асып кеткен.

Дәл қазіргі уақытта өңірде жағ­дай тұрақты. Су тасқыны қау­пі бар деген елді мекендердің тұрғын­дарына түсіндіру жұмыстары мен жалпы саны 188 рейд жүргізілді. Сонымен қатар жоласты су өту құ­быр­лары қардан аршылды. Ал төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері инертті материалға дейін әзірлеп қойған. Қажетті асай-мүсейлері, техникалары сақадай сай.

– Қарғын суға қарсы қажетті тех­ника­лардың әзірлеп қойдық. Қауіп бар-ау деген ауылдарда қап­тарға инертті материалдар да толтырылды. Тұрғындарға шамамыздың келгенінше түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрміз. Мониторинг жұмыс­тарын үнемі бақылауда ұстап отырмыз, – дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметінің басшысы Марина Лискова.

Иә, арқаны кеңге салуға болмайды. Тілсіз жаудың қай бүйірден келері тіпті арнайы мамандарға да беймәлім болуы мүмкін. Мәселен, қар қалың түскен Алтай қаласында сарқырап ағып жатқан 3 өзен, 7 бұлақ, 5 канал, 7 көпір бар. Сондай-ақ 23 жоласты су ағу құбырлары есепте. Яғни өзен аңғарлары секілді орындар қар еру кезіндегі қауіп төндіреді. Мұның бәріне мониторинг жасап отырған Алтай ауданы әкімдігі мен арнайы мамандар аталған орындарды қардан тазартуға кіріскен. Зубовка ауылында 68303 әскери бөлімінің 25 сарбазы қар күреу жұмыстарын жүргізіп жүр. Олар әсіресе суағарлар мен арық бойларын тазалаған. Айта кетейік, қазіргі уақытта қарғын су автожолдарға ғана жайылған. Бұл – қалыпты жағдай. Алда-жалда шамадан тыс су көтерілсе деп, дайындық жұмыстары қайта-қайта пысықталып отыр.

 

Нұрқанат ҚҰЛАБАЙ – Қостанай облысы

ТЖД мамандары өңірде күн райы күрт жылынып кетсе, 36 елді мекенді қызыл су басып қалуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Қауіптің алдын алу үшін жасалған арнайы тізімде Қостанай, Арқалық қалалары мен Алтынсарин, Денисов, Жанкелдин, Қамысты, Қарабалық, Қарасу, Нау­рызым, Сарыкөл, Федоров, Б.Майлин аудандарына қарасты бірсыпыра елді мекен бар.

Сонымен қатар өңірде арнасынан асқан өзен суларының салдарынан біразға дейін жол қатынасы үзіліп қалатын елді мекендер бар. Мысалы, Арқалық қаласына қарайтын Екідің, Федоров ауданындағы Запасное, Б.Майлин ауданына қарасты Майлин ауылы, Қарасу ауданындағы Степное, Герцен, Құндызды, Жангелдин ауданындағы Ақкөл, А.Байтұрсынұлы, Амангелді ауданына қарасты Қоғалыкөл, Ағаштыкөл, Ақкісі ауылдары жыл сайын су тасқыны кезінде аралда қалғандай күй кешеді.

Облыстық ТЖД төтенше жағдайдың алдын алу бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ескендір Құбаевтың айтуынша, биыл аталған елді мекендерге жақын ағатын өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілген.

«Былтыр бекітілген инженерлік жұмыс жоспары шеңберінде тығыздалған топырақтан қосымша жер үйінділері тұрғызылды. Олар табиғи бөгет ретінде пайдаланылады. Теректі өзенінің қарсы жағалауында екі су бұрғыш жасадық. Былтырғы су тасқыны кезеңінде зардап шеккендерге арналған үш тұрғын үй салынды. Өңірлерде нөсер кәрізі тазартылып, шалғай ауылдардағы бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілді», дейді Е.Құбаев.

Табиғи апат қаупі төніп тұрған 36 елді мекенде 3 мыңға таяу тұрғын, 836 үй бар. Облыстық төтенше жағдай қызметі қызыл судан келетін қауіптің алдын алуды қазірден бастап жатыр. Биыл бюджеттен төтен­ше және шұғыл шығындарға арналған қорға қомақ­т­ы қаржы бөлінді. Өңірде наурыз айынан бастап қардың қалыңдығы мен су тасқыны болуы ықтимал аумақ­тардағы жағдайды бақылауда ұстап отыратын ғарыштық мониторинг жүргізіле бастады.

«Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін 278 тоннадан аса жанар-жағармай, 12 750 тонна инертті материал, 75 820 дана қапшық да­йындалды. Зардап шеккен халыққа 16 тонна азық-түлік жеткізуге 147 шарт жасалды. Тұрғын үйлерді су басуына жол бермеу үшін 550 мың текше метр қар шығарылды. Су тасқыны жағдайының асқынуы жағдайында әкім­діктермен бірлесіп, жалпы саны 2 500 адам, 1 500 техника құрылды», дейді Е.Құбаев.

5 ақпаннан бері ауыл-ауылды аралауға шыққан ТЖД қызметкерлері мен қала және аудан әкімдіктерінің өкілдері тұрғындарға уақтылы қар шығару, су арналары мен арықтарды тазарту жайын ескертіп, су тасқыны бола қалған жағдайда қандай амал жасау керектігін түсіндіріп шықты. Құтқару қызметі өкілдерінің айтуынша, қызыл судан қауіп төнген елді мекендердегі тұрғындар эвакуацияланып, қорадағы мал қауіпсіз аймаққа шығарылады.

«Эвакуацияланған азаматтарды су басу қаупі бар аймақтан тыс жерлерге орналастыру үшін уақытша пункттер дайындап қойдық. Қауіпті аймақта қалған елді мекендерге азық-түлік жеткізу жағы да қарастырылып қойған. Қауіп туа қалған жағдайда эвакуацияланған тұрғындарды орналастыратын жайлар, үй жануарларын айдап апаратын орындар анықталды. Аймақта көктемгі су тасқынына қарсы күрес шараларын жүзеге асыратын 1 085 техника, 116 қайық, 365 су сорғы, 269 мотосорғы бар. 2 960 адамнан тұратын арнайы құтқару тобы жасақталды», дейді Е.Құбаев.

Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдай қызметі мен барлық азаматтық қорғаныс қызметтерінің апатқа қарсы бірлескен штабы жұмыс істейді.