Кеше Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы аясында жұмыс секцияларының мәслихаттары өтті. Түске дейін Президенттің көмекшісі Руслан Желдібайдың модераторлық етуімен «Азаматтық қоғам» секциясы, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның модераторлығымен «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясы жұмыс істеді.
Ал түстен кейін Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жетекшілігімен «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секциясының, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің модераторлық жасауымен «Білім және ғылым» секциясының отырысы өтті. Жалпы алғанда, төрт секцияның жұмысында Ұлттық құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйлеп, 100-ден аса ұсыныс пен бастама көтерілді.
Секцияларда айтылған ұсыныстардың басым бөлігі қоғам бірлігін одан әрі нығайту, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу, елдің ғылыми әлеуетін көтеру, мәдениет саласын қолдау, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, көші-қон мәселесін реттеу және қоғамдағы өзге де өзекті мәселелерге қатысты жасалды. Ұлттық құрылтай мүшелерінің мұндай белсенді қызметі аталған азаматтық институттың қоғам мен мемлекет арасында тиімді диалог алаңына айналғанын көрсетеді.
Ерлан ҚАРИН,
Мемлекеттік кеңесші