• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Денсаулық 13 Наурыз, 2024

Артық салмақтың эпидемияға ұласу қаупі бар

177 рет
көрсетілді

Оразада кейбір адамдар арықтаймын деп ауыз бекітіп жатады. Бұл ең алдымен құлшылық ретінде тұтылатын амал болғанымен, біреулерге диета ретінде де артық салмақтан арылуға жанама көмегі болса, құба-құп. Өйткені денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, қазіргі күні әлемде семіздік мәселесі эпидемия деңгейіне жеткен. Ересек адамдардың 30%-дан астамы артық салмақ арқалап жүр.

Денсаулық сақтау министрлігі Қо­ғам­дық денсаулық сақтау ұлттық орта­лығының бас маманы, медицина ғы­лымдарының докторы, профессор Татьяна Слажнева Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының дерегінше, кейінгі 36 жылда әлемде артық салмақтан зардап шегетін адамдардың саны екі есе  өскенін айтады. ДДҰ-ның 2022 жылы жариялаған жаңа баяндамасына үңілсек, Еуропа құрлығында артық салмақ пен семіздіктің таралуы эпидемия деңгейіне жеткен және әлі де өсу қарқынын сақтап отыр. Әр 10 жыл сайын артық салмағы бар адамдар қатары 10 пайызға арту үстінде.

Дәрігердің пікірінше, біздің еліміз де әлемге төнген бұл кеселден дін аман емес. Қазақ тамақтану академиясы жүр­гізген зерттеу көрсеткендей, елдегі ересек адамдар арасында (15 жастан жоғары) әйелдердің шамамен 29,7%-ы, ерлердің 33,9%-ы, яғни үштен бірі артық салмаққа ие.

«Ал балаларға келсек, біздің ұлттық орталық жүргізген COSI зерттеуінің дерек­тері бойынша 2020 жылы 6 жастан 9 жасқа дейінгі балалардың 20,6%-да артық салмақ бар болып шықты. Әсіресе ұл балалар арасында көбірек. Соның ішінде ауылдық жердегі балалармен (17,5%) салыстырғанда, қалада тұратындар ара­сында семіздік көрсеткіші (23,1%) анағұрлым көп. Бұған қалалық жердегі артық тамақтанумен бірге, қимыл-қозға­лыстың аздығы да себеп болып отыр», дейді Т.Слажнева.

Денсаулық сақтау саласы мамандары артық салмақ пен семіздіктің адамның өмір сапасына тигізер зардабы өте зор екенін айтады. Артық салмақ өкпеге және көк етке (диафрагма) қосымша күш түсіреді де, бұл қалыпты тыныс алуға кедергісін келтіреді. Ал бұл өз кезегінде тез шаршауға, дене белсенділігінің тө­мендеуіне және күнделікті тіршілікте түрлі шектеулерге себеп болады. Бұған қоса мамандар артық дене салмағы өмір сүру ұзақтығын орташа есеппен 7 жылға қысқартады дейді. Жыл сайын әлемде кем дегенде 2,8 миллион ересек адамның семіздік салдарынан қайтыс болатыны дәлелденген.

«Нақты мысалдарға жүгінсек, қант диабеті ауруының 44%-на, жүрек ишемиялық ауруының 23%-ына және қа­терлі ісік түрлерінің 7%-дан 41%-ға дейінгі жағдайларына семіздік пен артық салмақ себеп болады. Сонымен қатар артық салмақ атеросклероз, гипертония, инфаркт, инсульт, асқазан-ішек патологиясы, артрит, репродуктивті қызметтің бұзылуы және басқа да көптеген аурудың өршуіне түрткі болуы мүмкін. Қимыл-қозғалыстан бөлек, тамақтану ерекшелігі мен режімінің бұзылуы да артық салмақ қосуға ықпал етеді. Көмірсу, май, тұз, тәттілер және алкогольді ішімдіктерді шамадан артық тұтыну, сондай-ақ түнде жатар алдында тамақ ішудің денсаулыққа зияны көп», дейді Т.Слажнева.

Дәрігердің айтуынша, калорияларды, қанттарды, қаныққан майларды және тұзды шамадан тыс тұтыну – семіздіктің пайда болуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Ал тағамдық заттардың барлығынан (ақуыздар, көмірсулар, майлар, дәрумендер, минералдар) бірдей мөлшерде құралған, яғни әртүрлі тағамдарды қамтитын «тең­дес­ті­рілген тамақтану» қалыпты салмақ пен денсаулықты сақтауға көмектеседі. «Жемістерді, көкөністерді, дәнді дақыл­дарды, ақуызға бай тағамдарды (ет, балық, жұмыртқа, бұршақ дақылдары) жеткілікті мөлшерде тұтыну, сондай-ақ жануар майына, қантқа және тұзға бай тағамдарды шектеу салмақты тиісті шамада ұстаудың пайдалы жолы», дейді ол.

Біз одан семіздіктің тұқым қуалайтыны жайында, сондай-ақ туғаннан семіруге бейім адамдар артық салмақ қоспау үшін не істеуі керектігін сұрадық. Оның айтуын­ша, бұл жерде генетикалық фак­тордың бар екені рас, алайда ол бар­лық семіздік жағдайдың 2-ақ пайызын құрайды екен.

«Мамандардың пікірінше, салмағы қалыптан тыс адамдардың 98%-ы – өмір салтын дұрыс ұстанбау, дене белсен­ділігінің төмен болуы және дұрыс та­мақ­танбау салдарынан семіздікке ұшы­рағандар. Қалған 2%-ы ғана – зат алмасудың бұзылуынан, эндокриндік патологиядан (қалқанша безі, бүйрек үсті безі, гипофиз, қыздардың аналық бездері), кейбір дәрі-дәрмектерді ұзақ уақыт қабылдаудан (гормондық препараттар, антидепрессанттар) және тұқым қуалау жолымен пайда болған артық салмақ. Иә, зерттеулер генетикалық фактордың метаболикалық үдерістерге, тәбетке, майдың жиналуына және салмақ қосуға әсер ететінін көрсетеді. Дегенмен генетика семіздіктің жалғыз себебі емес әрі оны дұрыс тамақтану және саламатты өмір салтын ұстану сияқты сыртқы факторлармен өзгертуге болады. Өзіңіз айтқандай, туғаннан семіруге бейім адамдар калорияны аз тұтынып, спортпен жиі айналысу арқылы арықтауға мүмкіндігі бар», дейді дәрігер.

Сонымен бірге ол арықтау үдерісін маманның бақылауымен жүзеге асырған абзал екенін, бұл қол жеткізілген нәтижені ұстап тұруға әрі артық салмақтан денсау­лыққа зиянын тигізбей арылуға мүмкіндік беретінін ескертті.

Жалпы, бұрын семіздік көрінісі көбіне-көп үлкен адамдардан байқалатын, ба­лалар арасында ілуде біреу ғана кезде­сетін. Ал қазіргі таңда бесіктен белі шық­паған жас жеткіншектердің арасында да месқарын иелері көптеп кездеседі. Жоғарыда келтірген деректеріміз соның анық айғағы. Т.Слажнева бұл жағдайға гаджеттердің де қатты әсер етіп жатқанын айтады. Балалар компьютер мен телефон алдында ұзақ уақыт қимылсыз отырумен қатар, әлеуметтік желіде жылтыңдап шыға беретін зиянды өнімдердің агрессивті жарнамасына да тез сенгіш келеді. Мамандардың айтуынша, балалар мен жасөспірімдерге фаст-фуд, түрлі кондитерлік өнімдер мен газдалған тәтті сусындардың коммерциялық жарнамалары ерекше әсер етеді екен. Қайта өңделген құнарлығы жоғары мұндай өнімдердің құрамында қант, тұз және май шамадан тыс көп болады, сонымен қатар биологиялық құндылығы өте төмен. Өйткені өңдеу барысында бала ағзасының қалыпты өсуі мен дамуы үшін өте қажет дәрумендерден, тағамдық талшықтардан және басқа да пайдалы биологиялық белсенді заттардан айырылады.

Сондықтан барлық ата-ананың мін­деті – баланы ерте жастан бастап дұрыс тамақтануға үйретіп, іс-қимыл бел­сен­ділігін арттыруға тиіс. Тұтынатын тағамындағы қант мөлшерін азайту арқылы рацион құнарлығын қалыпты деңгейде ұстау (тәттілер, газдалған тәтті сусындарды ішкізбеу, бала кезінен су ішуге үйрету), фаст-фуд, шұжық, сосис­каларды, консервіленген өнімдерді шектеу, рационға майсыз ет, балық, табиғи қышқыл сүт өнімдерін қосу, жемістер мен көкөністерді, бұршақтарды, дәнді дақылдарды және жаңғақтарды көбірек тұтынуға үйрету керек.

«Осы орайда менің айтарым, же­містер мен көкөністерді және суды әр­­дайым балалардың көз алдына қойы­ңыз. Теледидар мен компьютер алдында, смартфон немесе басқа да гад­жеттерді ұстап отырып тамақ ішуге рұқсат бермеу керек. Кішірек тәрел­ке­лерді пайдалану арқылы баланың тұты­натын тағам мөлшерін азайту қажет. Жастайынан оларды қимыл-қозғалысты көп жасауға, спортпен шұғылдануға дағдыландырыңыз. Сонымен бірге ұйқыға жату режімін қатаң сақтаңыз. Адам бойындағы артық салмақтың болуы ұйқының аздығымен де байланыс­ты екені дәлелденген. Жас балалар кем дегенде 9 сағат ұйықтауы керек. Осы ережелерді бұлжытпай орындап, саламатты өмір салтын ұстансаңыз, өзіңізді де, балаларыңызды да денсаулыққа зияны бар семіздік секілді кеселден сақтай аласыз», деп сөзін аяқтады дәрігер.