Сайрам ауданының тұрғыны 102-ге хабарласып, күйеу баласы қызын пышақпен қорқытып, кепілге алғанын айтты, деп жазады Egemen.kz.
Полиция жедел тексеру барысында қаскөйдің лудоман екенін анықтап, бұрынғы әйеліне күш көрсеткенін байқады.
Ол кепілге алған адамды өлтіремін деп «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» трассасымен Қызылорда облысына қарай жолға шыққан.
Кепілге алынған адамды босату мақсатында жедел штаб құрылды. «Арлан» арнайы жасағы күдіктіні «Асар» ықшамауданының маңында қолға түсірді.
«Оқиға кезінде жәбірленуші мойын тұсынан жеңіл дене жарақатын алғандықтан ауруханаға жеткізілді. Күдікті бұрын екі рет сотталған, лудоманиямен ауырады. Үш баласы бар. 2021 жылы ерлі-зайыпты ажырасып кеткен. Қазір қамауда отыр», делінген Түркістан облысының полиция департаменті таратқан хабарламада.