Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Аустралиядағы ең ірі APAIE халықаралық жоғары білім конференциясында өз павильонын таныстырды.
APAIE – әлемнің түкпір-түкпіріндегі академиялық орта өкілдерінің арасында білім мен тәжірибе алмасуға арналған ең үлкен үш алаңның бірі. Биылғы көрмеге әлемнің 300-ден астам жетекші университеті қатысып, білім беру мүмкіндігін паш етті.
Ұлттық университет APAIE конференциясына екінші рет қатысып, халықаралық бағдарламалары мен жобаларын таныстырды. Көрмені 2 мыңнан астам делегат тамашалады. Университеттің Стратегиялық даму жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов бүгінде білім ордасының халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып, студенттер мен оқытушылар үшін мүмкіндіктерді кеңейтіп жатқанын айтты.
– APAIE конференциясы біз үшін өте нәтижелі өтті. Елуден астам жоғарғы оқу орны өкілдерімен келіссөз жүргізіп, Жапония мен Сингапурдың жетекші университеттерімен ынтымақтастық бағыттарын талқыладық. Шетелдік серіктестер ағылшын тіліндегі техникалық және инженерлік бағдарламаларымызға үлкен қызығушылық танытты. Сонымен қатар біз әлемдегі ең үздік бизнес мектептерінің бірімен бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз, – деді Д.Айтмағамбетов.
Халықаралық конференцияға қатысушылар тұрақты дамуға, стратегиялық серіктестікті кеңейтуге ерекше назар аударып келеді. Өткен жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті білім беру үдерісін Бангкоктағы APAIE көрмесінде таныстырған болатын. Соның нәтижесінде бұл аймақтағы білім ордаларымен ынтымақтастық дамып, қазіргі таңда академиялық ұтқырлық аясында Таиланд, Вьетнам және басқа елдердің студенттері ЕҰУ-да білім алып жатыр.
Бекзат ҚҰЛШАР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті