Осыдан он шақты жыл бұрын елімізде 17 мыңдай қыз балаға папиллома вирусына (АПВ) қарсы екпе салынды. Алайда вакциналаудан кейін бірнеше жасөспірімнің жағдайының күрт нашарлауы қоғамды алаңдатып қана қоймай, бұл оқиғаны антиваксерлер іліп әкетіп, аяғы үлкен шуға айналған еді.
Осылайша, АПВ-ға қарсы вакциналау бойынша қанатқақты жоба 2013 жылы Қазақстанның 4 өңірінде – Атырау, Павлодар облыстары, Алматы мен Астана қаласында басталғанымен, 2015 жылы жалғасын таппай қалған еді. Бірақ биыл күзден бастап Қазақстанда әке-шешелерінің келісімімен 11 жастағы қыздарды папиллома вирусына қарсы егу қайта басталады. Алғашқы 350 мың дозаны сатып алу үшін 9 млрд теңге қаражат жұмсалып, 175 мың адамды АПВ-ға қарсы егу көзделіп отыр. Өйткені жатыр мойны қатерлі ісігін алдын алудың ең тиімді жолы осы болып отыр.
АПВ-ға қарсы екпені ең бірінші Аустралия қолға алса, бүгінгі таңда 150-ге тарта ел 11-13 жас аралығындағы жасөспірімдерді жыныстық қатынасқа түспей тұрып вакциналайды. Оның ішінде 71 мемлекет ұлдар мен қыздарға қатар екпе жасайды. Мысалы, осы вакцина арқылы Шотландия елі жатыр мойнын қатерлі ісігін ауыздықтауға қол жеткізген.
АПВ вирусын әйелдер де, еркектер де жұқтырғанымен, бұл вирус әсіресе қыз-келіншектер үшін қауіптірек. Оқырманға түсінікті болуы үшін оларды «жақсы», «жаман» және «қатерлі» деп қарастыруға болады. «Жақсы» түрі салдарынан аяқ-қолда сүйел пайда болып, жағымсыз болса да оны оңай жазып алуға болады. Ал қатерлі түрлеріне келетін болсақ, 99,7% жағдайда осы вирустың салдарынан пайда болатын жатыр мойны обыры жыл сайын әлемде 340 мыңдай адамның өмірін жалмап жатыр.
Қазақстанда жатыр мойны обыры таралуы жағынан сүт безі обырынан кейін екінші орында тұрғаны белгілі. Жыл сайын елімізде 1 800-дей әйелге «жатыр мойны обыры» диагнозы қойылып, 600 науқас осы дерттен көз жұмады. Қысқасы, адамның папиллома вирусы – жатыр мойны обырын, ерлер мен әйелдердің жыныс мүшелерінің сыртқы қатерлі ісігін, ауыз қуысы қатерлі ісігі мен аногенитальды сүйелдерді өршітетін инфекция.
«Папиллома вирусы тобында 200-ге жуық түрі белгілі болса, 14 түрі адамдар үшін қауіпті. Бұл вирус – әлемдегі ең көп таралған вирустардың бірі және адамдардың көпшілігі өмірінде АПВ-ның қандай да бір түрін жұқтырмай қоймайды. Бұл инфекцияға жыныстық белсенді жастағы әйелдер мен 25-30 жасқа дейінгі ер адамдар жиі душар болады», дейді Алматы Онкологиялық орталығы директорының орынбасары Әлия Турешева.
Мамандар көп жағдайда АПВ инфекциясы емделмей-ақ жазылғанымен, кейбіреулерде бұл вирус қатерлі ісіктің дамуына душар етеді дейді. Ал зерттеулердің көпшілігі вакциналаудың экономикалық тиімділігін дәйектеп отыр. Өйткені жатыр мойны обырына қарсы вакциналау әртүрлі елде кеселге шалдығу мен өлім-жітім көрсеткішін 70%-дан 97%-ға дейін төмендеткен.
Бүгінде жатыр мойны обыры дамушы елдердегі әйелдерде жиі кездеседі. Қатерлі ісіктерді зерттеу жөніндегі халықаралық агенттіктің болжамы бойынша, дамушы елдерде жатыр мойны обырына шалдығу көрсеткіші жоғарылай түспек. Сондықтан оның алдын алуға барынша назар аударылып отыр. Бұл агенттікте 2020 жылы жатыр мойны обыры жаңадан 604 мыңдай адамнан анықталып, осы кеселден 342 мың науқас қайтыс болғанын алға тартады. Мәселен, Алматы қалалық Онкологиялық орталығының есебінде қазір 31 866 онкологиялық пациент тұрса, 2022 жылмен салыстырғанда бұл дерек 8,2%-ға өскен.
Өз кезегінде Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары жатыр мойны обыры әйелдерде жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі болғанымен, бұл адам папиллома вирусына (HPV) қарсы вакциналау арқылы алдын алуға болатын қатерлі ісіктің жалғыз түрі екенін айтады. Мәселен, ДСҰ жатыр мойны обырын жою жөніндегі жаһандық стратегиясы Денсаулық сақтау мәселесі ретінде жол картасын қамтиды, яғни қыздардың 90%-ы 15 жасқа дейін HPV вакцинасымен егілуі керек, оған қоса ұлдарды да егу ұсынылған. Себебі ер балалар адам папиллома вирусын тасымалдаушылар екені анықталған.
ДСМ-ның штаттан тыс бас онкологі, «Қазақ онкология және радиология» ҒЗИ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова жатыр мойны обыры алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық дерт екенін дәйектей келе: «HPV вакциналауы АҚШ, Канада, Израиль, Қатар, БАӘ, Ұлыбритания, Германия, Аустрия, Швейцария, Франция, Аустралия, Жапония сияқты елдердің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізілген. HPV-ге қарсы вакциналау көрші – Өзбекстан мен Түрікменстан елдерінде де жүргізіледі», дейді.
Жоғарыда атап өткендей, Аустралияда Ұлттық вакциналау бағдарламасы енгізілгеннен кейін араға 9 жыл салып, 18-35 жас аралығындағы әйелдерде HPV-нің 4 түрі 90%-дан астамға төмендеген. Сол сияқты АҚШ-та 2015-2018 жылдар аралығында HPV-ның 4 түрінің таралуы 14-19 жас аралығындағы қыз-келіншектер арасында вакциналауға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 88%-ға, 20-24 жас аралығындағы әйелдер арасында 81%-ға азайған. Сондықтан жаппай вакциналауды ДДҰ, ACOG, ESGO, SGO, ACS сияқты беделді халықаралық медициналық ұйымдар қолдап отырған жайы бар.
Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов обырға шалдыққандар құрылымы өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалғанын, бірінші орында сүт безі обыры – 14,5% (794 жағдай), колоректальды қатерлі ісік – 8,9% (489 жағдай), өкпенің қатерлі ісігі – 6% (332 жағдай), қуықасты безінің қатерлі ісігі 5,2% (288 жағдай) көрсеткішпен тұрғанын мәлімдеді.
2023 жылдың қорытындысы көз жүгіртсек, есепке алынған 5 491 пациенттің 16,2%-ы (890 пациент) Алматы қаласына басқа өңірлерден келіп тіркелді. Басқа аймақтардан тіркелген 890 пациенттің 125-інде (14,0%) ауру асқынған кезеңде анықталған. Науқастардың басым бөлігі Алматы (364) және Жамбыл (103) облыстарынан келген.
Алматыдағы онкологиялық орталықтың директоры қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім үш жылда 12,4% азайғанын айта келе: «Қатерлі ісікті ерте анықтау мақсатында республикада жатыр мойны обыры, сүт безі обыры мен тоқішек обыры бойынша скринингтік бағдарламалармен қоса, сүт безі қатерлі ісігіне скринингтің 1 кезеңін жүргізу үшін Алматы қаласында 37 маммограф жұмыс істеп отыр. 2023 жылғы скринингтердің нәтижесінде 298 адамнан қатерлі ісік табылды», деді.
Сонымен 2024 жылдың күзінен бастап Алматыда ата-анасының келісімімен 11 жастағы қыздарды вакциналау басталатын болса, таңдауға екі «төрт валентті» және «екі валентті» вакциналар ұсынылады. Төрт валентті вакцина 62% жағдайда, екі валентті вакцина 38% қолданылады.
«Жаппай вакциналаудың негізгі контингенті – 9-13 жас аралығындағы қыз балалар. Өйткені жыныстық өмірді 10 жасынан бастаған жағдайлар да бар. АҚШ-та жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, 10-11 жастағылардың 2%-ы жыныстық қарым-қатынаста болған. Ең абзалы, жыныстық қатынасқа түспей тұрып вакцина алуы керек. ДДҰ вакцинаны 26 жасқа дейін алуды ұсынады, ал АҚШ тіпті 45 жасқа дейін екпе алуға кеңес береді. Бұл дегеніміз, жыныстық өмірі белсенді әйелдер де АПВ вакцинасын қолдана алады, бірақ мұндай жағдайда оның пайдасы шамалы. Себебі олар АПВ-ның бір немесе бірнеше түріне шалдығып үлгеруі мүмкін. Дегенмен вакциналардың алдын алатын АПВ-ның барлық түрін жұқтырған жыныстық белсенді жастағы қыз-келіншектер аз, сондықтан әйелдердің көпшілігі вакцинаны алу арқылы қорғана алады», дейді сарапшы.
Өз кезегінде ДДҰ бұл вакцинаның қауіпсіз әрі тиімді екенін мақұлдады. Бүкіл әлемде мыңдаған адам осы зерттеулерге қатысып, қатерлі жанама әсерлері табылмаған. Ең жиі кездесетін жанама әсерлер екпе жасалған жерде қызару, бас айналу, жүрек айнуы пайда болады.
«Біз жатыр мойны обыры скринингін жаңартуды қарастырып отырмыз. Бұрын жатыр мойны обырын анықтау үшін Пап-тест (онкоцитологияға жағынды) қолданылса, қазір әйелдерді АПВ-тестілеу 5 жыл сайын енгізіледі. Бұл АПВ-тестілеу бүкіл әлемде қолданылады. Егер әйелде АПВ анықталса, ол ары қарай қосымша зерттеуге жіберіледі. Сондай-ақ өкпе обыры да өлім-жітім жағынан бірінші орында болғандықтан, өкпе обырына жаңа скрининг енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ДДҰ мақұлдаған өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясы (ТДКТ). ТДКТ сәулелену дозасы төмен, ол кез келген ісіктерді өте ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін біз Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматыда қанатқақты жобаларды жүргіздік және олар жоғары анықтау көрсеткіштерін көрсетті», дейді онколог Д.Қайдарова.
Баспасөз мәслихатында Алматы онкологиялық орталығының онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Болатбекова: «Вакцинаның әсер ету ұзақтығы иммуногенділік деп аталады. Көптеген зерттеу иммуногенділік вакциналаудан кейін 8 жылдан 10 жылға дейін сақталатынын көрсетті. Осы зерттеулердің нәтижесінде ауқымды иммундаудан кейін ревакциналау қажет емес екенін білдік», деді.
АЛМАТЫ