Түркі халқының Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамынан бастау алатын Көрісу күні мен Қасиетті Ораза айының бірінші күніне дөп келген Ұлттық құрылтайдағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзімен танысып, Қазақстан Республикасының азаматы, жоғары білім саласының қызметкері және ғалым ретінде өз пікірімді білдіруді жөн көрдім.
Табиғатпен етене өмір сүріп, оның тыныс-тіршілігіне титтей де қиянат жасамай өмір сүре білген ата-бабамыздың ұстанымына сай тұтас тіршіліктің жаңаруы қарсаңында қазақ қоғамының жаңа құндылықтарын бекіткен құрылтай тұжырымдамалары ұлтымызға жаңа серпіліс беріп, рухани дамуымызға әсер етері сөзсіз деп ойлаймын. Құрылтайдың өту орны да Қазақ Хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болған тарихи өлке – Атырау облысында болуы - тарихқа тағзым, болашаққа бағдар болар стратегия екені де қуантады.
Құрылтайда көтерілген өзекті мәселе - халықтың береке-бірлігін сақтауға және ортақ мақсатқа ұмтылуға тірек болуға негізделген ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі қоғам құндылықтары болды. Президентіміз: «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет», деп атап көрсетті. Мұнда ел ағалары мен зиялы қауымға көп күш түсетіні белгілі. Мемлекет басшысының алтау ала болса, ауыздағы кетеді, сондықтан аузы дуалы ағалар ұлтты ұйыстыруға атсалысуы керек дегені, негізгі философиясы үлкенді сыйлау мен адамгершіліктен тұратын қазақ қоғамы үшін өте маңызды деп ойлаймын.
Осы орайда қазақ халқының тарихи жолын уақыт тезіне салып, әділ бағасын беру де, өткеннен сабақ алып, елімізді алға сүйреудің алғы шарты екені анық. Президентіміздің еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігі мен ұрпақ тәрбиесіне зиянын тигізетін қазақтың бір-бірін бөліп-жаруы, өз шежіресін ғана ұлықтауы және оны саясатпен араластыруды қатаң сынауы, сонымен қатар жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтардың ұрпаққа үлгі болуы қажет екендігі өте орынды пікір. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару принципі ғана тұтастыққа, ал тұтастық дамуға әкелетіндігі, бүгін ашылып отырған заңдылық емес, ағайын.
Ұлтты ұлт етіп, оның ділін, рухани құндылығын айқындайтын негізгі тірек -тіл екендігі бәрімізге аян. Президентіміз «қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық», деп болашақ тізгіні қазақ тілінде екендігін баса айтуы да, балам өз тілі мен ділін ұмытып, дүбәрәға айнала ма, деп уайымдайтын, қоңыр тіршілік кешкен қара қазақ көкейіне үміт отын ұялатқандығы қуантты. «Тілімізге қамқорлық танытқан жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін» деген Президент сөзі тілге байланысты қордаланған біраз мәселені шешері сөзсіз.
Сонымен қатар Президентіміздің көтерген ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болу, ұлтымызды жаппай кітап оқитын ұлтқа айналдыру, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеу, Алтын Орда брендін жан-жақты және кеңінен пайдалану, Жошы Ұлысын зерттейтін ғылыми институт құру, Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу, ерекше тарихи нысандарды ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу, бай тарихи-мәдени мұраларды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнату, археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгені үшін жазаны күшейту, Әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыту, Ұлттық киім күнін атап өту, ірі компаниялар мен оқу орындарында ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізуді қолдау, Қожа Ахмет Яссауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аудару, дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыру мәселелері қоғамда қазақ ұлтына тән құндылықты дамытуға бірден-бір сеп боларына күмән жоқ. Бір қарағанда ұсақ-түйек көрінетін мәселе артында ұлт тұлғасын қалыптастырар үлкен факторлар жиынтығы жататындығы белгілі. Осы күрделі мәселе Мемлекет басшысынының назарынан тыс қалмаған екен. Бұл қуантарлық жайт.
Еліміздегі мәртебелі орденнің түрлі дәрежелерін Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың есімдерімен атау өскелең ұрпақ бойына патриоттық сезім ұялатып, қазақ ұлтына деген мақтанышын арттырары сөзсіз.
Әсіресесе ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға кедергі жасайтын 5 жаңа кеселдер аталып, онымен күресудің жолдарын ұсыну - дені сау, зиялы да, көркем мінезді жаңа сапалы ұрпақ өсіру үшін ең бір қажетті шара деп есептеймін.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - жаңаруға бет алған тіршілікпен астасқан Құрылтайда жалпыұлттық құндылықтар жүйесі бекітіліп, қазақ елін жаңа сапаға әкелер рухани жол айрығы айқындалды. Қоғамның рухани құндылығын дамыту рухты ұлт қалыптастырады.
Сана Қанатбекқызы,
техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор - Инженерлік бейінді зертханасының жетекші ғылыми қызметкері