Жастар ел өркениетіне тікелей ықпал етеді. Білімді ұрпақ мемлекеттің болашақ траекториясын жүйелейді. Кейінгі уақытта жас буынның шетелге оқуға кетуі, көшуі жиіледі. Еліміздің білімді жастарына шетелден сұраныс та жоғары. Әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып, алпауыт компанияларда еңбек етіп жүрген қазақ баласы көп. Осы жылы да шетелден шақырту алғандардың қарасы – біршама. Көзге түскен екеуімен тілдесіп қалдық.
Еліміздегі білім саласы жыл санап дамып келеді. Бірақ білім көкжиегі кең өрендер шетел асып кетуге асық. Әуелі осы үрдіске ғылыми көзқараспен қарап көрейікші. Жастардың әлеуметтік-саяси ахуалы миграциялық көңіл күйіне әсер ететіні бесенеден белгілі. Осы мәселені Фридрих Эберт қоры зерттеген еді. Біз білім саласына үңілейік. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес Қазақстан жастарының басым бөлігі елде оқығысы келеді. Бірақ «шетелде оқу – білім жетілдірудің, жақсы жұмыс табудың бірден-бір амалы» деп ойлайтындар да жетеді. Әсіресе Батыс елдерінде білім алу – мәртебе. Сондықтан жастардың көбі Батыс елдеріне ұмтылады. Қордың деректеріне сүйенсек, Қазақстан жастары «Шетелде оқуға (оқуыңызды жалғастыруға) мүмкіндігіңіз болса, қай елді таңдар едіңіз?» деген сұраққа жауап берген кезде, Батыс елдеріне басымдық берген. Статистика бойынша, АҚШ-та білім алғысы келетіндер – 29 пайыз, ал Еуропалық Одақтың білім жүйесін озық көретіндер – 23,4 пайыз, Ресейде оқығысы келетіндер 23,3 пайыз болған.
«Есімде, күн сайын поштамды қобалжу сезімімен ашатынмын. Өйткені кез келген уақытта менің оқуға қабылданғаным немесе қабылданбағаным туралы хат келуі мүмкін. Мен компьютерлік ғылымды таңдадым. Онкологиялық аурулармен күресуге көмектесетін заттар мен бағдарламалар жасағым келеді. Компьютерлік ғылымның негізінде адамзаттың болашағы тұрғанына сенімдімін», дейді 11-сынып оқушысы Алексей Ким.
Иә, қазір шетелде білім аламын деген мақсаты барлар баршылық. Мақсатына жетуге тырмысып жүргендер де көп. Солардың бірі – Шымкентте оқитын Алексей Ким. Оны әлемнің үздік 8 жоғары оқу орны білім алуға шақырған. 17 жастағы Алексей бірнеше шетелдік оқу орнына ынталандыру хат жіберіп, өтініш берген. Оны мына білім ордалары қабылдап, грант ұсынған: «Stony Brook University», «Baruch College», «City College of New-York», «Brooklyn College» (Нью-Йорк, АҚШ); «Сенека» колледжі (Торонто), «Виннипег» университеті, «Томпсон өзендері» университеті (Камплус), «Оңтүстік Уэльс Университеті» (Кардифф).
Талапкер әзір университет таңдаған жоқ. Бірақ әлемдегі ең жақсы университеттердің 1 пайызына кіретін «Stony Brook» университетін жобалап отыр. Оқуға түсу кезінде оның ынталандыру хаты мен мектептен тыс белсенділігі көп нәрсені шешкен. Ол үнемі ізденіс үстінде жүрген. IT компаниясынан тағылымдамадан өтіп, Оңтүстік Кореядағы лагерьге мәдени алмасу арқылы барған, ерікті болған, олимпиадаларға қатысқан. Оның айтуынша, шетелдік жоғары оқу орындарына түсу мүлдем қиын емес. Тек дайындықты алдын ала бастау керек. Мысалы, ол тек 10-сыныпта оқи бастаған. Қазір мектеп бітіруге дайындалып, виза жұмыстарын реттестіріп жатыр.
Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әмірлан Қайнарбеков те білімімен озып тұр. Ол Шанхайдағы Нью-Йорк университетінен оқуға грант ұтып алды. Қазақ баласы әлемдегі ең үздік жүз университеттің қатарына кіретін оқу орнында «Компьютерлік технологиялар» факультетінде оқуды жоспарлап отыр.
«Бұл – гуманитарлық өнер университеті. Яғни олар тапсыратын мамандықтардан бөлек, қызығушылық танытатын курстарды таңдауға мүмкіндік бар. Техникалық мамандықты таңдасам да, университет тарих, өзін-өзі тану сынды курстардан өтуге ынталандырады. Маған жан-жақты болған ұнайды. Кез келген маман өз саласында кәсіби білімі болуымен қатар, адамдармен жұмыс істей білуі керек деп есептеймін. Жалпы, әрқашан оқу керек. Сонымен қатар университет қолайлы жағдай жасайды, оқу үлгерімі үшін ынталандыру бар. Мысалы, сессия кезінде университеттің басқа филиалдарына, Абу-Дабиге, Нью-Йоркке баруға мүмкіндік бар», дейді Әмірлан.
Әмірланды жетістікке жетелеген – арманы. Ол шетелге оқуға түскен аға буыннан шабыт алған. Өзінің айтуынша, оның жігерін жаныған өзі оқитын мектептің түлектері екен. Оның ішінде Гарвардқа, MIT-ге түскен Антон Моргунов, Сезім Ертанатов, Нұрсұлтан Ерланұлы, Әмір Әбділдин бар. Бір қызығы, олар ел асып кеткенде, Әмірлан 7-сыныпта оқыған. «Мен қатты таңғалдым әрі бұл маған үлкен шабыт берді. Осының бәріне қол жеткізуге болатынын сол кезде алғаш рет түсіндім. Мен де басқа оқушыларға үлгі боламын деп нық шештім», деді ол. Жолы ақ болғай.
Тағы да бір қызық зерттеу бар. Ол «Зарубежная образовательная траектория казахстанцев: между стереотипами и прагматизмом» деп аталады. Онда отандастарымыздың шетелге білім алуға кетудегі мотивтері жан-жақты талданған. Зерттей келе, білім миграциясына репутация мен имидж факторы тікелей әсер ететіні анықталған. Аталған зерттеуге қатысқан студенттер отандық білім беру жүйесіне көңілі толмайтынын және жоғары стандарттарға сай келмейтінін айтқан. Екінші фактор – шетелдік оқу орындарының тартымдылығы. Жастар шетелге білім алуға әрі жаңа мүмкіндіктер есігін ашамыз деген оймен кетеді.
Қазақ жастарының сапалы білім алып өскені жақсы. Бірақ шам жарығы түбіне түспейтінін ойласаң, өзің ой түбіне түсесің. Сол баяғы «шетелден киген шекпенін өз еліне жапса ғой» дейсің.