Болат Сембин – тәуелсіз еліміздегі құқықтық жүйенің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан, қылмыстық іс жүргізу саласында білікті маман ретінде танылған көрнекті заңгерлердің бірі. Ол өзінің өмір жолында талай биікті бағындыра отырып, тарихи кезеңдерде заң үстемдігінің орнығуы үшін ерен еңбек ете білді.
Болат Ажақайұлы Жамбыл облысында ауыл мұғалімінің отбасында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс жылдарында өмір есігін ашқан ол сол дәуірдің көптеген жас буын өкілі сияқты ерте есейіп, еңбек жолын ерте бастады. 16 жасында кеңшарда механизатор болып жұмыс істеді. Оның әскери қызметі – қажырлылығы мен өр мінезін шыңдай түскен өмір жолының ерекше парағы. Табандылық, еңбекқорлық, білімге құштарлық Болат Сембиннің 1965 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсуіне түрткі болды. 1969 жылы аталған оқу орнын үздік бітіріп шықты. Бұл соғыстан кейінгі ұрпақ өкілі үшін үлкен жетістіктердің бірі саналатын. Болашақ профессор заңгерлік шеберліктің кәсіби шыңына шығу жолын прокурордың көмекшісі қызметінен бастады. Задында прокуратура жүйесіндегі практикалық қызмет Болат Ажақайұлының болашақ өмір жолын алдын ала айқындап берді. Сонымен қатар ол үнемі өзін белсенді қоғам қайраткері ретінде көрсете білді. Мәселен, түрлі деңгейдегі Халық депутаттары кеңестерінің депутаты болғанын атасақ та жеткілікті.
Алған білімі мен тәжірибесі оның мемлекет қайраткері ретінде кәсіби биіктерге жетуіне ықпал етті. Ел тәуелсіздігін нығайтуда аса маңызды саналған кезең 1990–1996 жылдары ол Бас прокурордың орынбасары қызметінде ұйымдастырушылық қабілетін жан-жақты көрсете отырып, елде құқықтық тәртіпті орнатуда аса күрделі функционалдық міндеттерді атқарды. Қазақ елі үшін прокуратура мен сот жүйесінің оңтайлы үлгісін іздеуде «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы», «Соттар туралы» заңдарды әзірлеуге зор үлес қосқаны ерекше атауға тұрарлық. Осы орайда ол кадрлардың кәсіби деңгейін көтеруге үнемі көңіл бөлетін. Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін шыңдауға ерекше назар аудару оның сот төрелігі жүйесіндегі мансабын айқындап, 90-жылдардың соңында елді алға жетелейтін көшбасшылардың біріне айналдырды.
2000 жыл Болат Сембиннің ғылым-білім саласы сияқты жаңа бағытты таңдап, сол арнада шыңдарды бағындыруға жасаған бетбұрысты кезеңі болды. Шын мәнінде, оған ұстаздық қызмет жат емес еді. Өйткені ұстаз отбасында дүниеге келген әрі бала тәрбиесінен хабардар жоғары білімді заңгер Цицерон айтқан «Заңгердің міндеті – өз халқына ағартушылықты тарату» түсінігіне мойынсынып, өз білімі мен тәжірибесін жас ұрпақпен бөлісуді жөн көрді.
Болат Ажақайұлы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да институт директорының орынбасары қызметін атқарғанда терең заңгерлік тәжірибесі мен осы саладағы ауқымды білімі өз әлеуетін тиімді жүзеге асыруына, профессор атағын алуға септігін тигізді. Ол 2001 жылдың маусымында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алып, тағы бір биікті бағындырды. Болат Ажақайұлы заң, құқық саласына қатысты түрлі тақырыпта талмай қалам тартты. Онда көтерілген көп мәселе қоғамда өзекті болатын, сондықтан ғалым оларды ғылыми ізденістеріне арқау етіп, іргелі әрі қолданбалы зерттеу жұмыстарына айналдырды.
2000 жылдың желтоқсанында Болат Сембин Қазақ мемлекеттік заң академиясының проректоры болып тағайындалды. Осы кезеңнен бастап оның өмір белестері аталған оқу орнының даму кезеңдерімен тығыз байланыста өрбіді. Биыл «Maqsut Narikbayev University»-дің құрылғанына да 30 жыл толып отыр. Қазақ елінің ең беделді оқу орындарының біріне айналып, жас ұрпақты біліммен сусындатуға үлес қосқан оқу ордасының мерейтойы 14 наурызда тойланбақ. Болат Сембин университетіміздің елімізде және шетелде танылған заманауи, озық оқу орны ретінде дамуы мен қалыптасуына зор үлес қосып, әлі де талмай еңбек етіп келеді. 2008 жылдың маусым айынан бастап «МNU» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқара отырып, әріптестерімен бірлесіп, өз күш-жігерін елімізде заңдылық пен тәртіптің нығаюына үлес қосушы лайықты ұрпақ тәрбиелеу үшін қолайлы инфрақұрылым даярлауға жұмсап келе жатыр.
Болат Сембин – тәуелсіз еліміздің саяси-құқықтық іргетасын қалыптастыру мен нығайтудың күрделі миссиясын орындаған көрнекті ғалымдардың бірі. Осы деректің өзі оның ел тарихы жадында сақталуына септеспек. Кәсіби заңгер, зерделі зерттеуші ғана емес, сонымен қатар айналасында ешкімді алаламай, бәріне бірдей құрметпен қарайтын текті азамат, білікті маман ретінде құрметке ие болды. Өз ортасына да, отбасына да ерекше мейіріммен қарап, көңіл бөлгендігінің нәтижесінде еліміздің лайықты азаматтары ретінде тәрбиелеген ұрпақтарымен мақтанып, марқая алатын әулеттің зиялы шаңырақ иесі болып отырғанын да айрықша атап өту керек.
Мемлекетіміздің әрі қоғамның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Болат Ажақайұлы көптеген атақ пен марапатқа лайық деп танылды. Осындай ерекше тұлғамен қызметтес болу – әрқайсысымыз үшін үлкен мақтаныш.
Индира ӘУБӘКІРОВА,
«MNU» Конституциялық және саяси зерттеулер институтының директоры