Ертедегі адамдар сезімін граффити мен хаттарға, құлпытастар мен жартастарға жазатын. Мұны тіпті «махаббат шифры» деп айтсақ та болады. Археологтер мен этнографтар тапқан Ежелгі Новгородтан бастап Осман империясы аралығындағы бізге жеткен ғашықтық хаттарына назар аударыңыз.
Үш мың жыл бұрын жазылған Ликиялық өлең бар. Авторы белгісіз. Оны ақын Файзулла Төлтай қазақ тіліне аударған. Іңкәрлікке толы өлең «Ғасырыңнан мені іздеп таба алмасаң мұңайма, мен қолданған заттарды көзің шалар қалайда» деп басталады. Археолог ғалымдар осы өлең сияқты ғасырларды еңсерген ғашықтық хаттарын тапқан. Мысалы, он ғасыр бұрын қайың қабығына жазылған махаббат хаттарының осы күнге дейін мыңнан астамы табылған. Соның бірінде «Мен саған үш рет хат жібердім. Сағынышымды жаздым. Алып-ұшып келер дедім. Тілеуіңді кімнен сұрайын?» деген өрнек тұр.
Роксолонаның Сүлеймен сұлтанға жазған нәзіктікке толы хатын қалай айтпай кетеміз? Ол көзінің ыстық жасы тиген хатына «Мен тәңірдің жаратқан дүниесінде жоғалған пендемін. Ғұмырымның көктемін асыл тастар қобдишасындағы меруерттей сіздің қорғауыңызда сүрдім. Тек сіздің қасыңызда ғана жан тыныштығын таптым», деп жазған.
Ал Помпей – ыстық лава мен күл астында қалған қала ретінде танымал. Жергілікті тұрғындар қиранды қабырғаларына хат қашап түсірген. Негізгі тақырыптар: саясат және махаббат. Этнографтар мына хат жауапсыз қалған дейді: «Біз бақытымызды кешіктіріп, үмітімізді желге ұшырып, неге үнемі «ертең» деп айтамыз?». Айтпақшы, жоғарыда жазған Ликиялық өлеңнің соңы осы хатқа жауап бола алатын секілді: «Мыңжылдықтар қақпасын бұзып өтіп, біздегі – тым болмаса қауышар қолымыздың іздері».
Археологтер тапқан ғашықтық хаттары – осындай. Ал сіз оны өз жүрегіңізден іздеңіз.