• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шымкент 17 Наурыз, 2024

Әскерилердің балаларға сыйы

109 рет
көрсетілді

15 Наурыз – қайырымдылық, мейірімділік пен тату көршілікке шақыру күні. Бұл күні Шымкенттегі 10216 мен 55652 әскери бөлімдерінің қызметшілері көру қабілеті жеңіл және ауыр бұзылған балаларға арналған №33 «Ақбота» түзету балабақшасына арнайы ат басын бұрды. Ондағы мақсат – балалармен патриотизм туралы әңгіме өрбітіп, ойыншықтар мен тәтті сыйлықтар тарту ету.

Әуе қорғанысы күштерінің офицерлері балаларға өз қыз­метінің ерекшеліктері мен Ота­ны­мыздың әуе шекараларын қорғаудағы маңызы жөнінде қызықты әңгімелеп берді. Өз кезегінде балаларды әскери қызметшілердің күнделікті өмірі мен әскердегі басқа да көптеген қызық ерекше сезімге бөледі. Әсіресе бүлдіршіндер әскери тех­ника жайындағы әңгімелерді керемет әсерге беріле отырып тыңдады. Олардың көздерінен әскери салаға деген құштарлық пен қызығушылықтың ұшқыны оянғанын аңғару қиын емес еді. Сонымен бірге тәрбиеленуші­лер әскери форманы да аса бір зор сезіммен тамашалап, тіпті қолдарымен ұстап көрді. Бұл орайда келген қонақтар балаларға әскери шеврондар мен айрықша белгілерді қалай ажырату мен тануды үйретті.

Бүлдіршіндермен таныс­қаннан кейін әскери қызметші­лер оларды келе жатқан Наурыз мерекесімен де құттықтады. Әскерилер өздерімен бірге ала келген тәттілер мен дамытушы ойыншықтарды сыйға тартты.

10216 әскери бөлімі коман­дирінің орынбасары майор Дінмұхамед Нұрақаевтың айтуынша, Наурызнама күнтізбесі бойынша алдағы он күн түрлі тақырыппен мереке ретінде атап өтілмек. Наурыз мейрамы­ның басты ерекшелігі – жыл басы­ның символы әрі ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жаңғыртуға ерекше мүмкіндік беретін мәні бар мереке.

«Бүгінгі кездесуде біз бала­ларға келешекте ұқыпты азамат болып өсуге талпындыратын әсерлі сөздер айттық. Оларды еліміздің нағыз патриоты болып қалыптасуға, халқымыз­дың әдет-ғұрпын құрметтейтін мәдениетті жан болып жетілу­ге үндедік. Осылайша, балалар кішкентайынан дұрыс тәрбие алып өссе, келешекте ондай ұрпақтан жанашыр азамат, қиын сәтте өзара көмек пен қол­дау білдіретін нағыз елдің ұландары жетіліп шығады. Біз үшін ең бастысы балалардың жа­нарындағы қуанышын көру болды. Одан артық бізге ал­ғыс та, сый-сияпат та жоқ», деді ­майор Д.Нұрақаев.

Кездесу соңында тәрбие­шілер бүлдіршіндермен бірге әскерилерге Отанымыздың ше­кара­сын қорғау жолындағы еңбек­тері үшін алғыстарын жау­дырып, балалардың шығар­машылық тобы дайындаған арнайы мерекелік концертін қойды.

 

ШЫМКЕНТ