Алматыны осы мәселе алаңдатып отыр. 2023 жылдың ақпанында Алматы әкімі Ерболат Досаев соңғы рет сейсмикалық аудит 2017-2018 жылдары өткенін, 2023 жылдың екінші жартысында және 2024 жылдың алғашқы жартысында қаланың жаңа сейсмикалық аудитін бастайтынын айтқан. Әкім сол кезде қаланың сейсмикалық зондтауы ескерілмеген бір шаршы метрі жоқ екенін, Абай даңғылынан жоғары орналасқан үйлердің бәрі 10 балл, төмен орналасқандары 9 балл жер сілкінісіне төтеп беретінін де алматылықтардың есіне салған.
Алматыда арнайы өткен баспасөз жиынына қатысқан сәулетшілер жылдың алғашқы жартысында өтуге тиіс сейсмикалық аудитте қандай мәселеге басымдық беруі керек деген мәселеде ойларымен бөлісті, Парламент қоржынына түспеген «Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі» жобасында осы мәселенің қаншалықты зерттелгенін айтты.
Олардың айтуынша, құжатта Алматының сейсмикалық қауіпсіздік мәселесі тиісті деңгейде зерттелмеген. Кодекс жобасында «Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары», «Сейсмикалық аймақтардағы жобалау және құрылыс ерекшеліктеріне» арналған жеке-жеке тармақтар бар. Бірақ сәулетшілердің айтуынша, екі жағдайда да сейсмикалық қауіпсіздік тақырыбын ат үстінде отырып зерделегендей әсер қалдырады. Аймақтық ерекшеліктер туралы сөз болғанда жалпы сейсмикалық аудандастыру және микроаймақтандыру карталарын әзірлеу қажеттігі, бұл карталарды дайындау ел бюджетіне қымбатқа түсетіні айтылған.
2024 жылдың 23 қаңтарында мегаполисте болған жер сілкінісі қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жер сілкінісінен кейінгі ықтимал келеңсіз салдарды жоюға қатысты мәселелерге дайын емес екенін көрсетті. Сарапшылар жағдайдың жақсы жаққа өзгермейтінін айтып дабыл қағып отыр. Сәулетшілер сонымен қатар сейсмикалық қауіптілік дәрежесіне қарамастан көпқабатты үйлер бір-біріне тым жақын өсетін жағдайларды жою үшін құрылыс тығыздығы нормаларын Кодекске енгізуді ұсынады. Мамандардың айтуынша, Алматыдағы жер сілкінісі сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері Кодекстің талқыланып, қабылдануға күтпей-ақ, тез арада қабылдануға тиіс жеке құжатқа енгізілуі керектігін көрсетті. Олардың пайымдауынша, «Сейсмикалық нормаларды» қабылданған актіні ескере отырып, кейінірек енгізуге болады. Сонымен қатар сәулетшілер айтқандай, Кодекс жобасындағы көптеген бап бұрын қабылданған құжаттарды – жеке заңдарды да, Қазақстан Республикасының басқа да кодекстерінің нормаларын да қайталайды.
Сәулетшілер жобада қала құрылысын реттеуде, қауіпсіз және жайлы жағдай жасауда сәулетші мен қала құрылысын салушының екінші орында рөл атқаратынынан қорқады, ал Қазақстанның сейсмикалық аймақтарындағы жобалау мәселелері жалпы сипатта, кәсіби тұрғыдан жеткіліксіз талданған. Осыдан сегіз жыл бұрын 980 үй бұзылуға тиіс деген шешім шығарылған, оның орнына жаңа тұрғын үй кешендері салынды.
Сәулетші Аркинжан Мәметовтің айтуынша, Алматының бас жоспарын жасағанда, негізінен, микроаймақтандыру ескеріліп, өзге аймақтардың жағдайы тасада қалған. Ал бүкіл елдің сейсмикалық жағдайын тұтастай зерделеуге көп қаржы керек. Бұл қажет болса мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылуға тиіс. Мұндай ауқымды кешенді жұмыстарды атқаруға қала, облыс әкімдіктері тарапынан бөлінген қаржы жеткіліксіз. Қала құрылысы құжаттарын әзірлеу кезінде инженерлік-геологиялық аудандастыру карталарын іске асыру бірінші кезектегі басымдық болуы керек. Өйткені бізде сейсмикалық аймақтардан бөлек, топырақтары өте нашар, жерасты суларының деңгейі жоғары жерлер бар.
Жиынға қатысқан сарапшылар Алматы әкімдігі жанындағы Сәулет және қала құрылысы бөлімі кезінде республика аумағындағы құрылыстарды реттеумен айналысқанын, қажет кезде тәуелсіз сәулетшілердің пікіріне ден қойғанын еске түсірді, басқаша айтқанда, бұл мәселе қоғамдық бақылауда тұрды. Қазір бұрынғы жүйе түбегейлі өзгерді, көп мәселелер құрылысқа жауап беретін мекемелердің пікірін ескерместен, жоғары жақта шешіліп кетті.
«Кейбір мемлекеттік органдардың міндеттері бір-бірімен араласып, нәтижесінде қай мекеменің қандай мәселелермен айналысатынын білмей қалдық. Бізде сәулет және қала құрылысы бөлімі немесе сәулет және қала құрылысы бойынша жер қатынастары бөлімдері бар. Қала құрылысының ұзақмерзімді жоспарын дайындаған кезде мамандардың пікірі ескеріле бермейді. Ал шын мәнінде, қаланың сейсмикалық иммунитеті деңгейінің қандай екенін жоғарыда отырған шенеуніктер емес, жерасты тербелістерін бақылап отырған мекемелермен тығыз байланыста отырған мамандар шешеді. Соңғы жылдары қала билігі сейсмикалық қауіпсіздік емес, абаттандыруға көп көңіл бөлді», дейді Аркинжан Мәметов.
Осы жиынға қатысқан мамандар қалалар мен басқа да елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеуге, ғылыми-техникалық және геодезиялық зерттеулер жүргізуге тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, сәулетшілер қауымдастығының өкілдерін тарту, сондай-ақ әрбір ірі өңірде мамандандырылған ғылыми орталықтарды құру, оның ерекшеліктерін ескеру мәселелерін алға шығарды. Айталық, Қарағанды қаласындағы кеніштер аумағын пайдалануға, Екібастұз, Риддер, Степногор және басқа қалалардағы ашық кеніштерді өндіруге қатысты мәселелерді шешу жүйелі көзқарас пен ғылыми негіздеуді талап етеді.
Техника ғылымдарының кандидаты, «Сарапшылық ұйымдар палатасы» ҰАО басқарма төрағасының орынбасары Талғат Мамаевтың айтуынша, бес қабаттан жоғары көпқабатты тұрғын үй кешендерін жобалаудың барлық проблемалық мәселелеріне құрылысқа сараптама жүргізген ұйымдар жауап беруге тиіс. Содан кейін сарапшы тұрғын үй кешендерінің қабаттары санын шектеу керек деген мәселеге назар аударды. Бұл мәселеге Кодекс назар аудармаған. Егер үй қабаттарының қанша болатынын аймақтық ерекшеліктерге қарай заңдастырып алсақ, құрылысшылар оны өзгерте алмайды.
«10 балдық аймақтар мен тектоникалық бұзылулар сияқты қауіпті жерлерге қанша қабатты көрсету қажет деп есептейміз. Кеңес заманында мұндай аймақтарда құрылыс жүргізу туралы мүлде сөз болмаған. Біз тұрғын үй кешені қабаттарын шектеуді ұсынамыз. Алматы тәрізді аймақтарда бес қабаттан жоғары құрылысқа рұқсат берілмеуге тиіс. Біз Кодексте Жапония үкіметі сияқты сейсмикалық қорғаныс технологиясын құрылысқа енгізу тәжірибесін заңдастыруымыз керек», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда Алматыда тектоникалық сызықтардың бойында 15 қабаттан жоғары тұрғын үй кешендері салынып, пайдалануға берілді. Қала әкімі сол үйлердің тізімін жасап, баспасөзде жариялады. «Өздерінің құт мекеніне айналған шаңырақтың тектоникалық сызық бойында екенін білген әрбір адамның психологиялық күйзелісі туралы мәселе – бөлек әңгіме. Мұның бәрі құрылыста тек бизнес көзі деген көзқарастың басымдыққа ие болып, халықтың қауіпсіздігі екінші орынға ысырылып қалғанын көрсетіп тұр», дейді ол.
Сондай-ақ сарапшы Өнеркәсіп және құрылыс министрі эксперттік жобаларға монополия орнатуға тырысып жатқанын айтып берді. Ол үшін Құрылыс кодексінің жобасында мемлекеттік емес сараптама институтын жою нормасын бекітіп жатыр. Бұл бағыт бойынша 200-ден астам аккредиттелген сараптамалық ұйымдардың сарапшылар қауымдастығы, 2 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Егер жоба мақұлданып кетсе, құрылыс сегменті сын көзбен бақылау мүмкіндігінен айырылып қалған монополистердің уысында болмақ. Осыған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы тұрғын үйді бағалау нарығының өкілдері жаңа кодекстің көмегімен бағалау нарығын толықтай мемлекеттік монополияға алу әрекетін сынаған болатын.
Сарапшы Алматыдағы монолитті, каркасты, панельді үйлер жер сілкінісіне төзімді екенін, қамыс пен саз балшықтан жасалған үйлердің сапасы сын көтермейтінін да айтып өтті.
Сәулет ғылымдарының докторы, ҚазҰТУ профессоры Алексей Әбілов құрылыс сапасына жаңа стандарттар енгізу, соңғы он жылда пайдалануға берілген үйлердің сапасын қайта тексеру қажеттігін айтты. Құрылыс сегментіне жауап беретін жаңа кодексте бизнестің мүддесіне басымдық беретін тұстардың көп екеніне алаңдайтынын да жеткізді. Мұндай заңның қажет екенін, бірақ қазіргі жоба, оның айтуынша, ірі құрылыс бизнесінің мүддесіне бағытталғанын және сәулет, қала құрылысы саласын екінші қатарға ысыратынын атап өтті. Бұл құжатты «Қала құрылысы кодексі» деп атауды және ондағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларына нақты анықтамалар беруді, сондай-ақ заңсыз тараулар мен баптардан арылуды ұсынды. Қала, аудан және ауылдық округтердің бас сәулетшілерінің құқықтары мен міндеттерін белгілеуді, сондай-ақ бекітілген сәулет, қала құрылысы құжаттамасын бұзғаны үшін инвесторлар мен жергілікті әкімшіліктердің, құрылыс субъектілерінің жауапкершілігін айтарлықтай арттыруды, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тарту керектігін де ашып айтты. Оның пайымдауынша, кез келген тұрғын үй кешенін жоспарлаған кезде сырт көз ұсақ-түйек деп қабылдайтын жайттардың бәрі ескерілуге тиіс. «Қала құрылысына жауап беретін мекемелер тек құрылыс барысы ғана емес, халықтың сейсмикалық қауіпсіздігі, өмір сүру ортасының жайлылығын арттыру бағытына басымдық беруге тиіс, жаңа құжатта бұл мәселелер бизнес мүддесінің қалтарысында қалған», деді А.Әбілов.
Сәулетшілер қауымы ұсынылып отырған кодекс алдағы жылдарға сәулет және қала құрылысы қатынастарын реттеуге тиіс негізгі нормативтік құжаттың мақсаттарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келді.
Мәжіліске ұсынылған кодекс жобасын қайта қарап, қоғамдық талқылауға шығарып, содан кейін ғана «Қала құрылысы кодексі» деген атпен ел Парламентінің қарауына ұсынылуы керектігі айтылды.
АЛМАТЫ