Шымкентте оқу-жаттығу жиынын қағаз жүзінде ғана өткізген бапкерлердің ісі әшкереленді. Олар заңсыз әрекеті арқылы 6 млн теңгені қалталарына басқан, деп жазады Egemen.kz.
Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт мектептерінің жаттықтырушылары 2022-2023 жылдар аралығында спортшылардың Алматы, Тараз қалалары мен Түркістан облысында оқу-жаттығу жиындарына барғаны туралы жалған құжат тапсырып келген. Сөйтіп 6 млн теңге көлемінде бюджет қаржысын талан-таражға салған.
Сот барысында мемлекетке келтірілген шығын өтелді, алайда бюджет қаржысын қайтару жазадан құтқармады.
Қалалық сот хабарламасында: «Бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша айыпталушылардың бас бостандығы 1 және 2 жыл мерзімге шектелді», делінген.