Жаратылыстану ғылымдарының сан саласын игеріп, жоғары дәрежедегі ғалым санатына көтерілсе де, Омар Хайям көпшілікке шығыстың жеті жұлдызының бірі, атақты шайыр ретінде кеңінен танымал. Ал енді осы ұлы шайырдың шығыс әлемінде алғашқылардың бірі болып «Наурызнама» рисаласын (трактат) жазған. Онда Наурыз мейрамына қатысты ғалымның этнографиялық зерттеулері жинақталған.
Заманында селжұқ сұлтаны Мәлік шах пен уәзірі Низам-ул-мүлік Омар Хайям бастаған бірқатар ғалымды ғарышхана, яки обсерватория салуға және медреселерде астрономия пәнін терең оқытуға шақырады. Жобаны іске асыруға қазынадан қаржы бөліп, ғалымдардың жағдайын жасайды. Өкінішке қарай, құрылыс әлгі екеуінің мезгілсіз қазасына байланысты тоқтап қалады. Басталған істің аяқталуы үшін, Мәлік шахтын атағын ғарышхана жұмысына пайдалану ниетінде әрі ғылым жолына жасаған қисапсыз шарапатын кейінгіге өнеге қылмақ үшін Омар Хайям «Наурызнама» рисаласын жазып шағады.
Аталған еңбекте наурыздың шығу тарихы, тойлануы және осыған байланысты пайда болған аңыз-әпсаналар, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер туралы жазылған. Сонымен қатар ғарышхана құрылысы кезінде Омар Хайям өзінің жаңа күнтізбесін дайындайды. Мамандардың айтуынша, бұл тізбе қазіргі григориан күнтізбесіне қарағанда әлдеқайда дәл әрі анық. Онда парсы патшаларының Наурыз мейрамын қалай белгілегенін және қай мезгілде өткізгендерін тарихи дәлел-дәлдікпен сипаттайды. Сонымен қатар мерекенің діни-мифологиялық қабатына да терең зерттеу жүргізеді. Бірін оқып көрейік:
«Изид тағала (Алланың исламға дейінгі қадым заман атауы ) күнді нұрдан жаратып, аспан мен жерді соның себебінен жарықтандырады. Дүние халқы назарында күн – Изид тағаладан тараған нұр іспетті. Оны құдірет тұтып, тағзым етіп табынатынымыздың себебі, күнді жаратарда Изид тағаланың оған деген ықылас-мейірі өзгелерге қарағанда, көберек болғанға ұқсайды. Бұған мынадай мысал келтірейік: бір ұлы патша өз халифаларының біріне айрықша ізет-үрмет көрсетсе, оны басқалар да осылай қадір тұтады, сол арқылы патшаның өзін құрметтейтін болады», деп жазады Омар Хайям.
Тек этнограф қана емес, ғалым бұл еңбегінде тарихшы, шипагер ретінде таныла түседі. Ол адам ағзасының уақыт ағынында қандай өзгерістерге ұшырайтынын, ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын генетика ерекшелігін оқырман назарына ұсынады. Сонымен қатар денсаулыққа аса қажетті емдік шараларды да атап көрсетеді. Мәселен, басқаны былай қойып, бір ғана арпаның мың түрлі дертке дауа екенін дәлелдейді.
Наурызға қайта оралайық. Омар Хайям бұл күнді мерекелеудегі мән-мақсатты былайша сипаттайды. «Патшалардың бір рәсімі бар: жыл басында олар жақсылыққа бағыштап, әрі жыл есебін белгілеп алу, тыныштық өмір үшін баршаға қатысты діни жиындар өткізулері ләзім. Кімде-кім наурызды мерекелеп, тойлап, қуанышты, көңілді жүрсе, келесі наурызға дейін тыныш, бақуат ғұмыр кешеді. Патшалар үшін бұл күнді ғалымдар белгілеп берген» дей келе, автор жыл маусымдарына сипаттама береді. «Фарвардин айы» – бұл айда өсімдіктер жандана бастайды, яғни Амал айына қатысты. Демек айдың басынан күн (аптап) осы айда болады. Келесі «урдибихшит» айы – бұл айда дүние өзінің жәннат кейпіне енеді. Күн бұл айда өзінің айналып қозғалуына орай көкек айында болады. Бұл ай көктемнің бел ортасы болып есептеледі. Хурдад айы (біздіңше тамыз) – адамдарды бидай, арпа және жеміс-жидектермен бағады», деп түсініктеме береді.
Шайыр рисаласын «бұл кітап – оны жазу үшін де, оны оқитын адам үшін де қайырлы болсын деп өз мақсатына жетті. Алланың жәрдемі мен оның ғажайып қайырымдылығы арқасында аяқталды. Жаратқан Ием, сауап, бақыт, сау-саламаттықпен ақырын бергейсің» деп аяқтайды. Расында да, бұл шайырдың қаламынан туған – қайырлы да қазыналы білім.