Сықыр етіп ашылған сыртқы есіктен суық ауа жер бауырлай аяқтың астына қарай шапшыды. Күнтізбеде көктем парағы ашылғанымен, Төсқайыңда сары аяз сақылдап тұр, 33-35 градус. Есікті шалқалай ашып, алшаңдай басып кірген қияқ мұртты, орта бойлы ақсақал «корреспондент жолдас осында ма?» деп дауыстады. Таңғы шайға жайғасқанымыз сол, атып тұра қос қолдап амандастым. Өзімді сонау облыс орталығынан, республиканың бас газетінен келгенімді айтып, таныстырдым. «Олай болса жинал, кеттік Шанағатыға» деп асықтырды. Тегі, кеше аудан әкімі тапсырып қойса керек...
Сапарға шықпас бұрын «сонау 400-500 шақырымнан келе жатырмын, әкім аяғы баса бермейтін түкпірдегі ауылдарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысайын, өлкенің тарихына үңілейін» деп, күні кеше ғана тағайындалған Марқакөл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рүстембек Нәбиолдаұлына хабарласқан-тұғым. Ол зейнеткер ұстазды осы өңірдің ой-шұңқырын жақсы біледі деп, жол бастаушы етіп қосыпты.
Қаба аймағы биыл қалың қардың астында жатыр. Айналдырған апта ішінде қапалақтаған күпсек қар жылқының шоқтығынан асқан. Тебіндей алмай омбыққан Қамбар ата түлігін малшылар ойға түсіріп бәйек болысқан. Етекке түскені түсіп, түспегені шөпке тұрған. Өткен жаз жаңбырлы болып, шөп шауып алу да қиынға соққан-ды. Енді мынау қасат қашан еріп, қашан көктем шығары бір Құдайға аян. Әдетте көбесі сөгілмей, наурыз соңына дейін жататын. Биылғы тау-төбе қардың соңы қалай боларын кім білсін? Күндіз еріп, түн ұйықтаса, қарғын судан қауіп жоқ.
Жан-жағымыз аппақ қамал. Қар қамал. Үй-жай, қора-қопсы төмпешік-төмпешік болып ақ мамықтың астында қалған. Қар қымтанған мұржалардан түтін будақтайды. Будақ-будақ түтінге қарап, қуанамыз. Ауылдықтардың жаққан оттары мәңгі сөнбесе екен деп тілейміз. Иелері орталыққа қарай қопарыла көшіп, түтіні шықпай қалған үйлер қаншама? Ол кеткендер Марқакөл аудан болды деп, кері қайта қоя ма?
Шанағаты – шекара шебі
Төсқайыңның оңтүстігіндегі Шанағатыға қарай «Уазикпен» солқ-солқ етіп кетіп барамыз. Айлап ашылмай жатқан жол осы. Қыстай қар күреп тұрамыз деп, тендерді ұтқандардың тракторлары қасат қарды қақ жарып өте шығатын шетелдік техникалардай болса ғой, отыз шақырымды ойнап жүріп күреп шығар еді. Біз болсақ, кеңестің күресіндегі күрк-күрк жөтелген көк трактормен әлі жүрміз.
Жолдың қос қапталы – жап-жасыл шырша. Қарсы беттен орманы селдір тау көрінді. Оның өр жағынан мұнартқан көк адырлар Қытайға қарасты. Бергі беттегі Шанағаты шекара заставасы жабылып тыныпты. Шоқалақтап Қара Қаба өзенінің көпірінен өтіп бара жатқанымызда Бақыт ақсақал, жалпы біздің өңір Қаба аталып кеткен, деп әңгімесін жалғаған. Бұған дейін ауыл-аймақ, елдің тұрмыс-тіршілігі, әл-ауқаты төңірегінде әңгімелессек, ендігі тақырып жер-су атауларына қарай ойыса берді.
– Бұл өңірде бес Қаба өзені ағып жатыр: Біріншісі – Катонқарағай жақтан басталатын Жаман Қаба, екіншісі – Қара Қаба, үшіншісі – Арасан Қаба, төртіншісі – Темір Қаба, содан кейінгісі – Ақ Қаба. Ақ Қаба қытайдың шекарасын бойлай ағады. Содан бес Қаба деп отырғанымыз, Қытайға кіріп, ол жақтағы екі Қабаға қосылады. Одан Қара Ертіс болып, Қалжырдың тұсынан Қазақстанға шығады. Зайсанға құлап, одан Ертіс болып, Өскемен, Семей, Павлодарды жарып өтеді-дағы, Сібірдің батысын қуалай жылыстайтын Обь өзеніне құяды екен... Сөйтіп, Қаба суы Солтүстік мұзды мұхитпен жалғасып жатыр, – дейді зейнеткер ұстаз Бақыт Тұратауов.
Қырқаға шыққанда, төмендегі ойпаттан қарайып, Шанағаты ауылы бұлдырады. Анау екі сайдың ортасымен Бүркітсай өзені ағады. Айналасын тау қоршап, ықтасынды мекен қылған ауыл екен. Ық болғанымен, аязын ақсақалдар аңыз етіп айтады. Қайбір жылдары 66 градусқа дейін барыпты. Биылдың өзінде сақылдаған сары аяз апталап тұрып алған. Өтірік-шынын қайдам, аязды қыстың бірінде ауылдың кіреберісіндегі өзенде біреудің жүк артқан шанасы қатып қалған соң ауыл атауы «Шана қатты, Шанағатты», құжатта Шанағаты болып кетіпті-міс. Оған дейінгі атауы – Орловка. Кейбіреулер аязын айтып, Якутияның Оймякөніне теңейді. Әйтеуір, Қазақстанның ең суық нүктесі екені даусыз.
Ақ күмістей беткейлерде ойқастаған із көп. Адам аяғы сирек мекенде аң жортпай қайтсін? Қалың қарды омыраулай бұзып-жарып өткен әнеу із бұғынікі ме деп топшыладық. Кеше Төсқайыңның тұрғындары далада қалған отаудың түбінде мүйізі шаңырақтай бұғы жүр десіп отырған. Бәлкім, сол шығар.
Бар-жоғы жиырма шақты түтін қалған Шанағатының орталық көшесіне түстік. «Батырлар» көшесі деп аталады. Біле білсек, бұл ауылдағылардың бәрі – батыр. Шолақ жазда құртын құрттап, ұзақ қыстың қалың қарына, үскірік аязына шыдас беріп, түлігін түлетіп, тынымсыз өмір сүріп келеді. Тіпті жол жабылса да тау басындағы ауылда көндігіп жата беріскен. Көнбеске, амал да жоқ, білемін. Әйтпесе, мұндағы ата-ана да баласының білімін ұштап, өнерге баулитындай үйірмеге бергісі келеді. Алайда бары төрт сыныптық шағын мектеп қана. Ауылдағы жалғыз мәдени ошақ – бастауыш мектепке беттей бергенімізде кесе-көлденең үйір жылқы дүр етіп өтті. Оны қайырып, Ерікжан есімді төртінші сыныптың оқушысы жүр. Осы ауылдың баласы болғанымен, Төсқайыңда оқиды екен. Тебін ауыстырып жүрміз дейді. Тау қырындағы Шұңқыр деген жерге апарып салмақшы. Дәл қазіргі уақытта жылқыны күн-түні күзетпесе, ит-құсқа жем болатынын айтады жылқышылар. Қасқырдың ұйыққан кезі аяқталып, қар беті қатқан уақыт. Енді малға шаба бастайды.
Аңқылдаған ауыл азаматтарын әңгімеге тартып-ақ жүрмін. Мынау қыс ішінде қар кешіп, фотоаппарат асынған журналисі ауыл көшесінен көреміз деп әсте ойламаған секілді.
– 1966 жылы Шанағатыда тудым. Ол жылы да осындай жұт болыпты, – дейді ашылып әңгіме айтуға ниеттенген Аманбек Дүзкенов. Шиқ еткізіп, диктофонымды қоса қойдым.
– Далада шығара алмай қалған шөбіміз бар. Соны шығарып алуға көмек қылса дейміз. Шөп шықпаса, жылқы қырылайын деп тұр. Өткенде үлкен трактор келіп жолды ашты. Осы жолы тағы 13 күн жабық болды. Он күн электр жарығынсыз отырдық. Әмбесінде, аяз. 49 градустан түспей тұрды. Әнеугүні алпысқа барды. Шөпке дейінгі жолды атпен басып, өзіміз жүрміз. Ауылдағы жалғыз трактордың оталуы қиын. Солярка да жоқ. Әйтеуір, халық көмектесіп жатыр. Олардан түскен көмекті теңдей бөліп отырмыз, – дейді Аманбек Әбубәкірұлы.
Ойлаңыз, бір ауыл он күн жарықсыз отырды. Өркениетке үйренген сіз ше, бес минутқа интернетіңіз өшсе, тынысыңыз тарылып, тыпыршып кетер едіңіз. Шанағатының азаматтары жарық өшкенде, өздері аккумулятор арқылы үй телефонын қосып, орталықпен байланысып отырған. Тек он күн дегенде ғана тікұшақ мінген мамандар келіп, жарықты жалғап беріпті. Осыдан соң шекара шебіндегі Шанағаты халқын батыр емей, кім дейміз?
– Биылғы қыс суық болды. Бұрын-соңды ақпанда мұндай аяз болмаған. Метеостансаны сақтап, күн райын күнделікті тіркеу керек еді. Түнеугүні 57-58 градусқа дейін барды. Метеостансада жұмыс істеген шешем марқұм -66 градус болған деп айтып отыратын, – дейді Ойрат Шоқақов.
Тарихтан түгендейтін болсақ, Шанағатыда 90-жылдары 130-дай үй болған. Қазір бәрі дерлік бос қалған. 22 түтін ғана әзірше тапжылмай отыр.
– Баяғыда көшіп жатқандардың үйлерін сатып алып, «қайта келетін болсаңдар, үйлеріңді тегін беремін» деген едім. Ешкім келмеді, – дейді Аманбек Әбубәкірұлы ауылды көзбен шола қарап.
Балықтыбұлаққа бардыңыз ба?
Мәшіннің айнасына мойын соза бір қарағанымда, Шанағатыдан ұзап бара жаттық. Күн құлақтанып тұр. Ертеңгі бағыт – Балықтыбұлақ. Ол-дағы жан-жағы жасыл шыршамен көмкерілген ғажап өлке дейді.
Арайлап Төсқайыңның таңы атты. Шыңылтыр аяз. Ауылға түскен таң шапағына қарап, Жаратқанның шексіз құдіреті-ай деп, таңғаласыз. Шіркін, ауылға Ақорданың шапағаты осылай түсіп, «аудан болдық» деп малақайларын аспанға атқан елдің қуанышын еселей берсе ғой!
– Балықтыбұлаққа өзім апарамын, – деген ағайынымыз Азамат Мұстафин бозала таңнан «Уазигіне» бензин құйып мәре-сәре болып жүр. (Бұл жақтың жолдарына «Уазиктен» басқа көлік шыдамайтын сияқты) Жанар-жағармайды аудан орталығынан немесе көл жағасындағы Ұранхай ауылынан бөшкелеп жеткізіп алады. Түкпірдегі мұндай ауылдар осылай қамданбаса, табиғаттың тағы қандай тосынсыйы күтіп тұрғанын дөп басып ешкім білмейді.
Күншығысты бетке алдық. Балықтыбұлаққа дейінгі жол – 25 шақырым. Ол да Төсқайың ауылдық округіне қарайды. Тау биігіндегі жазықты жарып салған жалғыз аяқ жолмен жүйткіп келеміз. Азамат Мұстафин тізгінде келе жатып, жер-жердің атауын тізіп келеді, жал болып үрленген қасатты бұзып келеді...
– Анау Тақыр деген тау, қарсы алдымыздағы тасты тау – Қаракезең. Мынау сайды көріп тұрсың ба? Сол жерде сарқырама бар. Жазда келсең, апарамын. Үйтас, Шыбынды, Керегетас деген жерлер де осында. Ал мына ақшағыл таудың етегінде, – деді иегімен нұсқап. – Қытайдағы Қаба ауылы жатыр.
Азамат көрсеткен таудың етегі Қытай болса, біз шекараның дәл түбіне келгеніміз ғой. Балықтыбұлақтың кіреберісінде шекара заставасының мұнарасы менмұндалады. Біз турасынан тартқан күйі Сергей Бердюгин деген шаруаның қақпасына жетіп, тоқтадық. Ауласында күншуақта будақтатып темекісін шегіп отыр екен. Жып-жинақы мипаз адамға ұқсайды. Жас-шамасы жетпістен асса керек.
– Шанағатыда туып, өмір бойы осында тұрып жатырмын. Бір ұлым, келініммен қолымда. Малмен күн көреміз. Тоқсан шақты бұғы, марал бар. Жазда мүйізін кесеміз, келген туристерді пантының сорпасына түсіреміз. Қазір ғой, қасқыр мен сілеусін маза бермей тұр, – дейді Сергей ақсақал. – Отыннан мәселе жоқ. Құлап жатқан ағаш сәл арзандау. Соны аламын. Оның үстіне, жайқалып тұрған ағашты құлатқан обал. Өлкенің әсем табиғатын өзіміз сақтамасақ, кімге керек?! – дей беріп, орнынан тұрды. Сіріңкесін күректей алақанымен көлегейлеп тұрып, езуіне қыстырған темекісін тағы тұтатты.
– Асықпаңдар, шай ішеміз, – деп, қолына балтасын алды. Күрк-күрк жөтеліп жүріп, қарағай шөркені жарды. Жарған отынын үйге ала кірді. Отты екі уақыт жағатынын айтты. Ортаңғы бөлмедегі теледидарда отандық арналар саңқылдап тұр. Жайнап тұрған дастарқанға жайғастық.
– Ауылда дүкен жоқ, азық-түлікті қайдан әкелесіздер? – дедім жаңа тартылғандай аппақ қаймақты нанға жағып жатып.
– Біз азықсыз қалмаймыз, – деп күлді, баппен шай құйып отырған бәйбішесі. –Азық-түлікті Төсқайыңнан, Ұранхайдан алып келеміз. Жол түссе, Теректіден жеткіземіз. Ұн қорын қамдап алсақ болды, нан да сатып алмаймыз.
Былай нан бағасы – 230 теңге. Оның өзі Ұранхай ауылында. Иә, мұндағы бағалар қалаға қарағанда екі есе жоғары. Неше күн жол болмағанымен, азық-түлік тапшылығы бола қоймаған. Әдеттегідей күздің күні бәрін қамдап алысқан. Қажет-ау деген дәрі-дәрмектеріне дейін жинақтап отырады.
Балықтыбұлақ тұрғындары бір-бірімен туысқандай болысып кеткен. Айналдырған тоғыз түтін. Бір-біріне демеу. Осы ауылдың өткені мен бүгінінен сыр шертетін ақсақалдардың бірі деп, Советбек Сапарғалиевтің шаңырағына да бас сұқтық. Қал сұрастық. Бәрінің айтары – қардың қалыңдығы, жолдың жоқтығы.
– Отырған отырысымыз осы. Балалар қалада. Кемпір екеуміз ауылда, әне, ала мысық бар, – деп терезеден түскен күнің шуағында маужырап отырған қара ала мысықты аяғымен түртті. – Үй телефонымыз да дұрыс істемейді. Арасында Қытай қосылып, быж-быж етіп кетеді. Өткенде операторлар ақшасын уақтылы төлемесең, кесіп тастаймыз деп хабарласты. Бір ай жол болмаса, оны қалай төлейміз? Айына бір пошта келгенде, электр жарығы мен телефонға төлеп отырамыз, – деп «Қазақтелекомға» деген өкпе-назын айтып қалды Советбек ақсақал. – Ел кетті, ел кеткен соң қызық кетті. Жастар жоқ. Мектеп жабыла сала он отбасы қопарыла көшті. Соғыс уақытында жабылмаған мектеп атом ғасырында жабылды. Ауылдар бос қалды, – деп күрсінді ақсақал.
«Ауылға журналист келді» деген хабар желдей есті ме, Советбек ақсақалдың үйінде отырғанымда ауыл тұрғындары арыз-арманымызды айтайық деп, бірінің соңынан бірі кірді. «Ашық әкімдіктегідей» кезек-кезегімен ауылдың мәселесін айтуға жайғасты. Қойын дәптеріме түртіп отырдым.
– Біздің айтқан мәселені қиып тастамай жоғарыға жеткізсең, айтайық, – деп ауыз бөлмедегі үстелге жайғаса кеткен әйелдің әуелі аты-жөнін жазып алдым: Шағила Сапарғалиева есімді осы ауылдың тұрғыны. – Сеніп отырғанымыз, бір Құдай. Облыс әкімін қойып, округ әкімінің осы ауылға келгенін көрмедім. Дәрігер дегенді мүлдем білмейміз. Өзіміз терапевтпіз. Қан қысымымызды өлшеп, қамдап алған дәрімізді ішіп жүре береміз. Артық ештеңе сұрамаймыз. Ең біріншіден, жолымызды жөндесін, екіншіден, телефон байланысы керек, үшіншіден заставаның қоқыс төгетін алаңы ашық жерде жатыр. Қар ерісе болды, сиыр малы сол жақтан жемегенді жеп, уланады. Соны қоршасын. Жайылым мен шабындық жеткілікті болғанымен, мал бағу қып-қызыл әуре. Оны 400-500 шақырым шалғайдағы қалаға апарып сата да алмаймыз. Айналайын, Президентке мәселемізді жеткіз! – деп сөзін нығыздай сөйледі Шағила апай.
Бірге келген көрші-қолаң дұрыс-дұрыс деп қолпаштады. Қойын дәптерімді жаба бергенімде. – Менің де мәселемді жаз, – деп бұйыра сөйледі мұрты едірейген жігіт ағасы.
– Аты-жөнім – Александр Баталов. Қыстан аман-есен шықсам, Ұранхайға көшемін. Үй алып қойдым. Өйткені – деді сұқ саусағын шошайтып, – Немерем 1-сыныпта оқиды. Мұнда мектеп жоқ. Төсқайыңдағы интернатта тұрады. Жұма күндері алып кетіп, жексенбіде апарып тастаймын. Сенесің бе, білмеймін, жол жоқ күндері Төсқайыңға дейін атпен жеткіземін. Боранды күні 25 шақырым жол жүріп көр. Жеткенше төрт сағат, қайтқанша төрт сағат. Мені қойшы, балаға обал. Соны түсінесің бе? – деп кіжіне сөйледі Баталов.
Біз түсінгенімізбен, билік тізгінін ұстаған ақжағалылар түсіне қояр ма екен? Цифрлы Қазақстан деп ұрандап жүрген еліміздің түкпірінде бірінші сыныптың оқушысы сабаққа атпен қатынап жүр. Боранды күні сүрініп-жығылып жеткендегі мектеп жанындағы интернатын көрсеңіз, жағаңызды ұстайсыз. 1948 жылы салынған бұрынғы аурухананың ғимараты. Кірсең, еңсеңді басып, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарын елестетеді. Дәретханасы да далада. Бұл интернатта сол айтқан Балықтыбұлақ, Шанағаты, Бұғымүйіз ауылдарының балалары тұрып, білім алады. Интернатқа жарымай отырған ауылда интернет те жоқ. Интернат салынып, интернет тартылғанша құйқалы пұшпақта адам қалмай ма деген де қорқыныш бар. Биылғы қыстан кейін көбі қопақтап отыр. Төсқайыңдықтар округ әкімінің жұмысына да көңіл толмайтындықтарын ашық айтады.
Ағымнан жарылсам, ә деп жолға жиналғанымда, Марқакөл туралы мөлдіреген көркем дүние жазсам деп ойлағам. Сөйтіп, қуанып жолға шыққам. Қуанып шығып, құлазып қайттым. Халықтың бар үміті – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта. Жаңа ауданның еңсе тіктеп кетуі үшін жергілікті жердегі болмашы бағдарламалардан бәлендей пайда жоқ. Болса, қыруар қаржы шашып, тартамыз деген ауызсуы қайда? Істің басы бар, аяғы жоқ. Ат төбеліндей халықты қарапайым қара суға жарыта алмай отырып, басқасын айтпай-ақ қойдық. Төсқайыңның қар басқан тар көшесінде ұшыраса кеткен әнеу бір жігіттің айтқан сөзі ойыма орала берді: «Тау басында біздей батыр халық барын үкімет ұмытып кеткен!» деді де, өте шыққан. Қайта артына қайырылған жоқ...
Шығыс Қазақстан облысы,
Марқакөл ауданы,
Төсқайың – Шанағаты – Балықтыбұлақ