Жерімізге мәңгілік жаңғыру мен жаңарудың жаршысындай болып Наурыз мерекесі қадам басты. Көктем күшіне еніп, жер көгеретін, ел марқайып, ризығымыз молаятын, достығымыз бен ынтымағымыз нығаятын жыл бастауында айтылар аға буын мен жастың, зиялы қауым мен бас көтерер азаматтардың игі тілегі мол. Жер-ананың бусап, тіршіліктің жаңарып, күн мен түннің теңеліп, өзгеше кейіпке енетін айда айтылған ақ тілектер жақсылықтың бастауындай, игі бастаманың қайнар бұлағындай.
Әбілхакім АҚМЫРЗИН,
Денсаулық саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері:
– Наурызда қыс пен жаз мәмілеге келгендей болып, жердің тоңы жіпсіп, тіршілік оянып, құрсақтағы дән бүрлене бастайды. Жыл басының осы тіршіліктің оянуымен орайлас келуі жаратылыстың заңдылығы да сияқты. Оны ата-бабаларымыз ерте заманнан-ақ жұлдызға қарап жобалап, күн мен түннің теңелуіне қарап тұспалдаған. Аузым аққа тиді деп адам қуанатын, тісім көкке тиді деп мал-жан жұбанатын ұлыс күні – түлеп жаңарған табиғаттың, жаңғырып жасарған жаратылыстың жылуы, жарығы молайған бүкіл дүниенің мейрамы.
Наурыз мейрамы енді Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалған арнайы тұжырымдама бойынша аталып өтетін болды. Соның аясында бағзы заманнан бергі табиғатпен үндес байырғы игі салт-дәстүрлеріміз, ізгі әдет-ғұрыптарымыз жаңғырып жатыр.
Наурыз – бүкілхалықтық мереке, біздің жерімізде еңбек етіп жатқан баршаның ортақ мерекесі. Біз бұл күндері Жер-ананы аялау, табиғатты қастерлеу жөніндегі парызымызды орындап, еселеп еңбек етуге, көңілімізде мейірбандық пен бауырмалдық, кішіпейілділік пен қайырымдылық сезімін ұялатуға тиіспіз.
«Ұлыстың ұлы күні қазан толса, ақ мол болады. Ұлы кісіден бата алсаң, олжалы жол болады» демекші, мейірбан халқымызға, әрбір отбасына құт-береке әкелсін! Ақ сақалды аталардың, ақ жаулықты аналардың тілегі баршаның көкірегіне нұр болып құйылсын! Күн тәңір, нұрыңмен аяла, Жер тәңір, ырысыңды аяма!
Елен ӘЛІМЖАН,
жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
– Қанша жерден ресми күнтізбені негізге алып, жаңа жылды әлемнен қалмай қаңтарда қарсы алғанымызбен, өзіміздің төл Наурызды бәрібір бірінші орынға қоямыз. Өйткені Наурыздың нағыз жыл басы екенін ата-бабаларымыз, шығыс халықтары бағзы заманнан-ақ білген.
Наурыз – Жер-ананың бусап, тіршіліктің жаңарып, күн мен түннің теңеліп, өзгеше кейіпке енетін айы. Күллі түркі ұлысына ортақ Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мерекесі де – қазақ халқы үшін ерекше мейрам. Ұлттың ұлы салт-дәстүріне негізделген айтулы мерекенің көпшілікке берер тәлімі мен тағылымы да мол. Бұл күні қыстан аман шыққан халық бір-бірімен көрісіп, хал сұрасып, келер күндерден жақсы үміт күтеді, бір-біріне игі тілегін арнайды. Бұл да – халқымыздың ғасырлар бойы жасап келе жатқан ежелгі дәстүрі, келер ұрпаққа көрсеткен жақсы өнегесі.
Бүгінде елімізде Наурыз мерекесі жаңаша атап өтіліп жатыр. Оның ішінде Жамбыл облысында да Ұлыстың ұлы күні жоғары деңгейде ұйымдастырылып жүр. Көктем шығып, Наурыз айы туа салысымен өңірде көгалдандыру жұмыстары қарқын алады.
Жалпы, бұл жыл басынан барлық ізгі ниетті адамдар сияқты мен де жақсылық күтемін. Соны тілеймін. Қай заманда да жақсылықтың ең төресі – бейбітшілік. Тыныштық болса, тоқшылық болады. Сонау 1986 жылы басталған тарихи сілкіністен өзінің кісілік қасиеті арқасында қантөгіске ұрынбай, «сұлу торы аттай» болып әдемі шыққан Қазақ елі Ұлу жылы да ұлтқа қызмет қылар ұлы істерін, Тәуелсіздігін одан әрі нығайта түспек. Әділетті Қазақстан идеясын темірқазық етіп, алға қарай нық басады деп сенемін.
Төл мерекеміз құтты болсын! Қазаққа Жаратушы ие қашанда жар болсын!
Дәулет МҰҚАЕВ,
Мәжіліс депутаты:
– Жастар – қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды.
Қазір шетел асып, оқу бітірген жас мамандар қатары да жыл санап билік тармақтарын толықтырып жатыр. Осылайша, елде сапалы, білікті кадр жасақталып келеді. Десек те елімізде жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы түбегейлі шешімін тапты деу қиын. Республика бойынша 35-ке дейінгі отандастарымыздың баспанасыз жүруі, мегаполистерден бөлек, қала мен шалғайдағы елді мекендердегі азаматтардың екі қолға бір күрек таппай сенделуі, одан қалды білім деңгейі мен денсаулығы, мемлекеттік бағдарламалар туралы хабардарлығының төмендігі – әлі де өзекті күйінде қалып отырған түйткіл.
Президент жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында осы жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар жүктеп жүргені белгілі. Таяудағы үшінші шақырылған Ұлттық құрылтайда да Мемлекет басшысы: «Көп ұзамай мемлекетті басқару ісі, яғни ел тізгіні бүгінгі жастардың қолына өтеді. Сіздер осы жауапкершілікті қазірден бастап сезінулеріңіз қажет. Өздеріңізге жүктелетін тарихи миссияны орындауға қашанда дайын болуларыңыз керек», деп қадап айтты. Демек біз болашағы жарқын, қуатты мемлекет құру үшін өнімді еңбек етіп, сапалы білім алып, ортақ мақсатқа жұмыла білуіміз керек. Жаңа жыл бастауы Наурыз қарсаңында жүктелген міндет сапалы орындалып, көздеген межеге жетеміз деп ойлаймын. Елді көркейтіп, мемлекеттің орнықты дамуына сеп боламын деген ұрпақ жалыны өшпесін.
Биыл ерекше жағдайда аталып өтіп жатқан Наурыз – ең алдымен, еңбек мейрамы, халықтың тойы. Жыл басы жанымызды жадыратсын, жүрегімізге шаттық сыйласын!