ІІМ-дегі «Digital Police Day»: «Заң мен тәртіпті цифрлық шешімдер арқылы қамтамасыз ету» тақырыбында өткен форумға мемлекеттік және құқық қорғау органдары, IT-компаниялар, азаматтық қоғамдастықтың өкілдері, депутаттар, қоғам қайраткерлері және студенттер мен курсанттар қатысты.
Басқосуда полиция ведомствосының өкілдері полицейлердің күнделікті қызметінде, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, құқықбұзушылықтың алдын алуда және қылмысқа қарсы күресте қолданатын заманауи технологияларға кеңінен тоқталды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов құқық қорғау саласында заманауи технологияларды кеңінен қолдану Мемлекет басшысының жүктеген міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
«Қазір бізде саланы бюрократиядан арылту және оңтайландыру үдерісі белсенді жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлерінің басты назары құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға, өздерінің негізгі міндеттерін орындауға бағытталған. Цифрлық шешімдер азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде тәртіп сақшылары жұмысының тиімділігін арттыруға ғана емес, сондай-ақ ықтимал құқық бұзушыларды тәртіпке келтіруге де көмектеседі», деді ІІМ басшысы. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында министрлік жаппай бейнебақылау жобасын іске асырып жатыр. Қазіргі таңда елімізде 1 млн 318 мың бейнекамера жұмыс істейді. Оның ішінде полицияның жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдеріне 274 мың камера қосылған.
Жыл басынан бері камералардың көмегімен 96 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліпті. 1,5 мың қылмыс ашылып, 870 мың жол жүру ережелері бұзу дерегі анықталған. Жиналғандарға азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті қорғау бойынша жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндіктері көрсетілді. ҚАЖ мекемелері мен қызметтік үй-жайлардағы үздіксіз бейнебақылау, смартжетондар, дабыл батырмалары, хабарламаларды қабылдаудың көпарналы жүйесі және жол жүрісі қағидаларын бұзушыларды анықтауға көмектесетін «Қорғау» жүйесі таныстырылды.
Интернеттегі алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі «CyberPol» жобасы да сөз болды. Полиция байланыс операторларымен бірлесіп, ауыспалы нөмірлерден жасалатын қоңырауларға техникалық тосқауыл қойыпты. Соның арқасында 44 млн-нан астам қоңырау бұғатталған. Бұл өз кезегінде зардап шеккендердің санын 2,5 есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Бұған қоса елден тыс жерге шығарылғалы жатқан шамамен 246 млн теңге дер кезінде анықталған.
Сондай-ақ қылмыстық үдерісті және полицияның халыққа көрсететін мемлекеттік қызметтерін цифрландыру мәселесі қаралды. Осылайша, форум заманауи ақпараттық технологиялар саласындағы ірі диалог алаңына айналды. Іс-шараға қатысушылар өз ұсыныстарын айтып, пікірлерімен бөлісіп, өздерін толғандырған сауалдарын жолдады.