Ішкі істер министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі бірлесіп, биоресурстарды сақтау және флора мен фауна нысандарын заңсыз өндіру фактілерінің жолын кесу мақсатында жыл сайынғы «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Іс-шара барысында 8 мыңнан астам аумақ тексеріске алынды. Олардың қатарында аңшылық және балық аулау нысандары, ормандарды мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелердің аумақтары, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар.
Осылайша, бір айда табиғат қорғау заңнамасын бұзған 4 мыңнан астам дерек анықталды. Оның ішінде жануарлар дүниесі саласында – 2906 факт, балық шаруашылығы саласында – 621, орман шаруашылығы саласында – 25, жер қойнауын пайдалану саласында – 2, басқа да салаларда 709 факт тіркелді. Сондай-ақ 4 мыңға жуық заң бұзушы ұсталып, заңсыз балық аулаумен айналысқан 11 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 13 700 метр тыйым салынған балық аулау торы, 3,5 тонна балық және балық өнімдері, 2793 ақбөкен мүйізі, 188 түрлі құрал тәркіленді.
Сотқа дейінгі 86 тергеу басталып кетті. Мысалы, Қарағанды облысындағы Балқаш көлінің су айдынында полиция қызметкерлері заңсыз балық аулаған ер адамды ұстады. Ол мұз астына 300 метрлік ау құрып, әрқайсысының салмағы 55 кило болатын екі қап балық аулап үлгерген. Табиғатқа келтірілген залал көлемі 397 мың теңгені құрады. Балық ресурстарын заңсыз өндіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Алматы облысында «Сорбұлақ» жасанды көлінің аумағында тәртіп сақшылары 11 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Олар тыйым салынған балық аулау құралдарымен заңсыз балық аулаған. Жеңіл олжаға кенелгісі келген азаматтардан 1 тоннаға жуық балық, түрлі қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленді.
Табиғатты қорғау полициясы бекітілген аңшылық алқаптарда аң аулауға болатындығын еске салады. Аңшының қолында мемлекеттік бажды төлеу белгісі бар аңшы куәлігі, аң аулауға рұқсат, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы, аңшылық атыс қаруын алып жүру құқығына рұқсаты болуға тиіс.