Маңғыстау – еліміздегі туризмді дамытуға әлеуеті зор облыстардың бірі. Осы саланы өрістетуге қолайлы ондыққа кіретін өңірде этнотуризмнің де салмағы басым. Тасын түртсең, тарихты ақтаратын далалық мешіттерді көруге ынтық туристердің шоғыры да қалың. Бірақ жақынды алыс ететін жол азабы сынды инфрақұрылымның ақсауы өңірдің этнотуризмнен түсетін табысын жұқартып тұр.
Ілгеріде Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев туризмді дамыту жолында былтырғы атқарылған шаруаны тиянақтап, биылғы жоспарды түзген алқа отырысында осы саланы өрістетуге басымдық берілетін аумақтың тізімін 10-нан 20-ға еселеген еді. Елдегі 20 туристік аймақтың ішінде Маңғыстаудың Жылы жағажайы да бар. Ішкі туризмге серпін беру мақсатында министрлік жергілікті атқарушы органдармен тізе қосып, осы бағыттардың инфрақұрылымын дамыту мақсатында жол картасын да әзірледі. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде туризмді дамытудың маңызы зор екенін үнемі айтады. Былтыр жазда Түпқараған ауданының тұрғындарымен жүздесуде облыс әкімі жаңа туристік нысандарды құру осы саланы дамытуға серпін болатынын да атап өтті. «Біздің аймақ – еліміздегі турист ең көп келетін аймақтың бірі. Маңғыстау облысында туризмді дамытуға барлық мүмкіндік бар. Кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау сервисті, келетін туристердің сапалы демалысын қамтамасыз етуге тиіс», деді Н.Ноғаев.
Облыста туризмді дамытуда негізгі басымдық жағажайдағы демалыс кешендеріне берілетіні белгілі. Себебі кейінгі жылдары Каспий жағалауындағы туристік кешендердің бой көтеруі қонақтардың қатарын молайтуға серпін беріп отыр. Бірақ туризм бұл өңірде тек жағажаймен тұйықталып қалмайды. Тарихи-мәдени орындар, әсіресе далалық мешіттерді де этнотуризмнің өрісі ретінде игілікке жаратуға болады. 362 әулие дарыған киелі өңірде жерасты мешіттері жайлы айтқанда Бекет атаның өз қолымен бой көтерген құлшылық үйі тілге оралады. Бұған қоса Оғланды тауын бетке алып жолға шыққан жолаушы Ақтау мен Жаңаөзеннің арасын жалғайтын күре жолдың бойында Шопан ата үңгірлі мешітіне де соғып, көп жайтқа қаныға алады. Дәуренінде Маңғыстау мен Хорезмнің арасын жалғаған Жібек жолы керуенінің ат байлап аялдар сәулет өнеріне арналған үңгірлі мешіт бүгінде тарихи ескерткіш саналады. Х-ХІІІ ғасырдың озық үлгідегі сәулетті кешендері саналған жерасты мешіттеріне қамқорлық керек. Бұл мәселені Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі көтеріп, қоғамға ой салды. Тарихи-мәдени орындарды сақтап қала алғанда ғана этнотуризмді дамытуға даңғыл жол ашылмақ. Бірақ ақиқатын бауырына бүккен тарихи орындар қараусыз қалғандықтан да уақыт көшінде сыры кетіп, өшіп бара жатыр.
«Қазақстандағы 25 мың ескерткіштің жартысына жуығы орналасқан Маңғыстау өңірінде мұралардың көбі тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілгенімен, оларды қарауға маман жетіспейді. Мәдени қабаттарды «қара археологтер» мен бұзақылар түрлі вандализм арқылы бүлдіріп жатыр. Жеті жұрт көшкен маңғаз мекендегі қорымдардың қоршау аумағына заңсыз құрылыстар, бейіттер салынып кеткен. Оларға қарсы қолданыстағы «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану» заңы қауқарсыз. Айыппұлы – небәрі 30 мың теңге ғана. Ұлытауда Жошы кесенесінің жанына әлдебір қалталы жақынын жерлеп кеткен, енді нысанды ЮНЕСКО тізіміне енгізу мүмкін болмай тұр. Киелі жерлер шырақшылардың күнкөріс көзіне, бақсы-балгерлердің ордасына айналған. Олардың кейбірі тарихи орынды сақтап отырғанымен, арнайы білім, ереже-қағидаттары мен стандарты жоқ. Тіпті ұлтқа ұран болған Бекет ата – жекенің меншігінде. Пір Бекет – бір әулеттің ғана айбары емес, ол – бар қазақтың байрағы. Халықтың рухани қалпы мен салтын қалыптастырған мұндай тұлғалар мекені мемлекет қарауында болуға тиіс», деді Д.Қыдырәлі.
Былтыр Маңғыстау облысында туризм саласы бойынша 325 мың қызмет көрсетілсе, оның ішінде өз елімізден – 290,9 мың, шетелден 35 мыңға жуық турист келген. 2027 жылға дейін 100 млрд теңге сомасына 13 туристік жоба іске асырылып, 700-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады. Мұны Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев өңір халқымен кездесуде мәлім етті. Маңғыстау облысында 100 орналастыру орны болса, жол талғамайтын көлікпен жүретін турлар саны да 100-ге жеткен. 346 тамақтану орындары келетін туристерді сапалы сервис ұсынады. Тарихи-мәдени кешендерді де қалыпқа келтіріп, этнотуризмнің тамырына қан жүгіртіп, туристердің үнемі тоқтауына бар мүмкіндік жасау да түсетін табысты арттырудың қайнары екенін естен шығармаған жөн.