• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Құрылтай 15 Наурыз, 2024

Елдік бастамалардың бірегей алаңы

139 рет
көрсетілді

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ел тарихында айрық­ша орны бар тағы бір аймақ – Атырау облысы. Ондағы әйгілі Сарайшық қаласын­да атақты хандарымыз ордасын тіккен. Мен Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынамын», деген еді. Бүгін Атырауда Президенттің қатысуымен Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны өтеді. Ал кеше құрылтай қарсаңында ұйымдастырылған пленарлық басқосуда ұлттық құндылықтар мен білім мәселесі, отбасындағы тәрбиеге баса мән берілді.

«Азаматтық қоғамның» айтары көп

Парламент депутаттары, қоғам қай­рат­керлері мен қоғам белсенділері және танымал заңгерлер қатысқан Ұлт­тық құрылтай жиынының бірінші күні «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Ру­ханият», «Білім және ғылым», «Әлеу­мет­тік-экономикалық даму» деп аталатын төрт секция жұмыс істеді. Екі күнге жал­ға­сатын жиында бар­лық өңірден келген Құрыл­тай мүшелері ел дамуының бағыт-бағ­дарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқылайды.

Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі кө­мекшісі Руслан Желдібайдың төраға­лы­ғымен өткен «Азаматтық қоғам» секциясында Ұлттық құрылтай платфор­ма­сындағы өзекті мәселелер көтеріліп, шешу жолдары талқыланды.

Басқосуда Құрылтай мүшелері қоғам бірлігіне, тәртіп пен заңдылықтың сақ­талуына және жалпыадамзаттық құн­ды­лықтарды насихаттауға бағыт­талған шараларға кеңінен тоқталып, осы саладағы өзекті мәселелерді қозғады. Сондай-ақ олар талқылау барысында қазіргі таңда күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызды мәселелер – азаматтық қоғамды дамыту, заң үстемдігін орнату, адам құқығын қорғау, халықтың құқықтық сауатын арттыру және зор­лық-зомбылыққа, харассментке жол бер­меу жайына ерекше назар аудар­­ды. Президент көмекшісі жиында айтылған құқықтық мәсе­лелер назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Секцияда жергілікті әкім­дер­ді сайлаудың нәтижесі туралы  да мәселе қозғалды.

«Жергілікті жердегі сайлау – еліміздегі маңызды реформаның бірі. Соңғы сайлау аудандар мен ауылдарда тұрғындардың қызығушылық танытқанын көрсетті. Енді ел азаматтары сайлау үдерісіне барынша қатысуға тырысып отыр. Олар әкімді өздері таңдап, белгілі бір іс-шаралардың орындалуын сұрайтын болады. Біз сайлау нәтижесіне талдау жүргіземіз», деді Р.Желдібай.

Сессия кезінде баяндама жасаған Әділет министрі Азамат Есқараев Мемлекет басшысының тікелей тапсыр­ма­­сымен құрылған Ұлттық құрылтай бүгінде қоғамдағы өткір мәселелерді талқылап, шешімін табатын жалпыұлттық алаңға айналғанына тоқталды. 

«Мемлекет басшысы 2023 жылғы 10 шілдеде қол қойған «Онлайн-плат­формалар және онлайн-жарнама туралы» заң онлайн ортаны қалыптастыруға бағытталғанын атап өткен жөн. Заңның маңызды жаңашылдықтарының бірі – онлайн-платформалардың өз интерфейсін қазақ тіліне аударуды міндеттеуі. Дербес деректерді қорғау, пайдаланушылардың шағым беру мүмкіндігі, онлайн-плат­формалардағы контентті модерациялау, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар мен әсер етушілердің құқықтары мен міндеттері қарастырылады. Сондай-ақ заң жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қарастырады. Бұл норма қазірдің өзінде әрекет ете бас­тады, бұл жалған ақпаратпен күресудің маңызды тәсілін көрсетеді», деді министр.

А.Есқараев қазіргі уақытта журна­лис­тердің Әдеп кодексі қабыл­дану барысына да тоқталды. «Адал­дық, объективтілік, әділдік, пікір­лердің плюрализмі және адам құқықтарын құрметтеу журналистер қызметінің негізгі ережесі болуға тиіс», деді министр.

 

Бірегей платформадағы басты мәселелер

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жетекшілігімен өткен «Мәдениет. Өнер. Руханият» секция­сының отырысы да қызу талқылаулар мен ұсыныстарға толы болды. Министрдің айтуынша, Ұлттық құрылтай ұлт зия­лыларының қоғамдағы қордаланған мәселелерді талқылайтын, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын бірегей платформаға айналып отыр. Ұлттық құрылтайдың Түркістан төрінде өткен екінші отырысынан кейін жұмыс форматы түбегейлі өзгерген.

«Елімізде «Мемлекеттік наградалар туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қайтарылды. Былтыр «Қазақстанның Халық жазушысы» атағына Т.Әбдікұлы, С.Елубаев, Б.Нұржекеев, С.Сматаев, А.Аширов және Л.Шашкова ие болды. Президент Жарлығымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығына ұлттық мәртебе берілді. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың өңірлік рәміздерін әзірлеу және қолдану туралы үлгілік ереженің жобасы дайындалды. Ясауитану ғылыми орталығының жұмыс тұжырымдамасы және үш жылдық жұмыс жоспары әзірленді», деді министр.

Ол, сондай-ақ, биыл елімізде  өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына да тоқталды.  Көшпелілер ойынын өткізу үшін Премьер-министрдің өкімімен ұйымдастыру комитеті құ­рылғанын атап өтті.

«Қазір V Дүниежүзілік көшпелілер ойынын өткізу жөнінде дайындық жүріп жатыр. «Қазспортинвест» АҚ базасында ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы құрылды. Ал 10 қаңтарда ВИК стилінде қаланы безендіру бағдарламасы басталды. Осы кезге дейін көшпелілер ойынына 58 ел қатысатынын растады», деп мәлім етті А.Балаева.

Министрдің айтуынша, креативті индустрия өкілдеріне арнайы салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бұдан былай креативті индустрия қызметінің 40 түрі бөлшек салықтың арнайы салық режімінде жұмыс істей алады.

«Креативті бизнес жеке табыс, қо­сылған құн және корпоративтік табыс са­лықтарынан босатылады. Жеке кәсіпкер үшін 2-ден 4%-ға дейін, ЖШС үшін 8%-ға дейін бірыңғай салық төленеді. Ал мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама шеңберінде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% жеңілдікпен несие беру енгізіліп отыр. Осы кезге дейін 26 млрд теңгеге 5,5 мыңнан аса жоба қаржыландырылды. Жұмыс орындарына 467 мың жас орналастырылды», деді ол.

Министрдің дерегіне сүйенсек, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға NEET санатындағы жастар ұғымын бекіту бөлігінде өзгерістер енгізілген. Бұл жас­тарды жұмысқа орналастыру, білім беру, біліктілігін арттыруда жүйелі және атаулы жұмысты жүргізуге мүмкіндік береді. Қазір жастар саясаты саласындағы индикаторларды күшейту тетігі пысықталып жатыр.

Ал Ұлттық құрылтай мүшелері ұлттық құндылықтарды ұлықтау мәселесіне көбірек назар аударды. Мәселен, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның пікірінше, елімізде материалдық емес құндылықтарды түгендеу түбегейлі жолға қойылмай тұр. Оның айтуынша, Арқаның даласында, Маңғыстаудың ойы мен қырында, әр өңірде қазақтың ұлттық құндылықтары әлі де толық зерттелген жоқ. Депутаттың пікірінше, қазір ұлттық рухы жалаңаштанған ұрпақтың буыны қалыптасты. Жас буынның бетін ұлттық құндылыққа бұру керек.

 

Сарайшық тарихын қайта жаңғырту қажет

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің пікірінше, Атырау облысындағы орта­ға­сыр­лық Жайық өзенінің жағалауындағы көненің көзі – Сарайшық қалашығына маңыз беріліп отырғанына тоқталды. Алайда ескеретін жайт бар.

«Сарайшық қаласының түп тарихын зерттеу, құндылықтарын дәріптеу әлі жеткіліксіз. Оның себептерін анықтаған жөн. Жалпы, мұнайлы өлкеде екі нәрсе қолға алынуға тиіс. Оның бірі – Бейбарыстың ғылыми орталығы болуы қажет деп есептеймін. Былтыр араб елінде болған кезімізде сондай орта­лық құрылған еді. Арабтар оны Қазақстанда да бірлесіп құруға ынталы болып отыр. Өйткені ғалымдарды жіберу, қаржыландыру мәселесі қамтылған еді. Біз дауылпаз ақын Махамбетті де ұмытып кеттік. Сол себептен оған да бір орталық керек. Меніңше, Атырау өңіріндегі жоғары оқу орындары осыған жете көңіл бөлуі қажет. Әрине, тек университеттер емес, облыстағы мәдениет басқармасы, басқа да орталықтар осы мәселені қолға алса деген ұсынысымыз бар», деді М.Құлкенов.

Министр А.Балаеваның айтуына қарағанда, елімізде аспан астындағы 12 музей бар. Соның бірі – Сарайшық музей-қорығы. Атырау облысындағы ортағасырлық Сарайшық қаласының тарихын қайта жаңғырту көзделіп отыр.

«Сарайшық – қазақ даласындағы ең көне қаланың бірі. Музейдің айналасында зираттар бар. Сүйектер шашылып жатыр. Мұның бәрін тазалау, реттеу жергілікті әкімшіліктің назарында болады. Бұл жұмыстар аяқталған соң, 2025 жылдан кейін бірлескен экспедиция жұмысын бастаймыз. Бір ай бұрын Сарайшық музей-қорығының ұжымымен кездесіп, халықаралық деңгейде таныту мәселесін талқыладық. Бакудегі түркі әлемінің мәдениетін дамыту қоры аясында бірлескен экспедиция ұйымдастыру, Сарайшық қаласын қайта жандандыру мәселесін қарастырамыз», деді А.Балаева.

Ұлттық әдебиет мәселесі де қозғалды. Қазақстан Жазушылар одағының бас­қарма төрағасы М.Құлкенов қазақ жазушыларының туындылары әлем тілдеріне аударылмай жатқанына тоқталды. Ал «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы балалар әдебиетіне, балалар басылымдарына қолдау көрсету мәселесін көтерді.

«Кейінгі кезде балалар әдебиетіне қатысты екі жақсы тенденция бар. Біріншісі – балалар әдебиетін қолдау. Екіншісі – қаламақының өсуі. Қазір балалар әдебиетінің мамандары – ақын, жазушылары өте аз. Жалпы балаларға арнап шығарма жазу – өте қиын мәселе. Ұлттық құндылық мәселесі тарихты білумен байланысты. Академиялық жеті томдық тарихта бүгінгі көтеріліп отырған біраз мәселе, оның ішінде Сарайшық қаласының, Алтын Орда ұлысының тарихы секілді жайттар қалпына келеді деп ойлаймын», деді Д.Қамзабекұлы.

Ұлттық құрылтай мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин шекаралық ай­мақ­тарда түйткілді мәселенің бар екенін атап өтті. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес облысымен шектеседі. Көрші елдің шекарасына таяу қоныстанған ауыл­дар отандық теле-радио хабарына мұқтаж болып отыр. Мобильді байланыс аясы тар.

«Шекарадағы ауылдардың жастарын көрші елдің жоғары оқу орындары бюджеттік грантпен оқуға көптеп тартып жатыр. Мұстафа Шоқайша айтқанда, «Бала қай тілде білім алса, сол елге қызмет етеді». Бұл – алаңдатарлық жайт. Тағы бір мәселені тарқатар болсам, тұрғындар саны 50-ден аз болса, сол ауылдар жабылуы қажет. Бұл талап шекарадағы ауылдарға қолданылмаса екен», дейді Б.Ғұбайдуллин.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыр­шиннің дерегінше, лудомания мәселесі әлі де ушығып тұр. Осыған байланыс­ты Мәжілістің бір топ депутаты арнайы заң дайындаған. Бұған еліміздегі 350 мың адамның лудомания «дертіне» шалдыққаны себеп болған. Олардың әрқайсысында 10 млн теңгеге дейін қарызы бар.

«Ауылдың мәселесі қай кезде де өзек­тілігін жоймай келеді. Қазір елді мекендер тұрғындары ұлттық өнерге шөлдеп отыр. Осыған байланысты өнер адамдарының гастрольдік сапарын ұйымдастыруға болмай ма? Бірақ айтпауға болмайтын бір жайт бар. Маңғыстаудағы Жаңаөзен қаласында спорттық не мәдени іс-шара өткізуге рұқсат берілмейді.  Неге бұлай?» дейді Е.Жаңбыршин.

Бұдан өзге секция кезінде отбасылық зорлық-зомбылыққа, теріс діни ағымдарға тыйым салу мәселесі қозғалды. Бар әңгіменің түйіні – ұлттық құндылықты ұлықтау.

 

Цифрландыру – білім берудің басты элементі

«Білім және ғылым» секциясының отырысына модераторлық жасаған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім беруді цифрландыру қазіргі әлемдегі білім беру жүйесін дамытудың негізгі эле­менті екенін атап өтті. Оның айтуын­ша, цифрлық технологияларды енгізу оқу материалдарының қолжетімділігін арттыруға, білім сапасын жақсартып, білім алушылар мен оқытушылар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді.

Секция отырысына қатысушылар да жоғары білім беруді цифрландыру тек технологиялық жаңартуды емес, сондай-ақ кадрларды даярлау, инфрақұрылымды құру және перспективті білім беру бағдар­ламаларын әзірлеуді қамтитын кешенді тәсілді қажет ететінін алға тартты.

Жиында министр С.Нұрбек келтірген де­ректердің бірі – Дүниежүзілік эко­номикалық форумның зерттеулері. Соған сәйкес, болашақта 10 жұмыс орнының 9-ы цифрлық дағдыларды қажет етеді және 2030 жылға қарай цифрлық дағдыларға деген қажеттілік 55%-ға артады.

«Бұл – қарқынды технологиялық прогресті ынталандыратын керемет динамика. Қазірдің өзінде әлемде білім беру жүйелері кездесетін бірнеше мегатренд айқын қалыптасты. Бірінші, жоғары білім беруді диджитализациялау. Оқыту мен оқыту үдерісінде заманауи білім беру технологияларын қолдану қажет. Екіншіден, IT дағдыларын дамытуға арналған микробіліктілік берудің өсуі байқалады. Ол үшін микробіліктілік бағдарламаларын іске қосу жоспарланып отыр. Нано дәрежелер мен микробіліктілік алу мүмкіндігі қарас­тырылған. Үшіншіден, цифрлық алшақтықтың ұлғаюы бай­қалады. Яғни цифрлық кеңістікте оқуға қолжетімділігі төмен адамдардың белгілі бір санаты бар. Цифрлық қоғамды қа­лыптастыру үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және қосымша онлайн-сабақтарды ұйымдастыру шараларын қабылдау қажет», деді ол.

Сондай-ақ, басқосуда жоғары оқу орындарының цифрлық архитектурасын дамыту, экономиканың барлық саласын цифрландыру жағдайында IT дағдылары бар кадр даярлау, бұл бағытта студент, оқытушы және әкімшілік қызметкерлерге қойылатын талаптарды арттыру мәселелері де жан-жақты сөз болды. Секция модераторы Саясат Нұрбек жиында студенттердің әлемдік цифрлық ресурстарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бірқатар іс-шара қабылданғанын да мәлімдеді. Оның айтуынша, ынтымақтастықты дамыту және студенттерді жетекші шетелдік профессорлар курстарына қолжетімділігін ке­ңейту мақсатында «Coursera», «Huawei», «Binance Kazakhstan», «Amazon», «Google» сияқты ірі компания­лармен келіс­сөздер жүргізіліп, ме­морандумдарға қол қойылған.

Ұлттық құрылтай қарсаңында ұйым­­дастырылған пленарлық басқосу Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жетекшілігімен өткен «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» тақырыбындағы төртін­ші секциямен қорытындыланды. 

 

Атырау облысы