Іле ауданының Ащыбұлақ ауылдық округіндегі 97617 әскери бөлімде «Әскер болғым келеді» атты іс-шара ұйымдастырылды. Басқосудың мақсаты – жастардың бойында патриотизмді қалыптастыра отырып, жоғары моральдық-психологиялық қасиеттерге тәрбиелеу, жас ұрпақты әскери қызметкердің жұмысымен және оның қыр-сырымен таныстыру.
Тағылымы мол іс-шараға аудандағы «Прогресс» политехникалық колледжі мен Экономикалық және құқықтық колледжінің 1-2 курс студенттері қатысты. Кездесу барысында жастар өздерін қызықтырған қару-жарақтармен және қорғаныш құралдарымен танысып, Макаров тапаншасынан бастап, Калашников автоматы мен пулеметін шашып, жинап көрді. Сондай-ақ «Qaisar» диалог алаңында пікір алмасып, Отан алдындағы азаматтық борышты өтеудің жауапкершілігі мен қызықтары жайлы еркін, жан-жақты ой-толғамдарымен бөлісті. Әскери бөлімде түскі ас ішіп, сарбаздардың тыныс-тіршілігімен танысты.
«Ер азаматтың алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі – әскер қатарында абыройлы қызмет етіп, өмірдің ыстық-суығына шынығып, өзін ширату. Бүгінгі күнде әскерден жалтаратын жастар жоқ емес. Осы кемшіліктің орнын толтыруда жастарды әскери өмірмен таныстырудың маңызы зор», дейді облыстық «Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Нұрбек Ергешбай.
Әскери бөлімге жасалған экскурсиядан айрықша әсер алған студент-жастар мұндай іс-шаралардың жиі ұйымдастырылып тұруына ұсыныстарын білдірді.
Алматы облысы