• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Наурыз, 2024

Амал – мейірім мен сауап мейрамы

272 рет
көрсетілді

Далада әлі де қар жатқанымен көктемнің лебі сезіледі. Көктемге тән иіс, дыбыс, шуақ бар. Биыл бұл мезгіл бұрнағылардан өзгерек. Осы жылы қасиетті Рамазан айы Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Жаңару мен тазалықтың, мейірім мен ізгіліктің айы саналатын бұл екеуінің қазақ үшін мәні де, маңызы да зор. Жылдың жаңарып, күн мен түннің теңелер шағы да осы кезең. Тарихтан тамыр тартқан Әз Наурызды халқымыз бір күн емес, тұтас ай бойы тойлайды. Ал оның 14 наурыз – Амал, көрісу мерекесінен басталуы тегін болмаса керек.

Қыстан аман шыққан халықтың бір-бірімен мәре-сәре болып жүздесетін Көрісу күнінің шын мәнінде шапағаты мол. Амал – әр адамның жақынына жылы сөз айтып, жыл сайын бір-бірімен амандықта жүздесуін тілейтін сауап мейрамы. Бұл күні жасы кішілер үлкен кісілерге арнайы ат басын бұрып, сәлем береді, батасын алады. Осындай игі ғұрыпты жалғап Интернет-редакция бөлімінің қыз-жігіттері «Egemen Qazaqstan» газетінде ұзақ жылдар бойы қызмет еткен ардагер журналист Жанат Елшібек ағамыздың үйіне арнайы бардық. Ағамыз бізді жылы шыраймен қарсы алды. Есіктен үйге кіре сала үйдегілердің кеңпейілді көңілінің өзі бізді қуанышқа бөледі. Үйіндегілер дегенім, қаламгердің ұлы мен келіні, немерелері еді. Ал жеңгеміз бұл күні жұмыста екен.

Өзін арнайы іздеп келгенімізге ризашылығын білдірген ардагер журналист әңгімесін журналистика төңірегінде бастады. Ал біз ұйып тыңдай бердік. Жастарды көріп, жастық шағы еске түсті ме екен деп те топшыладық. Журналистикадағы сара жолы қалай басталғанынан бастап түрлі қызықты естеліктерін айтып берді. «Жауқазын», «Қарлығаш», «Қош бол, теңіз…», «Уақыт-сынап», «Тағдыр желі» сынды туындылардың авторы қазір «Журналистика жұмбағы» атты кітап жазып жатыр екен. Бұл шығарма да бұйыртса оқырманның ыстық ықыласына кенелері анық.

Бұдан соң бәріміз дастарқан басына жайғастық. Көрісу күні қазан толып, дастарқанның түрлі тәтті-дәмдімен жайнап тұрғаны арқа-жарқа болған ағайынның қуанышын еселей түскендей көрінді. Осыдан-ақ бұл отбасының Наурызды тойлауға ерекше мән беретінін аңғардық. Қаламгер де бұл ұлық мейрамның мән-маңызы туралы айта отырды.

«Қазақ ежелден Наурыз мерекесін тойлаған. Бірақ Ұлы держава салт дәстүрімізді тыйып отырған сәттер де болды. Оның өзін есейіп қалған біздің өзіміз кейін білдік.  Оның бәрі қитұрқы саясаттың жолы екен. Ал кейін өз алдына тәуелсіз ел болғалы мереке еш тыйымсыз тойлана бастады. Алайда тәуелсіз ел болғанымызға отыз жылдан астам уақыт өтсе де Наурыз әлі де ойдағыдай тойланып жатқан жоқ. Иә, қазір ешкім ешкімнің қолын байлап, идеясын жоққа шығармайды. Әз Наурызды өз биігінде тойлауды дамыту –  әр ұрпақтың мақсат-мүддесі», деді Ж.Елшібек.

Бұдан соң ол Көрісу күні ағайын арасындағы ескі өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылатынын, бұл күні табиғатпен бірге адам жаны да жаңарып, тазарып мұнтаздай күйге түсетінін айтты. «Алты ай бойы қыс болатын өңірлерде Күн мен Ай теңесіп, жер дүние көгергенде Самарқанның көк тасы жібиді. Осы бір уақытта ел қыстаудан шығып, көршілеріне, ағайын-жекжаттарына барып сәлем береді.  Көрісу ағайынның осылайша аман-саулығын сұрау идеясынан шыққан. Соңғы жылдары бұл жақсы үрдіске айналды. Наурыздың 14-інен басталатын көрісу күні – бауырмалдық пен тату-тәтті ықыластың символы. Халық Амал мерекесінен бастап он шақты күн түрлі іс-шара ұйымдастырған. Мысалы еңбек, туған жер, достық, қолөнер, дәстүр, салт-ғұрыптарымызды өркендету тақырыптарында жүйелі түрде тойланып келеді. Ал осыған мұрындық болу әр ұрпақтың міндеті», деді ол.

«Жақсы адаммен өткізген жарты сағат, жаманмен өткізген мың күнге татымас» дегендей қаламгердің қасында өткен екі сағатымыз зымырай өте шықты. Аз уақыттың ішінде біраз тағылымды дүниеге қанықтық. Ағамыздың батасын алып, кезекті кезекшілігімізді атқаруға кеттік.