Сырдан сыртқа жол тартқан ағайынның елдің дәмі ретінде күріш пен «Қазалы» кәмпитін қолына іле кететіні – бұрыннан бар үрдіс. Осыдан болар, басқа аймақ тұрғындары арасында да осы күні Қазалыдан шығатын тәттіні аңсап отыратындар көбейген. Қызылордадан өзге өңірлерге сапарға шыққандардың да алдына жайылған дастарқандағы тәттілер арасынан «Қазалы» кәмпитін көзі шалса, ескі танысын көргендей елжірей қалатыны тағы рас.
Облыс орталығынан жырақта жатқан аудандағы кәмпит цехін 2012 жылдан бастап Нұрбек Қазбергенов атты азамат қолға алып, іс аясын кеңейтіп отыр. Қазір мұнда «Қазалы» кәмпитінің 7 түрі шығарылады. Алыс аудандағы цех облыста тәтті түрлерін шығаратын автоматтандырылған жалғыз кәсіпорын екендігін де айта кетейік. Дайын өнімдер Қызылордадан бөлек, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарына жол тартады.
Тәттінің тарихына үңілсек, өткен ғасырдың елуінші жылдарына кетіп қаламыз. Өндіріс орындарын тұралатып кеткен тоқсаныншы жылдары осы кәсіпорынның айналасындағылар кәмпитті үйден жасап, онысын пойызда сауда жасайтындар көтерме бағамен сатып алып жүрді.
Нұрбек Қазбергенов отбасылық кәсіп ретінде цехті жүргізе бастағанда да барлық жұмыс баяғыдай қолмен атқарылатын.
Қазанда қайнаған шәрбәт алдымен иленеді. Ол суығаннан кейін бірнеше адам қайшылап кесіп, орауға кіріседі. Уақыт пен адам күші көп жұмсалатынынан бөлек тәттінің осы түрінде сырты жылтырап, жұтынып тұрған кәмпиттің өзге сорттарымен бәсекеге түсе алмайтыны да анық еді. Сондықтан жас кәсіпкер әуелі осы қиын шаруаны жеңілдетуді ойлады.
«Алдымен Қырғызстан мен Қытайдағы кондитерлік цехтар жұмысымен таныстым. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 18 млн теңге несие алып, өндірісті ішінара автоматтандырылған жүйеге көшірдік. Осылайша, 30 адамның тірлігін 4 жұмысшы атқаратын болды. Қытай мен Ресейден кәмпиттерді созып, бөліп, турайтын және қағазын орайтын аппараттар сатып алдық», дейді кәсіпкер.
Осындай жұмыстар арқасында 2015 жылы «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында «Қазалы» кәмпиті жеңімпаз атанды. Әр жылға қойылған жоспарды орындау арқылы өнім қазіргі күні еліміздегі қатты карамель өндірісінен өз орнын ойып тұрып алды. 2021 жылдан бастап «Қазалы» кәмпиті жаңа үлгідегі қаптамамен шығып келеді.
Бұл өнімді үйден дайындайтындар әлі де бар. Қазалыда 15 шақты үй, Қызылорда мен Аралда, Қармақшыда әзірлейтіндер де кездеседі. Ал цехтағы өнім халықарлық стандарттарға сай келуімен ерекшеленеді. Кәмпит дайындауға керекті қант бағасы да, өнімді орайтын қаптама мен хош иістендіргіштердің бағасы жыл сайын өсіп келеді. Әрі оның барлығы сырттан әкелінеді. Бұл ең алдымен әрине, өнімнің өзіндік құнына әсер етеді.
«Астанада өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өнімімізді ел көлемінде таныстырудың мүмкіндігі болды. Былтыр облысқа жасаған сапарында Мемлекет басшысы да «Қазалы» кәмпитімен танысып, оң бағасын берді. Осының бәрі бастаған ісімізді жалғастыруға үлкен демеу. Бүгінде тұтынушылар талабының да көп өзгергенін байқаймыз. Олардың сұранысына сай болу үшін ізденісті тоқтатпаймыз», дейді кәсіпкер.
Ауданнан осы уақытқа дейін күріш, балық өнімдері және қамыс шетелге экспортталып келсе, енді олардың қатарына «Қазалы» кәмпиті де қосылды. Өңір брендіне айналған өнім көп ұзамай Қытай еліндегі сауда сөрелеріне түсе бастайды.
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы