• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Наурыз, 2024

Мұқтаждың жыртығын жамаған дүкен

123 рет
көрсетілді

Қоғам дамыған сайын өзіне қажетті жүйені өзі қалыптастырады. Мәселен, әлеуметтік дүкендердің ашылуына себеп болған ХХ ғасырдағы ірі қанды-қасап оқиғалар еді. Яғни мұның тарихы ІІ дүниежүзілік соғыс кезінен бастау алады. Бұл – әсіресе, Еуропа елдерінде кең етек жайған үрдіс. Қазір АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Аустралия, Ресей секілді елдерде әлеуметтік дүкендер жұмыс істейді. Бұл негізінен сіңірі шыққан кедей елдерге арналғанымен, қайырымдылық дүкендері дамыған елдерде әлі де жетерлік.

Халқымызда дәл мұндай дүкендер болмағанымен, өзінен артылғанын жоқ-жітікке бөлісу – ежелден бар үрдіс. Оны қазіргі заманауи түрде жалғастырып отырғандардың бірі – Астанадағы «fond_algys.kz» әлеуметтік дүкені. Бұл қайырымдылық орны 2019 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді.

Талай «қысқа жібі күрмеуге жетпей жүрген» жандардың алғысына бөленіп отырған қайырымдылық ордасына біз де арнайы барып, ондағы тыныс-тіршілікпен етене танысып қайттық. «Алғыс» әлеуметтік дүкенінің негізі ұстанған ұраны – «Қолдан-қолға». Қо­лын­дағы артығыңмен мұқтаж адаммен бөліс дейді. Яғни дүкен – бар мен жоқтың ара­сындағы дәнекер.

Дүкеннің ерекшелігі сол – қайырымды жандардан жиналған киім-кешек ілгіш­терде ілулі, ыдыс-аяқ сөрелерде самсап тұр. Бәрі де тап-тинақтай, қыздың жиған жүгендей көз тартады. Балалардың ойын­шықтары да бөлек орналасқан. Тұр­мысқа қажетінің бәрі табылады. Былай қарасаңыз, кәдімгі дүкендерден еш айыр­машылығы жоқ.

«Дүкенге кез келген киім-кешек пен тұрмыстық дүниелер қабылданады. Тек таза әрі бүтін болуы керек. Тегін дүние тек тізімдегі тұрмыс-тіршілігі төмен отбасыларға беріледі. Бір адамға – бір киім және бір отбасы бала-шағасымен айына тек бір рет киінуіне рұқсат. Қазір бір адам екі пәкет киім ала алады. Тек 2 мың теңге берсе, болды. Ол қайырымдылық дүкені орналасқан орынның жалға алу құны үшін алынады. Кейбірінің оны да беруге шамасы жоқ. Олардан ештеңе алмаймыз», дейді дүкен қожайыны Ұлжан Қонысбекова.

Бұл әлеуметтік дүкеннен бір күнде 10-15 адам, бір айда 50-60 адам, бір жылда 800-дей адам зат алады екен.

«Біздің дүкеннен бір күнде мыңнан аса зат өтіп кетеді. Негізінен киімге ғана есеп жүргіземіз. Оған қоса ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар, балалар ойыншықтары мен басқа да қажетті заттар бар. Сондай-ақ әр жұма сайын қамқор азаматтар келіп, мұқтаж жандар мен отбасыларға тегін нан таратады. Бұл да – дүкен жүргізіп жатқан қызметтің бір бөлігі. Атқарылған жұмыстар бойынша есеп Instagram парақшамызда беріліп отырады», деді дүкен қызметкерлері.

Дүкеннің есігі көпбалалы және қо­лын­да мүгедек адамы бар отбасыларға, жал­ғыз­ілік аналарға әрдайым ашық. Әр отбасына қажетті заттар айына бір-ақ рет беріледі.

«Бір айдан соң қайта келуге мүмкін­дік бар. Отбасындағы әр адам үшін екі заттан алуға болады. Сондай-ақ ата-ана­лар балаларына ғана емес, өздеріне де кере­гін ала алады. Көмек көрсетілген азамат­тар­дың деректер базасын да жасақтап ­жатырмыз», деді ерікті қызметкер Ғалия Бердалиева.

Оның сөзінше, ондағы заттар мен киімдерді елорда халқы өздері әкеліп тапсырады және әкелінген заттардың 10%-ы мүлде қолданылмаған, яғни су жаңа болып шығады екен. Дүкенде үш адам жұмыс істейді екен, ал заттарды жинастыруға және сұрыптауға еріктілер тегін көмектеседі.

«Киім-кешек пен үй заттарымен қатар азық-түлік алып келетін азаматтар да бар. Алғашқы уақытта азық-түлікті осы дүкенде тараттық. Бірақ оған деген сұраныс жоғары болғандықтан, арты таласқа ұласты. Сондықтан азық-түлікті таратуды тоқтатып, мұқтаж отбасыны өзіміз анықтап тауып, үйіне апарып беретін болдық. Сонымен қатар кейбір тұрмысқа қажетті техникалық бұйымдар мен үй жиһаздарын да қабылдаймыз. Бірақ оны қажетті адамдарға үлестіруге арада үйлестіруші қызметін атқарамыз», деді Ұлжан Нұрғалиқызы.

Біз барғанда дүкенде өзіне қажетті заттарды таңдап жүргендердің де қарасы аз емес екені байқалды. Бір екеуін әңгі­меге тартып, бірер сауалымызды да қо­йып үлгердік. Соның бірі – көпбалалы ана Әзиза Өскенбайқызы.

«Тұрмыстық зат деген – өміріңе ең қажетті нәрсенің бірі. Қазір бәрі қымбат. Бәрін бірдей жаңадан сатып алуға қалта қауқарсыз. Не істейміз, амалсыз осында жүгінеміз. Әр мезгіл сайын бір рет келіп, балаларға қажетті заттар аламын. Тек киім ғана емес, мұнда басқа да күнделікті өмірге қажетті бұйымдар табылып жатады. Көбі мұндай дүкенді ескі-құсқы заттардың қалдығы деп ойлайды. Ал мұнда тіпті ұсталмаған заттар да кездесетін кездер болады. Қымбат брендтегі киімдер де – сол», дейді ол.

Ал дүкеннің тұрақты тұтыну­шы­ларының бірі Жәмила апамыздың «Алғыс» дүкеніне айтар алғысы шексіз.

«Мұндағы қызметкерлердің бәрі де тегін қызмет көрсетеді. Яғни еріктілер. Бұл дүкеннен бір бақыр тиын таппайды. Мұны қоғамдық жұмыс ретінде істейді. Әр келген сайын тура сатушылар секілді әр затты көрсетіп, таныстырып береді. Жаңа түскен бұйымдарды да көрсетеді. Тек 2 мың теңге беруің керек. Әр нәрсенің өз садақасы, аз да болса өтеуі болуға тиіс. Сондықтан мен мұндай теңгені қалай да беріп аламын. Дүкендегі қыздарға алғысым шексіз. Қанша мұқтаж азаматтарға қолғабыс жасап отыр», дейді апамыз.

 

P.S. Әр зат бекер рәсуа болмай, бір мұқтаждың кәдесіне жараса, оның қоғамға да тиімді тұстары мол. Мысалы, мұндай қайырымдылық дүкендерін Еуропаның кей елдерінде «қайта сату» деп атайды. Біз қайта өңдеу саласында кенже қалған елміз. Сондықтан әрбір бұйым бірден қоқысқа кетіп, экожүйені бүлдіргеннен жоқ-жітіктің бір жыртығын бүтіндеп жатқаны – қуанарлық жайт. Өйткені қазақта «сүйек тамыр сүйкеніп күнін көрер» деген сөз бар еді.