• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 18 Наурыз, 2024

Ресейдегі президент сайлауы: Дауыс берудің соңғы күні

117 рет
көрсетілді

Ресейде үш күнге созылған президент сайлауының соңғы дауыс беру күнінде сайлаушылардың белсенділігі алдыңғы күндердегіден біршама арта түсті. Ресей Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сүйен­сек, ел аумағындағы алғашқы күнгі дауыс беру қоры­тындысында сайлаушылардың небәрі 38-ақ, ал сенбі күні 58 пайызы сайлау учаскелеріне келсе, кеше бұл көрсеткіш қашықтан электронды дауыс беруді есептемегенде 64,99 пайызға жетті.

28 аймақ бойынша қа­шықтан электронды да­уыс беруге тіркелген электо­раттың 91 пайызы қатысты. Бұл шамамен 4,35 миллион адам. Ел астанасы тұрғын­дарынан қашықтан дауыс беруге тіркелу талап етілмесе де, жергілікті уақытпен сағат 9.50-де 3,3 миллионға жуық мәскеулік өз дауысын онлайн берді.

Ресейдің қиыр шығысын­дағы өңірлерде Мәскеу уақы­тымен сағат 9.00-де сайлау­шылардың қатысуы 55 пайыз­дан асқан. Олар­дың қата­рында Еврей авто­но­мия­лық облысы 85,5 пайыз­дық көрсеткішпен көш бас­тап келеді, 84,18 пайыз­дық нәтижемен Чукот авто­номиялық округі екінші орын­да тұр. Жалпы, дауыс беруге келген сайлаушылардың үлесі бойынша ел өңірлері ара­сында бірінші орынды Тува Республикасы бермей келеді. Жергілікті уақыт бойын­ша 12.00-ге дейін (Мәс­кеу уақытымен 8.00) тува­лық­тардың белсенділігі 89,99 пайызды көрсетті.

Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова Telegram-арнасында әлемнің 111 елін­дегі 125 мыңнан астам ре­сейлік президент сайлауында өз кандидатын жақтап, таң­дауын жасаған. Оның ай­туынша, 230 сайлау учаске­сін­де барлығы 125 428 адам дауыс берген. «Уақыт айырмашылығына байланысты бірқатар сайлау учаскесі бүгін ғана ашылады», деп жазды М.Захарова. Соған қарағанда шетелдегі сайлау қорытындылары әлі де өсе түспек.

Қазақстан аумағында жүр­ген ресейліктер де Аста­на, Алматы, Орал, Өскемен қалаларында ашылған сайлау учаскелеріне елінің тізгінін алдағы алты жылға сеніп тап­­сыратын саясаткерді таң­­дау үшін келіп жатыр. Бұл қалалардың ішінде тек Ал­ма­тыдағы сайлау орында­рында ұзын-сонар кезек қалыптасқан.

Жалпы, Ресей шекара сыртындағы шет мемлекеттерден, соның ішінде достас емес елдердің аумағынан да 300-ге жуық сайлау учаскесін ашуды жоспарлаған бола­тын. Бірақ бұл Сыртқы істер министрлігіне оңайға соқ­пады. Өйткені Ресей мен Украина соғысына байланыс­ты көптеген ел Ресеймен дипломатиялық байланысын үзіп, өкілдіктерінің жұмысын тоқтатқан. Соның салдарынан Мәскеудің жекелеген елдерде сайлау учаскелерін орналастыру мүмкіндіктері азайып кеткен еді.

Ресейдің ОСК мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 қаңтар­дағы ақпарат бойынша шетелде шамамен 1,9 млн сай­лаушы тіркелген. Деген­мен кандидаттардың қанша­лықты дауыс жинағаны әзір­ге белгісіз. Барлық сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де жұмысын тоқтатуға тиіс. Ал дауыс берудің алғашқы қорытындылары Мәскеу уақытымен түнгі 21.00-ден кейін белгілі бола бастайды.

Көрші елдегі сайлауға қатысты өзге де ақпараттарға тоқтала кетсек, Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы 106 мемлекеттен өтініш білдірген 706 халықаралық бақылаушыны ресми аккредиттеген. Сондай-ақ Сочиде өткен Дүниежүзілік жастар фестивалінің қорытындысы бойынша, 51 мемлекеттен келген 224 сарапшы ел­дегі сайлау барысының ұйым­дастырылуымен та­ны­суға қызығушылық білді­ріпті. Ал Қоғамдық палата­ның ша­қыр­туымен 58 мемле­кеттің 185 сарапшысы Ресейге келген.

Ресей Федерациясының пре­зидентін сайлау 15-17 нау­рыз аралығына белгіленген. Президент 2030 жылдың мамырына дейін, яғни алты жыл­­ға сайланады. Үміткер бі­рін­ші турдан өтуі үшін сай­лау­­шылардың жартысынан көбі­нің даусына ие болу керек.

Сайлау учаскелері үш күн – жұмадан бастап, жергілікті уақыт бойынша 8.00-ден 20.00-ге дейін ашық болады. Елдегі 89 аймақтың 29-ын­да, соның ішінде Мәскеу қа­ласында да қашықтан электронды түрде дауыс беруге болады. Электрондық дауыс беру 17 наурыз күнгі сағат 20.00-ге дейін жоспарланған.

Бұл жолғы елдегі басты саяси науқанға төрт кандидат қатысып жатыр. Атап айтсақ, Мемлекеттік Думаның вице-спикері әрі «Новые люди» фракциясы басшысының бірінші орынбасары Владис­лав Даванков, қазіргі президент Владимир Путин (сайлауға өзін-өзі ұсынған), ЛДПР фракциясының басшысы Леонид Слуцкий және Ресей Коммунистік партиясы фракциясының депутаты Николай Харитонов.